Исламда «Жәннат – аналардың басқан ізінің астында» (Әнәс) деп әйел-ананың тұлғасы ерекше ұлықталған. «Пайғамбарымызға (ﷺ) келген бір адам: «Алланың елшісі, кімге жақсылық жасайын?», – деп сұрайды. Бұған Пайғамбарымыз (ﷺ) оған: «Анаңа», – деп жауап береді. Әлгі адам екінші рет: «Одан кейін кімге жасайын?», - дегенде, - «Анаңа» деген жауап алады. Әлгі адам тағы: «Одан кейін кімге жақсылық жасайын?»,– дегенде Пайғамбарымыз (ﷺ) оған үшінші ретте де «Анаңа», – деп жауап береді. Тек төртінші рет сұрағын «Одан кейін кімге?», – деп қайталағанда, Пайғамбарымыз (ﷺ) оған: «Әкеңе», – дейді. Бұл хадис Исламда ананың (әйелдің) деңгейі әкеден (ер адамнан) үш есеге жоғары екенін көркем жеткізген. Ислам діні әйел баласын ана ретінде аса қадір тұтқан. «Аллаһым, олар мені бала кезімде қалай мәпелеп өсірсе, Сен де оларға сондай рақымдылық ете гөр!» - деп айт» (Исра сүресі, 23-24). Осы аяттың тәпсірін жасаған Сәйид Кутуб әке-шешеге құрмет жайлы Хафыз Әбу Бәкір Бәззардың мына риуаятын мысал ретінде келтіреді: «Бір адам хажылық кезінде анасын арқалап алып Қағбаны тауап етеді. Бір кезде Алла елшісінен (ﷺ) «Оның ақысын өтей алдым ба?» деп сұрайды. Сонда, Алла елшісі (ﷺ): «Жүкті болған кезінде алған бір тынысының ақысын әлі өтей алмадың», - деп жауап берген екен. Әйел адамға жүктілік кезінде берілетін сауабы тек Аллаға аян. «Әйел жүкті болған кезде оған күнін оразамен, түнін құлшылықпен өткізгеннің сауабы жазылады. Толғағы басталған кезде, ешбір жаратылыс Алланың оған қандай сый беретінін білмейді. Ол сәбиін дүниеге әкеліп емізе бастағанда, сәбидің әрбір жұтымы үшін, әрбір емізгені үшін оған өліні тірілткендей сауап жазылады» (Абдуррахман ибн Ауф). Келесі бір хадисте «Әйел жүктілік уақытында, сәбиді туып асыраған уақытында Алла жолында жүрген жауынгер сияқты. Егер бұл уақытта қайтыс болса, оған шәһидтің сыйы беріледі» (ат-Табарани).
Құранда әйелді қадірлеу туралы: «Сендер үшін Алла өз нәсілдеріңнен әйел затын жаратты. Әйелден бала, баладан немере көрдіңдер. Сендерге ризық етіп алуан түрлі шырынды жеміс өсірді. Сонда да болса олардың өтірікке бой ұрып, Аллаһ берген игілікке күпірлік ететіндері қалай?» (Нахл сүресі).
Түсінген адамға жоғарыда айтылған аят, хадистерде үлкен ғибрат бар!
Пікірлер