Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Темекі – мұсылманның теңі емес
13 наурыз, 2014 жыл 826 Басып шығару нұсқасы

Темекі – мұсылманның теңі емес«Раббымыз, біз өзімізге-өзіміз зұлымдық қылдық. Егер Сен бізді кешіріп, рахым етпесең, әлбетте зиян шегушілерден боламыз» («Ағраф» сүресі, 23-аят). «Өздеріңді-өздерің өлтірмеңдер!» («Ниса» сүресі, 29-аят).
Қазіргі дамыған медицина темекі шегудің адамды «баяу өлімге» алып баратын бірден-бір зиянды зат екенін айтып, әрбір тал темекі адам өмірін 12 минутқа қысқартатындығын анықтаған.
Жыл сайын дүние жүзінде темекі шегудің салдарынан 4 млн. адам қайтыс болады екен. Мұны жыл бойына әр күн сайын 25 авиалайнер апатқа ұшырап, сол себепті түгел ажал құшқан пассажирлердің санымен салыстыруға болады. Бүгінде жер шарында 1,2 млрд. адам темекі шегетін көрінеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, 1997 жылы темекіден 3 млн. адам қайтыс болған болса, бұл көрсеткіш жыл сайын 33 пайызға өсіп отырған. Бұл – бұл ма? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебіне жүгінетін болсақ, егер жағдай өзгермесе, онда таяу жылдарда жарты миллиард тірі адамның түбіне темекі жетуі мүмкін көрінеді. Бұл қолайсыз мәлімдеме үрейлендіріп, үркіту үшін емес, нақты факт негізінде жасалып отыр. Ал, Қазақстанға келер болсақ, қазіргі уақытта 5 миллионға жуық адам темекі шегеді екен. Оның басым бөлігі орта жастағы адамдар болса керек.
Адамдар бір Аллаға ғана құлшылық жасауға бұйырылған және Оның тыйым салған нәрселерінен сақтануға тиіс еді, бірақ, оған қарамастан, осы күнәлі істі жалғастырушыларды жоғарыдағы мәліметтің селт еткізбейтіні түсініксіз болып отыр.
Темекі тартатын адам күніге орта есеппен 200 рет, айына 6 мың рет, жылына 72 мың рет ішке түтін тартса, ал 45 жастағы адам өмір бойына 2 млн. рет темекі тартады деседі. Қызығы сол, темекі шегуді о баста «ойнап» бастаған 100 адамның 80-і біртіндеп тұрақты шылымқорға айналады.
Темекі шегудің зиян келтіретінін білсе де, шылымқорлар көбеймесе азаймай отыр. Темекі шегуші адамдар тек өзін ғана улап қоймай, қасындағы басқа адамдарды да улайтыны белгілі. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) қасиетті сөздерінде айтылғандай, адам өз денсаулығын қорғауға, оны бұзып, уландыратын әр нәрседен аулақ болуға міндетті еді.
Қазір тәжірибеде денсаулық сақтау қызметінің ескертуі, дәрігерлер кеңесі, шылымқорларға шұғыл шартты рефлекс жасау, оларға жағымсыз жайттар туғызу, гипноз (сиқыр), миға код жіберу және қолдаушы топ арқылы темекі қойғызуға арналған бағдарламалар жүдә көп. Бірақ, бұлардың нәтижелері түбегейлі болмай тұр. Осындай тәсілдермен емделген адамдардың бестен бірі ғана темекіні тәсігөй қойып кетуі ықтимал. Ал, олардың көпшілігі бұрынғы зиянды әрекеттерін жаңғыртып, қайтадан жалғастырады. Жүз пайыз нәтижеге қол жеткізетін тәсіл – «иман терапиясы». Яғни, шылымқорлардың Алладан қорқуы арқылы темекіні қоюына қол жеткізу ісі ғана сенімді жол деуге болады. Өйткені, иманның темекіден де жаман әдет және асқынған ауру түрі – араққұмарлықтан адамдарды айықтырғаны бізге Ислам тарихынан мәлім. Бұл оқиға Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) көзі тірі кезінде болған еді. Оған (с.ғ.с.) Алла Тағаланың арақ ішуді харам еткені туралы (Мәидә: 91) аят түскен кезде, адамдар ойланбастан арақ ішу індетін сап тиған екен. Нәтижесінде, көшеде сарқырап аққан арақтан арық пайда болыпты. Арақ иісі апта бойы кетпей тұрып алса керек. Содан бері мұсылмандар арақты әлі ауызына алып көрген жоқ. Дүние жүзінде алпауыт мемлекеттердің ешқайсысы қанша тырысқанмен, мұндай нәтижеге қол жеткізе алған жоқ. Оның ішінде АҚШ та бар.
Алла Тағала айтады: «Жын мен адамзатты Өзіме құлшылық қылулары үшін жараттым» (Зәрият: 56). Сондай-ақ, Алла Тағала айтады: «(Мұхаммед ғ.с.) «Күдіксіз Раббым жария, жасырын арсыздықты, (өзіне жасаған) орынсыз озбырлықты… харам қылды» де» (Ағраф: 33).
Өкінішке орай, бүгінгі күні көптеген мұсылмандар Ислам дінінің шылым шегуге тыйым салғанын түсінбейді немесе түсінуге тырыспайды. Олар темекі шегу харам етілгені жөнінде Құран мен Сүннетте ешқандай дәлел келтірілмегенін алға тартады. Рас, ондай тікелей тыйым жоқ. Бірақ, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне сүйене отырып, темекінің тыйым салынған зиянды әдет түрі екенін түсіне аламыз. Шариғат көзінің бірі – қиясқа (салыстырмалы үкім) амал жасап, ысырапшылдық пен денсаулыққа зияндылығын тілге тиек етсек, оның тыйым салынуға тиіс екені өзінен-өзі түсінікті болады. Ысырап жөнін айтар болсақ, бір қорап темекінің орташа бағасы 200 теңге тұрады делік. Оны 365 күнге көбейте қойыңыз. Біз бір ескеретін нәрсе – бір бөлке нанның құны бұл күнде орташа есеппен 40 теңге тұрады. Бұл – бір адамды аштықтан аман алып қалатын тағам мөлшері.
Ал, енді темекінің адамдардың денсаулығына зардабы қандай? Темекінің әр талы адам өмірін 12 минутқа қысқартатыны дәлелденген шындық көрінеді. Сондай-ақ, оның басты зияндылықтарын айтар болсақ, төмендегідей тізім пайда болады:
1. Ерін тіл және өңеш рагына жол ашады.
2. Ас қорытуды қиындатады, тәбетті қайтарады.
3. Асқазанда жара пайда болуына көп әсері бар.
4. Өкпе мен көмекей рагына ұшыратады.
5. Қол-аяқ тамырлары бірте-бірте бітеледі. (Гангренаға айналып, қол, аяқ кесілуге дейін барады).
6. Миды қамтитын тамырларда да қатаю пайда болып, клеткалары өледі және ол орнына қайтып келмейді.
7. Жүрек ауруларына (инфарк) шалдығады.
8. Тез қартаяды, теріде әжім пайда бола бастайды.
9. Бел әлсіздігінің ең басты себебіне айналады.
10. Темекі өрттің шығуына да ықпал етеді. Соның кесірінен үй, орман өртеніп, адам өліміне де душар етуі мүмкін.
11. Темекі екіқабат әйелдерге зиян береді. Сырқат сәбидің дүниеге келуіне негіз болады. Тіпті, баланың өлі тууына да себеп болуы ықтимал. Түсік тастауға да алып келуі ғажап емес. т.б.
12. Бала емізетін әйелдерде никотин емшек сүтіне араласып, осы арқылы сәби уланып, туберкулез, өкпе, мазасыздану т.б. сырқаттарға ұшырайды.
17 мың балаға зерттеу жүргізгенде, шешелері темекіқұмар болған балаларға темекінің зиянды әсері байқалған. Нәтижесі шынында да жан түршігерлік. Жүктіліктің төртінші айынан бастап, үнемі күніне он тал темекі тартқан аналарда босану мезгілінде өлім мөлшері 30 пайызға артқан. Әрі темекіқұмар шешеден туған сәбидің салмағы қалыпты жағдайдан төмен болған. Мұндай аналардың түсік тастау және өлі бала туу мүмкіндігінің өте жоғары екені байқалған. Шешенің темекіқұмарлықтан ауру, кем балалар туылу мүмкіндігі да артқан. Әдетте екіқабат әйелдердегі қалыпты жағдайда 15-20 пайыз тік түсік кездеседі. Ал темекі тартқан әйелдерде түсік тастау мөлшері 28 пайыз болып отыр. Темекі тартқан 100 мың екіқабат әйел мен темекі тартпаған 100 мың екіқабат әйелге салыстырып зерттеу жүргізгенде, темекі тартқандар 4000 мөлшерден артық түсік тастағаны байқалған.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ: темекі – мұсылманның теңі емес.


Осакаров ауданы Тоқа Байғозықажы мешітінің имамы Қанат Анасұлы


Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары