Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Неке және отбасы
03 қазан, 2018 жыл 2306 Басып шығару нұсқасы

Қай халықтың болса да, соның ішінде біздің халқымыздың да сенім-нанымына, тіршілігіне байланысты қалыптасқан, ұрпақтан ұрпаққа ауысып отыратын қоғамдық құбылыстар бар. Соның бірі – отбасын құру. Үйлену жаңа отау құру үміт пен тілекті келешекпен жалғастыратын мәнді нәрсе. Сонымен қатар «Үйлену оңай, үй болу қиын» дегендей, отбасылық өмірдің өзіндік жауапкершілігі мен ауыртпалығы да бар. Асыл дініміз Ислам үй болуды табиғи қажеттілік деп түсіндіріп, отбасында береке орнап, босағасы берік болудың қағидаларын бекітіп берген. Бүгінде көптеген отбасылар жанұялық сынақтарды көтере алмай, келеңсіздіктерге бой алдырып жүргендер бар. Бізді жаратқан Алла бізге қажеттінің бәрін шариғатымызда көрсетіп берген. Отбасындағы түйткілді мәселелер көбіне ер мен әйелдің өзара міндеттеріне салғырт қарауынан туындайды. Ең бастысы ақ некелі отбасында әділдік пен адалдық салтанат құруы тиіс. Жанұяда ер мен әйел өз махаббаттарына адал бола отырып, қиянатқа бармай, өмірдегі кездескен қиыншылықтарды ақыл парасатпен, төзімділікпен жеңе біліп, өз міндеттерін адалдықпен атқаруы керек. Құран Кәрімде: «Сендерге оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарынан жұбайлар жаратып, араларың сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы да Оның белгілерінен» (Рум сүресі 21) Алла елшісі: «Әйелдің сіздерге қатысты міндеттері бар. Сондай-ақ сіздердің де әйелдерге қатысты міндеттеріңіз бар» дей отырып, өзара міндеттерімізге адалдық танытуды меңзейді. Сондықтан ерлі-зайыптылар өзара қарым қатынаста әдептен аттамай, бір-біріне қамқорлықпен қарап, ұсақ-түйек кемшіліктеріне кешіріммен қарау арқылы бақытты отбасын қалыптастырады. Әсіресе ер азамат отбасының берік діңгегі болуға лайықты. Хадисте: «Ер адам жанұяның тәрбиешісі.. Сол үшін сұралады» дейді. Шаңырақ басшысы болғандықтан үй ішін қажетті нәрселермен қамтамасыз етумен қатар, аманат иесі екендігін ұмытпағаны жөн. Әйел – ер адамның жақыны, өмірлік серігі. Әр мәселеде әйелге ілтипатты, сүйеніш, сенімді жар бола білу арқылы отбасы тұрақтылығы сақталады. Әйелдерімізге қатысты бізге не міндеттеледі деп Алла елшісінен сұралғанда: «Өзің тамақтанғаныңдай тамақтандыру, киіндіру. Оны бетінен ұрма және жаман сөзбен балағаттама. Үйіңнен тыс жерде даусыңды көтеріп ұрыспа» деп жауап берген. Өзінің өміршеңдігін жоғалтпайтын осындай ұстанымдар әрбір отбасының тірегі болса, жанұя шаттығы да жарасымын табады. Жанұяның бүтіндігі мен татулығы қоғам мен мемлекеттің тұтастығын сақтайды. Кешегі уақытта діні мен дәстүріне берік қазақ қоғамында көтерілген шаңырақтың іргесі шайқалмаған. Сол темірқазығымызға қайта оралып, отбасының құндылықтарын ұрпақ санасына жаңғыртуға баршамыз мүдделіміз. Отбасы – болашақ ұрпақтың бойында рухани құүндылықтарды қалыптастыратын мектеп. Ерлі-зайыптылардың арасындағы ұрыс-керіс сол ортада өсіп келе жатқан ұл мен қыздың тәрбиесіне кері әсер ететіні белгілі. Өз жанұясынан жылу таппауы олардың қоғамға деген көзқарасына әсерін тигізіп, санаға салқынын тигізеді.

Ал отбасы мүшелерінің бір-біріне деген ілтипаты, өзара түсіністігі, татулығы –олардың өмірге деген көзқарастарын да өзгертеді. Отбасы шағын мемлекет екендігін ескерген дана халқымыз «Отан – отбасынан басталады» деп отбасының маңыздылығын мықтап ұстанған. Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы болып есептеледі. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Отбасы тәрбиесі баланың азамат болып өсуінің негізі болып табылатындықтан – бұл жалпы тәрбиенің ең басты бөлігі.

Ендеше, осы асыл құндылықтарымызды бағалай біліп, саналы да парасатты қоғам қалыптастырудың бірден-бір тетігі ақ некемен құрылған отбасымызды сақтай отырып, ұлағатты ұрпақ өсіп-өнетін шаңырақтың иесі болуды баршамызға Алла нәсіп етсін!   

 

Қарағанды қалалық «Әл-Машани»

Мешітінің бас имамы:            Жұмабеков Қабылбек Әліпбайұлы                 

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары