Тілдік нұсқа
Радио

мақала

«Жарымның жүрегін жаулаймын!» (Әйелдерге арналған кеңестер)
16 шілде, 2018 жыл 331 Басып шығару нұсқасы

1-кеңес. Күйеуіңе құрметті ықыласпен көрсет!

Күйеуіңіз – Алла екеуіңіздің арасындағы «көпір» іспетті. Оның алдындағы ықыласты амалдарыңыз – құлшылық. Тіпті, күйеуіңізге су әкеліп берудің өзі ізгі амалға баланады. Құлшылық үшін сауап бар. Оның артында Жәннат тұр.
Әйел күйеуі жұмыстан келгенде тамағын дайындап күтіп отырса – жақсы, бірақ, «Алла разылығы үшін» деп дайындаса – құлшылыққа айналады. 
Амалын Алла үшін жасаған әйелде ұтылыс жоқ. Күйеуінің көңілінен шықса, сезімдерінің артуына себеп болады, жүрегін жаулай алмаса, Алланы разы етеді. Сондықтан, әрбір істің алдында ниетті тазарту, пысықтау маңызды рөл атқармақ. 
Хадисте «Күйеуі разы болған күйде қайтыс болған әйел – Жәннаттық» делінген.
«Әйелге ері жақын анасынан»
Қарындас, сенемісің, сен осыған?
Алладан соң жарының разылығын
Шығармау керек әйел санасынан,
Екеуі қол ұстасса: күнәлары,
Төгілер саусағының арасынан (Балғынбек Имаш).

2-кеңес. Қанша дүние тауып келсе де шүкір ет!

Әйелдің шүкірсіздігі- берекесіздіктің, кедейліктің кілті.

Хадиске назар салыңыз: «...Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) әйелі Ажар қайтыс болғаннан кейін үйленген балас Исмаилмен жолығуға келеді. Бірақ Исмаилды таппады. Әйелінен сұраса: «Бізге(нәпақа) іздеп шығып кеткен (аң аулауға)»,—дейді. Сосын (Ибраһим) одан күнкөрістері мен жағдайлары жайлы сұрайды.(Келіні) оған: «Біздің (жағдайымыз) нашар, таршылықта, қиындықта (өмір сүріп жатырмыз)»,—деп шағымданады.(Ибраһим оған): «Егер күйеуің келсе, оған сәлем жолдап, оған айт: есігінің табалдырығын өзгертсін»,—дейді.
(Үйіне келген) Исмаил бірдеңені сезгендей: «Сендерге біреу келді ме?»—деп (сұрайды). (Әйелі): «Иә, бір мынадай-мынадай (сипаттағы) қария келді. Сені сұрады, оған (қайда кеткеніңді) айттым және күнкөрісімізді сұрады. Мен ауыртпалықта, қиындықта екенімізді айттым»,—дейді. «Саған бір нәрсені тапсырды ма?»—дейді (Исмаил). (Әйелі): «Иә, саған сәлем жолдауымды тапсырды және (саған): «Есігіңнің табалдырығын өзгертсін»,—деді»,—дейді. (Сонда Исмаил әйеліне): «Ол менің әкем. Маған сенімен ажырасуды бұйырыпты. Сен төркініңе қайт»,—дейді. Сөйтіп ол онымен ажырасып, олардың басқа бір (әйеліне) үйленеді. Ибраһим олардан Алла қалағанша (жырақта) болып, сосын қайта келеді. (Тағы да Исмаилды үйінен) таппай, әйеліне кіріп ол жайлы сұрайды. (Келіні): «Бізге (нәпақа) іздеп шығып кеткен»,—дейді. (Ибраһим): «Сендер қалайсыңдар?»—деп, одан күнкөрістері мен жағдайлары жайлы сұрайды. (Келіні): «Біздің (жағдайымыз) жақсы, молшылықтамыз»,—деп, Алланы мадақтайды. «Тағамдарың не?»—деп (сұрайды Ибраһим). (Келіні): «Ет»,—дейді. «Сусындарың не?»—деп (сұрайды). «Су»,—дейді (келіні). (Ибраһим): «Уа, Алла! Оларға ет пен суда береке бер»,—деп (дұға қылады)».
«(Сосын Ибраһим келініне): «Егер күйеуің келсе, оған сәлем жолда және есігінің табалдырығын бекітуді тапсыр»,—дейді. Исмаил келген соң: «Сендерге біреу келді ме?»—деп (сұрайды). (Әйелі Ибраһимды) мақтап: «Иә, бір келбетті қария келді. Сені сұрады, (қайда кеткеніңді) айттым және күнкөрісіміз жайлы сұрады. «Біздің(жағдайымыз) жақсы» деп айттым»,—дейді. «Саған бір нәрсе тапсырды ма?»—дейді (Исмаил). (Әйелі): «Иә, ол саған сәлем жолдады және есігіңнің табалдырығын бекітуіңді бұйырды»,—дейді. (Исмаил оған): «Ол менің әкем. «Табалдырық» (дегені) сенсің, ол маған сені өзімде ұстауымды бұйырыпты»,—дейді....
Яғни, әр ісін тек Алланың әмірімен уахи арқылы жасайтын Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) алғашқы келінінің қанағатсыз, шүкірсіз екенін байқап олардың отбасының баянды бола алмайтынын аңғарып, баласына ажырасуды бұйырды. Сондықтан шүкірлігі жоқ отбасы салихалы, бақуатты жанұяға айнала алмайды. Тіпті, ғалымдар әйел адамның шүкірсіздігі – берексіздіктің негізгі бастауы, кілті деген екен. Расында, әлемдердің Раббысы: «Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін. Ал, егер қарсы келсеңдер, азабым тым қатты»деп уәде бермей ме? («Ибраһим» сүресі, 7-аят).

 

3-кеңес. Тамақ ішетін уақытына сақ бол!

Жарыңызға түрлі дәмді тағамдар әзірлеп беріңіз, сүйікті асын жасауды үйреніңіз. Күн сайынғы асты оның қалауын сұрау арқылы жасайтын болыңыз. Әрдайым халал азық-түлікті қолданыңыз. 

Мына ғибратты оқиғаға көңіл бөліңізші!

Ертеде бір әйел күйеуін қатты жақсы көретін болыпты. Бірде ол күйеуін қызғанғаннан ауылының ғұламасына барып "маған күйеуім тек мені жақсы көру үшін дәрі жасап беріңіз" деп өтініш жасайды. Ол мүмкін емес екенін білсе де ғұлама оған: "дәрі жасап берейін тек оған тірі еркек арыстанның мойын жүнін кесіп алып кел" депті. Содан әйел де саспай әлгі арыстанның мойын жүнін әкелуге бел буып, аңшыларға барады. Келген мезетте оларға "арыстанға қалай жақындауға болады" деп айтып салады. Мырс ете қалған аңшылар әйелдің қайтпайтынын көріп: "оның бір ғана жолы бар, оған ет беру керек" депті. Әлгі әйел күніге орманға ет тасып, кейін алыстан бір еркек арыстанның жеп жүргенін байқап жүреді. Уақыт өте әйел етті арыстанның көзіне көрініп, кейін жақындап бере бастайды. Арада бір ай өткенде арыстанға етті қолымен береді. Былқ етпеген арыстанның мойнындағы жүнін қайшымен кесіп алып зуылдап отырып ғұламаға барады. Сонда ғұлама: "ондай дәрі жасау мүмкін емес, бірақ арыстанның тілін тапқанда күйеуіңнің тілін таба алмайсың ба? Арыстанға не істесең күйеуіңе де солай ет, ол аң емес тістеп алмайды. Сүйген тамағын бер, қабағын бағып, көзіне қуаныш сыйла, сонда сенен басқа ешкімді жақсы көрмейтін болады" деген екен.

 

4-кеңес. Жарың үшін хош иістен!

Хош иісті сулар – Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл дүниеде сүйген үш нәрсесінің қатарына кіреді. Ал әйел тек қана ерінің разылығын табу, оны қуанту мақсатында үйінде хош иістенер болса, құлшылық ретінде жазылады.
Ілгері буынның ізгі ғалымдары: «Егер, қайсыбір әйел күйеуі үшін күнде әтірленетін болса, ерінің көзінше әсем киініп, үнемі оның сүйікті тамағын дайындап, ол жоқ кезде дүние мүлкіне сақ болатын болса, ол әйел күйеуін сиқырлап алады» деген. 
Тіпті, хош иістену – сиқырлаудың рұқсат етілген жалғыз түрі деп те айтылады.
Ендеше, сен де ақ некелі жарыңа ұнайтын хош иісті өзіңнің көмекшің ет!

5-кеңес. Көзінің қуанышы бол!

Күйеуінің көзінің қуанышы әрі нұры бола білген әйел нендей көркем! 
Пайғамбардан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қандай әйел ең жақсы болып табылады?» деп сұралғанда: «Күйеуі оған қарағанда, ол оны қуантатын; ол оған әлдебір нәрсе бұйырса, оған мойынсұнатын; және оның өзінен немесе оның мүлкін жаратуында күйеуіне бір нәрсе ұнамаса, оған қарсы келмейтін әйел» деп жауап берген (Ахмад, Нәсаи).
Тағы бір хадисте ер азаматты бақытты ететін үш нәрсенің бірі – оған қарағаныңда қуанышқа бөлейтін әйел делінген. 
Ендеше, сен де күйеуіңнің көзінше үнемі әсем киін! Шашың тараулы, бет әлпетің ажарлы болсын! Алғашқы мұсылмандар үйіне жақындап қалғанда тамағын қырнап, белгі беретін болған екен. Мұның сыры – үйдегі әйелге күйеуінің көзіне нашар қалыпта көрініп қалмас үшін өзін ретке келтіруіне мүмкіндік жасау.
Алла Тағала Құранда еркектерге: «Раббымыз! Жұбайларымызды және ұрпақтарымызды көзіміздің қуанышы ет әрі бізді тақуалардың (Өзіңе бойсұнып, жазадан қорқып, сақтанғандардың) алды ете гөр!» деп дұға жасауды үйретті («Фұрқан» сүресі, 74-аят).

6-кеңес. Қайғырса қуанып, қуанса қайғырып қарсы алма!

Күйеуің үйге қайғырып келсе, қамығып қарсы алма немесе көтеріңкі көңіл-күй танытпа! Ал қуанып келсе, көңілсіз болсаң да қарайлап сөйлес! 
Ісіңді тастай салып есіктен күтіп алу, құшақтау, дұға жасап, сәлемдесу оған жағымды әсер қалдырады. Оған бірден қиындықтарыңды айтушы болма! Жалпы қандай жағдайда да тағдырға наз айтудан аулақ болған жөн. Сен – оның жары ғана емес, сырлас досы боласың! Ал, достар бір-бірінің басына күн туғанда жанынан табылады, көмегін аямайды.

Әсма бинт Харижаның тұрмысқа шыққалы отырған қызына айтқан мына өсиетіне назар салшы!

«Сен туып-өскен ұяңды қалдырып, өзің білмейтін шаңырақта, өзің үйреніспеген жарыңның жанында қалдың. Ендеше, оған жер бол, ол саған көк болады, сен оған төсеніш бол, ол саған таяныш болады, сен оған қызметшісіндей бол, ол да саған кіріптар болады. Наразылығыңды жиі білдірме, ол сені жек көріп кетеді және одан алыстап та кетпе, ол сені ұмыта бастайды, бірақ, ол саған жақындаса, сен де оған жақында, егер алыстар болса, сен де алыстай бер. Оның иіскеу, есту, көру қабілетін аяла – ол сенен тек жағымды иісті сезсін, тек жақсы сөздерді естісін, әрдайым әдемі қалпында көрсін». («Табаиғун ниса», Ахмад ибн Абду Раббиһ әл-Андалуси).

7-кеңес. Ұйықтайтын уақытына сақ бол!

Үнемі күйеуіңнің ұйықтайтын уақытына сақ бол! Алаңсыз демалуы үшін қолыңнан келгенді жаса! Өйткені, ұйқының қанбауы – ашу туғызады, күннің берекесін қашырады. Ал ашудың соңы – бүлікке соқтырады.
Құдіреті шексіз Алла Тағала Құранда: «Әрі сендердің тыныштық, тыным тауып орнығуларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратуы және араларыңда сүйіспеншілік пен мейірім-жанашырлық пайда етуі де – Оның белгілерінен. Ақиқатында мұнда ойланып, ақылға салатын адамдар үшін дәлел-ғибраттар бар», -дейді («Рум» сүресі, 21-ші аят). Яғни, әйел – тек бір Аллаға құлшылық ету және ерінің тыныштық табуы үшін жаралды.
Ендеше, жарыңның тыныштығы мен тынымын күзетуден аянба!

8-кеңес. Кемшілігін басқа ортада жасыр!

Сенің де, оның да бойында кемшілік бар, келісесің бе? Алайда, кемшілік жария етілмейді, онымен екі жақтап күресіледі. Сен – оның ар-намысы, абыройысың! Өзге ортада оның абыройын өз әйелі аяқ асты ететін болса, басқадан не күтуге болады?
Алла Тағала Құранда: «Олар – сендер үшін киім, сендер де – олар үшін киімсіңдер» деген («Бақара» сүресі, 187-аят).
Алла Тағала ер мен әйелдің қарым-қатынасын,бір-біріне әсерін, байланысын түсіндіру үшін «киім» деген әдемі, әдепті, сөзді таңдап алған. Әрі бұл өте ұтымды мысал. Адамның киімге, киімнің адамға қарым-қатынасы қандай болатын болса, әйелдің еріне, ердің әйеліне деген қарым-қатынасы тура сол секілді болуы керек. 
Киімнің қызметі не? Киім – адамды безендіреді, сұлуландырады, ерекшелендіреді. Киім - ыстықта пана, суықта қорған. Киім адамның айыбын, ұятты жерін жасырады, перделейді. Әйел мен еркек – бір-біріне перде, кемшіліктерін жасырушы, сыртқы дұшпаннан көлегейлеуші. Күйеуі әйелінің не, әйелі күйеуінің кемшіліктерін басқа ортада паш етіп, әжуалайтын болса, үстіне пана болмайтын жыртық киім киген секілді. Ешкім тозы шыққан, сүйкімсіз киімді кигісі келмейтіні анық. Өзге адамдар да олардың сөзіне ризашылық танытып, қолдамай, жыртық, ұсқынсыз киім көргендей кейіп танытқаны абзал. Себебі, ол – Алла ұнатпайтын амал жасауда...

9-кеңес. Оның хақысын өзіңнің хақыңнан жоғары қой!

«Еркектер әйелдерді билеуші. Өйткені, Алла бірінен бірін артық қылды...» («Ниса» сүресі, 34-аят). Алла тағайындаған басшының хақысы қашанда жоғары.
Және ғұламалар әйел ерінің хақысын өзінің хақысынан жоғары қоймаса бақытты бола алмайды деген. Әйел бір нәрсеге мұқтаж болса, күйеуі де бір нәрсеге мұқтаж болса, әйел бірінші күйеуінің мұқтаждығын өтеуі қажет екен.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Егер әйел күйеуінің алдындағы міндеттерінің қаншалықты екендігін білсе, күйеуі түскі асын не кешкі асын ішіп болмайынша отырмайтын еді» делінген (Табарани).
Ғалымдар әйел үшін Алла мен Оның Елшісінің бұйрығына бағынғаннан кейін күйеуінің алдындағы хақыларын орындағаннан маңызды нәрсе жоқ деген.
Бірде Айша анамыз (оған Алла разы болсын) әйелдерге қарап тұрып: «О, әйелдер, сендер өз құқықтарыңды білсеңдер, өздерің шаңға батып жатып, әуелі күйеулеріңнің бетіндегі шаңды сүртер едіңдер» деген екен (Әбу Шейх жеткізген).

10-кеңес. Оның аманатына берік бол!

« Ізгі әйелдер – бойсұнушы әрі Алланың қорғауымен (күйеуі) жоқ кезде аманатын сақтаушы» («Ниса» сүресі, 34-аят).

Еркекке әйел аманат болса, әйелге күйеуінің ар-намысы, дүние-мүлкі аманат. Хадисте оған қарағаныңда сені қуанышқа бөлейтін және оған өзіңнің жоқтығыңда оның өзі мен мал-мүлікті сеніп тапсыра алатын әйел мақталады және еркектің бақытты болуына себепкер болатын үш нәрсенің қатарына қосылады.
Басқа хадисте: «Сендердің әрқайсыларың бақташысыңдар және сендердің әрқайсыларың баққандарыңа жауап бересіңдер: әмірші өзінің қол астындағыларға бақташы саналады, еркек өзінің жанұясының бақташысы, әйел де күйеуінің үйінде бақташы, әрі өзінің бақташылығына және оның балаларына жауапты. Сонымен, әрқайсың бақташысыңдар және әрқайсың баққандарыңа жауапкершілік көтересіңдер» (Бұхари) делінген.
Ендеше, ерің саған бір нәрсені аманат етіп тапсырса, қиянат жасамауға барыңды сал! Адам аманатты сенетін адамына тапсырады. Егер аманатты тиісінше сақтайтын болсаң, жарыңды разы етесің әрі Алланың бұйрығын орындағаның үшін сауапқа кенелесің!

Адам аса ұлы Аллаға бойсұнып, Оған жүгінгенде Раббысы оған діни және дүниелік барлық істерде көмек көрсететіндігін ұмытпа!

11-кеңес. Одан "маған разысың ба?" деп сұра!

Бірде Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір әйелден «Сенің күйеуің бар ма?» деп сұрады. Ол: «Иә» деп жауап берді. Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ол саған разы ма?» деп сұрады. Әйел: «Ол менің жасай алмайтын нәрселерім үшін ашуланады» деп жауап берді. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Оған мұқият бол, өйткені ол саған – Жәннат немесе Тозақ» деп айтты. (Ахмад).
Иә, ері разы болған әйел – жәннаттық. Өйткені, әйел Алланың разылығын ерінің разылығы арқылы іздейді.
Тағы бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер сендердің әйелдерің жақсы көретін, туатын және күйеулеріне қамқор болса, Жәннаттың тұрғындарынан болады. Мұндай әйел күйеуін ренжітетін болса, қолын оның қолына қойып: «Сен маған разы болмайынша көзімді ілмеймін» деп айтады" деген, (Ибн Асакир)
Ендеше сен де күйеуіңнен «Бүгін маған разысың ба?» деген сұраққа оң жауап алмай ұйықтамауға тырыс!

12-кеңес. Себепсіз талақ сұрама!

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қандай әйел орынды себепсіз күйеуінен талақ сұрамасын, ол үшін Жәннаттың иісі харам болады» деген (Ахмад, Әбу Дәуд, Тирмизи).
Имам әш-Шәукани былай деді: «Бұл хадисте әйелдің күйеуінен талақ сұрауына қатаң түрде тыйым салынғанына нұсқау бар! Өйткені кім Жәннаттың иісін сезбесе, сол , демек, Оған кірмейді емес пе!?». 
Тағы бір хадисте: «Ажырасу мен айырылысуды талап ететін әйелдер екіжүзділер болып табылады» делінген (Нәсаи, Табарани).
Имам әл-Мунауи осы хадиске байланысты: «Мұндай әйелдердің екіжүзділікпен сипатталғандығының себебі – (әйелдерді) осындайды істеуден қорқыту және сақтандыру үшін. Әйел кісіге күйеумен қастасу, күйеуінің діни немесе дүниелік нашар сипаты мен мінез-құлқы себебінен оны жек көру, оның кейбір қақыларын орындамау қауіпі сияқты себептер болмаса, одан талақ сұрауы айыпталады» деген екен.
Осылайша, әйел кісі орынды себепсіз күйеуінен ажырасуды талап етуге құқығы жоқ.

13-кеңес. Оған ұнамайтын адамды үйге кіргізбе!

Қоштасу қажылығы кезінде Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Сендер өз әйелдеріңе қатысты олар сендер жақтырмайтын адамдардан ешкімді үйлеріңе кіргізбеуіне құқылысыңдар...». (Муслим)
Шынайы бағыну – бұл адамның өзіне ұнайтын нәрседе де, ұнамайтын нәрседе де бағынуы екенін білу керек. Себебі адам онсыз да сүйсініп орындайтын немесе онсыз да істейтін нәрседе бағыну шынайы бағынуға жатпайды. Осы сөздерге көрнекі мысал ретінде белгілі хадисті келтіруге болады: «Туысқандық қатынасты (үзбей) ұстаушы - бұл (өзіне қандай қатынас жасалса,) тура солай қайыратын адам емес; оны шынымен (үзбей) ұстаушы – бұл (өзгелер) онымен туыстық байланысты үзсе де, оны жалғайтын адам». (Бұхари)
Сондықтан, үйге кіретін адамдардың арасында күйеуің мүлде қаламайтын адамның болмауын қадағала!

14-кеңес. Жақсылықтарына үнемі алғыс білдір

Күйеуіңнің жақсылығы мен қамқорлығына шүкірлік танытып, алғыс білдіруді әдетке айналдыр! 
Ибн Аббас (оған Алла разы болсын) былай баяндайтын: «Бірде Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Маған Тозақ көрсетілді де, оның көпшілік тұрғындары күпірлік танытқан әйелдер болып шықты», - деді. Одан: «Олар Аллаға күпірлік еткен бе?», - деп сұрады. Ол: «Олар өздерінің күйеулеріне қатысты күпірлік көрсететін. Егер сен (сондай әйелдердің) қайсыбіреуіне ұзақ уақыт бойы жақсылық жасайтын болсаң, ал содан кейін ол сенен өзіне ұнамайтын бірнәрсе көрсе, міндетті түрде: «Мен сенен ешқашан еш жақсылық көрмедім!», - дейді», - деп жауап берді» (Бұхари, Муслим).
Мұндай нәрседен Алланың үлкен мейіріміне ие болған әйелдер ғана аман.
«Күпірлік таныту» сөзі иман мәселелерімен байланысты күпірлікті емес, шүкіршілік білдірумен байланысты осыған қарама-қарсы (антоним) болған күпірлікті білдіреді.
Ғалымдар жоғарыдағы хадис жайлы былай деді: «Мұның себебі - олар Аллаға, Оның Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) және өздерінің күйеулеріне аз мойынсұнады, көшеге шектен тыс сәнденіп шығып, бөтен еркектерді азғыруға салады»деген.
Басқа хадисте: «Өзінің күйеуіне тәуелді бола тұра, оған рахметін білдірмейтін әйелге Алла қарамайды» (Нәсаи) делінген.
Шүкірлік- берекенің кілті, қанағат -босағаның беріктігі. Әрі үнемі алғыс білдіріп отыру оны қанаттандырады, қуандырады. Бар тапқаным отбасыма бұйырса деп жүргенін есіңе ал!

15-кеңес. Күйеуің үшін дұға жаса!

« Адамның сыртынан жасауға болатын жалғыз әрекет – дұға». «Дұға жасаудың өзі – ғибадат» (Тирмизи). Біреуге жасаған дұғаң – өзіңе жасаған жақсылығың. Өйткені, сен біреуге жақсылық тілесең, періштелер: «Әмин, саған да!» деп айтады екен (хадис).
Ал біз бұл жақсылықты өмірлік серігіміз, қамқоршымыз, балаларымыздың әкесі, Жәннатта бірге болғымыз келетін жанға жасасақ тіптен керемет емес пе?!
Әйел – еркектің өзінен жаралғандықтан, соның тілеуін тілейді, өзіне қалайтын жақсылықты оған да қалайды. Тіпті, өзіне тілмегенді күйеуіне тілейді. Хадисте: «Ең жылдам қабыл болатын дұға – мұсылманның бауыры үшін жасаған жасырын дұғасы» делінген (Бұхари). Бұл – оның көзінше жасалған дұғадан жетпіс есе артық екен.
Ендеше, әр намазыңда, дұға қабыл болатын уақыттарда жарың үшін дұға жаса. Оның бойынан қалайтын қасиеттерді Алладан сұрап ал! Оның өзгергенін қаласаң, ісінің алға басқанын армандасаң барлық нәрсеге күш-құдіреті жетуші Аллаға алақаныңды жай!

16-кеңес. Күтіп алып, шығарып салуға көңіл бөл

Отағасын таңертең көтеріңкі көңіл-күймен, жылы сөзбен, қажеттіліктерін тауып берумен шығарып салу – оның күні бойы сергек жүруіне, ойының, жанының тыныш болуына септігін тигізеді. Жұмыс қанша қиын әрі қауырт болса да шаңырағындағы үйлесімділік оны жұбатады.
Өзін күлімдеп шығарып салған жүз күні бойы көз алдында болады әрі үйге қарай асығып тұрады.
Ал кешкісін таза үй, «әкетайлаған» көңілді бала-шаға, әсем киінген, хош иістенген, аузынан жылы сөз тамған әйел күтіп алса, шаршағаны басылып, жаны жай таппай ма? Басқа құлшылықтарға деген құлшынысы артпай ма?
Иә, бұл әйелдің қолынан үнемі келе бермейді. Кешкісін отағасының алқымынан алуға дайын проблемалар, әйелдің ауру-сырқауы, көңіл-күйінің жоқтығы, балалардың мазасыздығы күтіп тұруы мүмкін.
Алайда, Алланы разы етіп, сол күні сауапқа шомылғысы келетін ақылды әйел қолынан келгенді жасауға тырысады. Өйткені, оның Жәннатқа барар көпірі – күйеуінің разылығы емес пе?!

17-кеңес. Енеңмен тату болуға тырыс!

Ер адам үйге келгенде ызыңдамайтын, жағдайын жасап, қабағына қарайтын, анасымен тату тұратын әйелге күн сайын ҒАШЫҚ БОЛАДЫ.
Әйел Алланың разылығын ерінің разылығы арқылы табады, ал, ерінің разылығына жетудің көпірі – енесімен дұрыс қарым-қатынас. Ене – тәрбие мектебі. Енемен құрбы болуға тырыс. Бүгінгі қоғам келіндерінің көпшілігінің басты проблемасы – енесін зерттемеуінде болып отыр десек артық айтқандық емес. Зерттер болсақ, әр адамның нәпсісін жаулап алуға болатын әлсіз тұсы болады. Оған сыйлық беру, ұнайтын ас-сусынын жасау, қажеттіліктерін өтеу, күту арқылы өзіңе баурап ал.
Анаңның саған ренжіп, кейде ұрысатыны есіңде ме? Сонда саған еш себепсіз ұрысушы ма еді? Не болмаса саған жамандық ойлағаннан ескертуді көп жасайтын ба еді? Дәл, сол секілді енеңнің де ескертпелерін шамаң жеткенше жылы қабылдауға тырысып бақ. Әрі ол кісіні де түсінуге тырыс. Бірнеше жыл бойы ешкімді араластырмай, өзі ғана иелік етіп жүрген асханасына өзге адамның кіруі, онымен қоса ол адам көңіліндегідей етіп орындай алмаса ренжитініндей бар-ақ. 
Өзіңнің анаң мен төркініңе де күйеуіңнің кемшілігі мен арадағы кикілжіңдер жайлы, қайынжұртың жайлы артық ақпарат айтпа. Сен екі елді байланыстырушы арқансың. Жақсылығын асырып, жамандығын жасырсаң, құдалардың сыйластығы жарасып, жарыңның абыройы артатынын біл.

18-кеңес. Қырсықтықтан аулақ бол!

Ерлі-зайыптылардың өмірінде келіспеушіліктер мен түсініспеушіліктер болып тұрады әрі мұның ең негізгі себептерінің бірі - әйелдің күйеуіне қырсығуы мен бағынбауы. 

Имам Ибн Қудама:«Қырсықтық» (ән-нушуз) ұғымының мағынасы – бұл әйелдің Алла оған күйеуіне қатысты міндеттеген мәселелерінде күйеуінің тілін алмауы» дейді.
Еркек – әйелді билеуші, ал билеушіге бағыну, оның бұйырғанын орындау басқаларға міндет екені айдан анық. Алла Тағала Құранда: «Еркектер әйелдерді билеуші. Өйткені Алла бірін-бірінен артық қылды. Сондай-ақ олар мал-мүліктерінен де пайдаландырады» («ән-Ниса» сүресі, 34).
Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) осы аятқа қатысты былай деді: «Яғни еркектер - әйелдердің билеушілері (әмірлері), әрі әйелдер оларға Алла бұйырған нәрселерде мойынсұнады. Әйелдің күйеуіне бағынуы оның отбасына жақсы қарым-қатынас жасауын және мал-мүлкіне құнтты қарауын да қамтиды».
Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Егер мен Алладан өзгеге сәжде жасауды бұйыра алғанымда, әйелге күйеуінің алдына сәжде жасауын бұйырар едім. Мұхаммедтің жаны қолында болғанмен ант етемін! Әйел адам күйеуінің алдындағы міндеттерін орындамайынша өзінің Раббысының алдындағы міндеттерін орындамайды. Және күйеуі оны тіпті ол ертоқымның үстінде отырғанда қаласа да, әйелі күйеуіне бұл нәрседе қарсы келмеуі керек» (Ахмад, Ибн Мәжаһ). Хадистің басқа нұсқасында: «...Егер күйеуі табанынан бастап басының төбесіне дейін іріңдеп жатса, ал әйелі осының барлығын жалай бастайтын болса да, ол күйеуіне тиесіліні бере алмас еді!» делінген (Ахмад).
Олай болса, күйеуіңмен қарым-қатынаста қырсықтықтан аулақ бол! Қолыңнан келгенше нәпсіңмен күрес! Ғалымдар өзінің айтқанын тыңдатқысы келген күйеуінің айтқанын тыңдасын деген. Күйеуің тарапынан ескерту келсе, екінші рет қайталанбас үшін, қорытынды шығара біл!

19-кеңес. Ашуландырсаң кешірім сұра!

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Екі адамның намазы бастарынан жоғары көтерілмейді. Қожайындарынан қашқан құлдың, ол иелеріне қайтып оралмайынша және күйеуін тыңдамай қойған әйелдің, ол күйеуіне бойұсынуға қайтпайынша» деген (Хаким).
Кейбір ғалымдар әйелдің күйеуінің ашуын туғызуын ауыр күнәлардың қатарына жатқызған екен.
М’уаздың (Алла оған разы болсын) сөзінен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Қандай әйел күйеуіне бұл дүниеде зиян тигізбесін, оның Жәннаттағы хор қыздардан болған әйелі міндетті түрде: «Оған зәбір көрсетпе, Алла көзіңді құртсын! Ақиқатында, ол сенде уақытша ғана және жақында ол сенімен қоштасады да, бізге келеді!», - дейді» (Ахмад, Тирмизи). 

Ғалымдар осыған байланысты: «Бұл егер күйеуінің әйеліне деген ашуы оның жаман мінезіне бола, немесе оның (әйелдің) жаман қарым-қатынасы себепті немесе күйеуіне бағынбаушылығы себепті болатын жағдайда. Бірақ егер күйеуінің ашуының себебі әйелінің қылығы болмаса, онда оған (әйелге) күнә жоқ» деген.
Мына бір сүйінші хадисті қараңыз! «...Және сендердің Жәннаттағы әйелдерің туралы айтайын ба? Ол - әрбір сүйетін, бала табатын әрі егер күйеуі оған нашар қарым-қатынас көрсеткен болса, немесе оның өзі оны ашуландырған болса, оның қолын алып: «Сен разы болмайынша, мен ұйықтамаймын!», - дейтін әйел» (Табарани).

20-кеңес. Дұғаң дұрысымен,тәуекелің тәртібімен болсын!

Аяулы оқырман! Мінеки, «Жарымның жүрегін жаулаймын» жобасы өз мәресіне жетіп отыр. Біз жоба барысында ер азаматтың көңілін, разылығын табуға арналған 19 әдістің басын біріктіруге тырыстық. Әрі әйелдің ері алдындағы міндеттерін, ері арқылы Алланың разылығын іздеудің жолдарын көрсетуге талпындық. Жасырмаймыз, бір ай ішінде оқырмандар тарапынан алғыс пен дұға лебі есетін, өкпе мен наз да байқалатын түрлі хаттар келіп түсті. Рас, жақсы әйел болу оңай шаруа емес. Бұл – үлкен өнер әрі маңызды құлшылық. Алайда, қамтылған кеңестер әлдебір адамның ойлап тапқаны немесе кітапта жазғаны, ойлап тапқаны емес, Алла мен Оның Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сөздерінен алынған насихаттар екендігін ескерсеңіз екен дейміз. 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары