Шайтанның бір тұзағы – сатқындық. Оның масштабы әр түрлі: мемлекеттік деңгейден жеке-тұлғалық деңгейге дейін. Бірақ бәрінің нәтижесі біреу.
Сатқындық – екіжүзділіктің анық белгісі. Әбу Хурайра жеткізген Алла елшісінің хадисінде: «Екіжүздінің үш белгісі бар: өтірік айтады, уәде берсе, уәдесінде тұрмайды, ал сенген адамды сатып кетеді» - делінеді.
Сатқындардың о дүниеде жағдайы мүшкіл. Бұл дүниеде әлдекімнің үміт-сенімін алдап сатқындық жасаған адам, қиямет күні ол ісіне жауап берері анық.
Алла Тағала Құранда: «Екіжүзділер тозақтың ең тереңінде болады, онда оларға ешкім көмектесе алмайды» - деген.
Егер сіз сатқындыққа тап болсаңыз келесі кеңестері ескеруді ұсынамыз:
- Қабылдау
Өмір – белгісіз бұралаң жолдардан тұрады. Ешкім бұл өмірде қауіпсіз, тыныш өмір сүре алмайды. Өйткені өмірдің екінші аты – жалған. Сол себепті де сатқындықты өмірдің бір құбылысы ретінде қабыл алыңыз. Адамзат баласы жасаған уақыттың бәрінде сатқындық болған, қазір де бар, болашақта да бола береді. Және сатқындыққа талайлар тап болып жатыр.
- Салдарымен күресу
Сатқындықтың салдарын мүмкіндік болса түзетіңіз. Ар-абыройыңызды қорғай біліңіз. Шешілмейтін мәселе, тығырықтан табылмайтын жол болмайды.
- Кек
Өзіңізді сатып кеткен адамға кек қайтаруға асықпаңыз. Кек жағдайды ешқашан жеңілдетпейді, тек күнәңізді арттырады. Алла – ұлы әрі әділ. Сатқынның да жазасы мен сауабын Алла Тағала өзі береді.
- Шүкірлік ету
Алланы бәзбір жақсылықтар үшін қалай мадақтап, шүкірлік етсек, қиындықтарға тап болғанда да сабыр ете білуіміз керек. Сол қиындықты сынақ деп қабылдап, жеңілдігін сұрау қажет. Шүкірлік Аллаға жақындата түсетін амал.
Әмина Омарова
Қарағанды облыстық орталық мешіті
Пікірлер