Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Құрбандық қалай жасалу керек?
10 тамыз, 2018 жыл 559 Басып шығару нұсқасы

Араб тіліндегі «Құрбан» сөзі, жақындау мағынасын береді. Құрбан шалу – Аллаға жақындау, мол сауап табу мақсатында «мал сою» дәстүрімен жалғасын тауып келе жатқан ғибадаттың бір түрі. Мұсылман әлемі құрбан айт мейрамында құрбан шалу ғибадатын орындаумен ерекшеленеді.

Қасиетті Құранда: «Раббың үшін (айт) намаз оқы және құрбан шал» (Кәусар сүресі, 2-аят) делінсе, пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу әлейһи әу сәллләм): «Кімде-кім мүмкіндігі бола тұрып құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге келмесін» деген. Әмір түрінде келген аталмыш аят, хадистедер мүмкіндігі болған адам үшін Құрбан айт күндерінде құрбан шалудың үкімі ең кемінде уәжіп екендігін білдіреді.
Имам Матуриди, Құрандағы: «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал!» («Кәусар» сүресі, 2-аят) деген аятты түсіндіру барысында: «Алла Тағала адам тәбиғаты қаламаған құрбан шалу ісімен құлшылық жасауға әмір етті. Құрбан – бір хайуанды союдан тұратын құлшылық түрі. Бір жануарды өлтіріп, қанын ағызуды адам көңілі қаламайды. Алайда, Алла Елшісі (саллаллаһу әлейһи әу сәллләм) адамдардың ең мейірімдісі бола тұра Алла разылығы үшін құрбан шалу ісімен сыналды. Сөйтіп, Раббысы үшін жүз құрбан шалды. Оның алпысын өз қолымен, қырығын Әлиге (р.а.) шалдырды» деп, құрбан шалу ісінің хикметіне «Насты басшылыққа алған ақылдың шешімі» негізінде қарастыруға көңіл аудартады.

Алла Елшісінің (саллаллаһу ғәлейһи уә сәллләм) бір өзі жүз түйе құрбан шалуы дін жанашыры қалай болу керектігін ұқтырып тұрғандай. Әрине, он төрт ғасыр бұрынғы Араб түбегіндегі халықтың жағдайы (дін жеткізудегі тәсілі) мен бүгінгі жалықтың өмір сүру үрдісі арасында үлкен айырмашылық бары рас. Алайда, қанша ғасыр өтсе де діннің мұраты өзгермек емес, ол – адамдарға Жаратушы хақты таныту, Ислам құндылықтарымен қауыштыру. Елімізде де пайғамбар сүннетін қалт жібермей тиімді падалануды ғанибет деп білетін, жаны жомарт азаматтар жоқ емес. Немесе бір басына бірнеше құрбан шалатын азаматтар өте көп. Сондай азаматтар уәжіп болған бір құрбанын шалған соң, өзге нәпіл құрбандарының құнын игілік жолына бере ала ма? Қоғамда нәпіл құрбандықтарының ақшасын беріп жүрген азаматтар да кездеседі. Осы орайда, бұл дінде дұрыс ба? деген сұрақтар туындап жатады.

Бұл мәселеде діннің сыртқы формасымен шектелмей, мәніне көңіл бөлген жөн. Яғни, баста күллі адамзатқа хақ Исламды жеткізу идеалы тұру керек. Сол мақсатта, адамдардың қажеттілігіне қарай кейбір құлшылықтардың атқарылу формасы да өзгеруі мүмкін. Мысалы: Ханафи мәзһабы бойынша, зекет, пітір, кәффарат, ұшыр (егіндіктің зекеті), хараж (салық) және нәзір еткен ісіне қатысты мал-мүліктің құнын беру дұрыс. Мәлики, Шафиғи және Ханбали мәзһабтарының көзқарасында шариғатта белгіленген қандайда бір дүние-мүліктің өзі берілуі керек. Сол малдың өзін бермей, құнын беру кедейдің ақысына қиянат жасау болып саналады. Ал Ханафи мәзһабы болса, Бұхари жеткізген Мүғаздың Ямандықтарға: «Маған арпа, жүгеріден беретін зекеттеріңнің орнына өздеріңе ыңғайлы, Алла елшісінің (саллаллаһу әлейһи әу сәллләм) сахабалары үшін хайырлы киім-кешек алып келіңдер» деген хадисін дәлел қылады . Яғни, Ханафи мәзһабы үкім беруде бір халықтың ұстанымы мен қажеттілігін ескере отырып, шариғат мәнісін сол негізде атқаруды жөн көрген.

Қазақтың қазиы, ғалым Ғұмар Қараш да құрбанның құнын беру туралы фәтуәсында: «Құрметлі бауырым Хамидолла! Сізге бұның ғажап болып көрінуі – жасыңыздан құрбан деген қан ағызу деп басыңызға сіңіп қалғандықтан, Сізге үйреткен молдалар құрбанды ашып, шариғаттың рух пәлсапасын үйретудің орнына, әлгі қалың кітаптардағы мың жыл бұрынғы хәлге, заманға қарай айтылып қалған сөздерді үйретіп, осыдан айрылмай, тап осыны өзгертпедегендіктерінен. Өзіңіз ойлап қараңызшы: жыл сайын хаждардағы Мына деген жерде құрбан күні жүз мыңнан артық қой, түйе, сиыр малдар бір күн ішінде шалынып, жерге көміледі, бұл ұят емес пе?! Мұндай исрапты ақ шариғат қосар ма? Міне, осылардың бәрі шариғаттың рухын тастап, адасуымыздан келіп тұр. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) заманасында ислам мәдениетінің негізі жаңа басталып салынған уақыт болғаны үшін мектеп, медресе, кітап-құрал деген заттар болмаған, жазу-сызу да мұнда аз болған. Сол себепті ол күндері құрбандықты шалып, пақырларға етін таратудан басқа тиісті орын табылмаған. Осы күнде пайғамбарымыз тіріліп, қайтадан арамызға келіп, халымызды көрсе, ең әуелі бастап өз құрбандығын сатып, біздің ғылымды-өнерлі болуымыз, басқа елдерге қатарласуымыз жолына жұмсар еді» деген.

Демек, діннің басты мұраты, адамзаттың екі әлемде де бақытты ғұмыр кешуі. Ислам діні әу баста «Оқы...» әмірімен келіп, күні бүгінге дейін адам баласының бақытты ғұмыр кешуін ғылым-біліммен, технологиялық заманның талабына сай дамуға шақырып келеді. Тіпті, қасиетті Құранның Өзі: «Аллаға қүрбанның еттері, қандары, әсте жетпейді. Бірақ сендердің тақуалықтарың жетеді»(«Хаж» сүресі, 37-аят) деп, құрбан шалудағы мақсат – адамның тақуалыққа жетуі екені айтылып тұр. Адамның тақуалығы Аллаға ең ұнамды игі істерімен өлшенеді. Яғни, адам баласы пайдасы үшін жаралған мына жаратылысты өз игілігіне жарата алуымен бақытты ғұмыр кешпек. Сондықтан, Ислам мәдениетін қалыптастыру жолындағы ғылым-білім ошақтарын жандандыру, ғылым мен технологияны тең меңгерген өрелі ұрпақ тәрбиелу ісі Аллаға ең ұнамды іс деуге болады. Міне, осы тұрғыдан Ғұмар Қараштың: «Осы күнде пайғамбарымыз тіріліп, қайтадан арамызға келіп, халымызды көрсе, ең әуелі бастап өз құрбандығын сатып, біздің ғылымды-өнерлі болуымыз, басқа елдерге қатарласуымыз жолына жұмсар еді» деген сөзін нәпіл құрбандықты айтып отыр деп қабылдағанымыз дұрыс. Яғни, бүгінгі жағдайларды ескере отырып ниет етілген нәпіл құрбандықтың құнын адамзаттың дүние-ақыретіне пайдалы ғылым-білімді жаюға, халықты сауаттандыру істеріне қолдануға болады деген тұжырым шығады. 
Дұрысын Алла біледі!

Самет Оқанұлы
Исламтанушы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары