Тілдік нұсқа
Радио

мақала

1 наурыз – Алғыс айту күні!
01 наурыз, 2019 жыл 3462 Басып шығару нұсқасы

Бұл күннің құндылығынан бұрын мына оқиғаны айтып өтсек:

Сахабалар заманында құлшылыққа жан-тəнімен берілген, садақаны көп беретін ізеттілігімен елге танылған, Алқамə есімді жас жігіт өмір сүрді. Бір күні аяқ астынан ауырған Алқамə төсек тартып жатып қалады. Сырқаты əбден меңдеп, бетінің бері қарамасын сезіп куəлік сөзін (кəлимə шəһəдəт) айтайын десе, тілі күрмеле береді. Оның қатты қиналғанын көріп жаны ашыған сахабалар Пайғамбарымызға (с.а.у.) барып дереу мəн-жайды баяндап береді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бірден əлгі жігіттің шешесін шақыртты.

– Алқамə қандай еді? – деп сұрады.

– Балам көп намаз оқитын, көп ораза ұстайтын, садақаны көп беретін – деп жауап берді кейуана.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл жолы сұрақты төтесінен қойды:

− Сізбен қарым-қатынасы қалай еді?

– Іштен шыққан баламды не деп жамандайын. Бірақ қанша кешірейін десем де, көңілімді көп қалдыратын. Əрдайым əйелін жақтап, маған қарсы шығатын, – деген кезде Пайғамбарымыз (с.а.у.):

– Анасының реніші баласының тілін күрмеп тұр екен. Қане, отын жинаңдар, Алқамəні тірідей отқа жағамыз, – деп маңайындағыларға бұйырды.

Ана байғұс бірден жанұшырды:

− Ойбай-ау, қажеті жоқ. Баламды өртей көрмеңіз, – деп жалынады. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.):

– Алла тағаланың о дүниедегі азабы балаңыздың қазіргі азабынан да қатты болмақ. Егер Алла ұлыңыздан разы болсын десеңіз, сіз де аналық ақ сүтіңізді кешіп, ұлыңызға деген бар реніш-өкпеңізді тарқатыңыз. Онымен ризалықпен қоштасыңыз, – дейді.

Ана байғұс разылығын айтып, күбірлеп кешіргенде баласының да кəлимаға тілі келіп, өмірден озған екен. «Алла тағаланың разылығы ата-ананың разылығында, Аллаһ тағаланың ашуы ата-ананың ашуында» деген хадисті əрдайым қаперде ұстап, жұмақ кілтінің ана аяғының астында екенін ұмытпайық. Ата-анаға алғыс айтып, разылығын алайық, бауырлар!

Алғыс айту күні – ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған күн! Бұл күн – Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының толыққанды қалыптасқандығын көрсететін салтанаты мерекесі. Бұл – түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда елімізне уақытында қоныс аударып келген халықтың ауыртпалығын қайыспай бірге көтере білді. Бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды. Біз, бүгін, ашаршылық пен қуғын-сүргін жылдары жазықсыз жапа шеккен қазақ халқының ұлдары мен қыздарына пана болған елдерге шексіз ризашылығымызды білдіреміз!

 

Бұл мереке достық пен бірлігіміздің, мәдени сан алуандығымыздың жарқын дәлелі. Елімізде осымен үшінші жыл қатарынан аталып өтіп жатқан мереке көпұлтты халқымыздың ынтымағын арттырады. Баршамызға ортақ ел мен жерді сүйіп, құрметтеуге серпін бермек. Олай болса, көктемнің алғашқы күнімен қатар келген мерейлі мереке құтты болсын!

Бүгін біз, миллиондаған адамдардың  өз ұлттық ерекшеліктерін сақтап, бақытын тапқан Отанына айналған киелі қазақ жеріне,  қайырымдылығы мен кеңпейілдігі, даналығы мен қонақжайлығы үшін қазақ халқына алғыс айтамыз.

Айта кетсек, Қазақстан халқы 2016 жылы тұңғыш рет Алғыс айту күнін атап өтті. 2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде Алғыс айту күні деп жариялап, № 173 Жарлыққа қол қойған болатын.

 

  Нуров Махмуд қажы Нурұлы

«Бала қажы» мешітінің бас имамы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары