Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Ислам бойынша жан тыныштығына кенелудің 4 амалы
13 тамыз, 2018 жыл 300 Басып шығару нұсқасы

Бұлыңғыр келешек адам бойында алаңдаушылық пен үрей тудырады. Көбіне біз болар жайттардан немесе сол жайттардың салдарынан қорқамыз. Үрей басты айналдырып, денені дірілдетіп, жүректі жиілетіп соқтырады. Алайда бұл жағдайдың шынайы себебі біздің санамызда жатыр.

Қазіргі таңда ертеңгі күнге деген үрей мен қорқыныш әдеттегі нәрсеге айналған. Күнделікті өмірде әркім осы мәселемен жүздеседі немесе кезінде жүздескен. Көбінесе адам баласы өз көңіл-күйін дұрыс игере алмағандықтан әлдебір психологиялық ауруларға ұшырап жатады. Үнемі үрейде болу адамның денсаулығына ғана емес, сондай-ақ, оның рухани жасаушыларына да кері әсерін тигізеді.

Сөзсіз, бұл біздің осы дүние тірлігіміз бен материалдық игіліктерімізге қатысты қорқынышымыз, алайда мұның Исламда маңызы бар қорқыныштан айтарлықтай айырмашылығы бар. Мүмін үнемі өз келешегі туралы ойланып, өз әрекеттері мен қылықтарына талдау жасап отырады. Алайда дұрыс қорқынышта болу адамдарды торығу мен енжарлыққа итермелемейді, керісінше, кемелдікке, рухани дамуға жетелейді әрі иманның нығаюына септігін тигізеді.

Біз Жұмаққа кіруге үміттеніп, бізді Тозаққа жетелейтін амалдардан бойымызды аулақ салуға тырысамыз. Бұл ұмтылыс мұсылман сипатынан, бірақ мұның бізді күнделікті мазалайтын үрей мен алаңдаушылыққа еш қатысы жоқ.

Біз көп нәрседен қорқамыз. Жақсы жалақы төлейтін жұмыс табу, көп табыс табу, емтихандарымызды тапсыра аламыз ба, мына көйлекті кисем күлкіге қалмаймын ба деген сияқты сұрақтарға берілеміз. Өз пікірімізді, ойымызды білдіруден қорқамыз, бұл біздің ішкі алаңдаушылығымызды одан ары арттырып қояды.

Осының бәрі бізді тыныштығымыздан, жан жарасымынан айырады. Ал бұл өз кезегінде, дінімізді, өзіміздің Жаратушымызды дұрыс түсінуден алыстатады. Ендеше, болып жатқан жайттардан, біздің айналамыздағы адамдардан, олардың пікірлерінен қорықпай, қоршаған ортамен және жан жарасымын тауып қалай тыныш өмір сүруге болады?

Осы мақаламызда біз сіздердің назарларыңызға жан тыныштығына кенелудің 4 негізгі кеңесін ұсынамыз.

 

  1. Оларға қорқу жоқ әрі қайғырмайды

 

Бұл жөнінде Құранда мынадай аят келтірілген: «…кім сонда тура жолыма ерсе, оларға қорқу жоқ әрі қайғырмайды» деген едік» (2:38).

Алла ешқашан қорықпайтын бір топ адамдар туралы айтқан. Бұл адамдар кімдер екен?

Алла Тағала Адам Ата (а.с.) мен Хауа Анаға Жұмақтан түсіп, Жер бетіне барыңдар деп бұйырғанда, былай делінген болатын: «Жаннаттан бәрің түсіңдер, Менен сендерге бір туралық келсе, кім сонда тура жолыма ерсе, оларға қорқу жоқ әрі қайғырмайды» деген едік» (2:38).

Басқа аятта Алла Тағала «Менен сендерге бір туралық келсе» дегенді былай түсіндіреді: «Негізінен иман келтіріп iзгi ic iстегендер, намазды толық орындап, зекет бергендер, олар үшін Раббыларының қасында сыйлық бар. Оларға қорқу жоқ әpi олар қайғырмайды» (2:277)

 

2. Аллаға сенім арту

Алла Елшісі (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай айтқан: «Егер сендер Аллаға лайықты түрде сенім артсаңдар, онда Ол ұясынан аш кетіп, тойып келетін құсқа несібе бергендей, сендердің де несібелеріңді береді» (Тирмизи).

 

3. Оптимизмді дамыту

Кейбір адамдар мұсылмандар үнемі түңілген күйде жүрулері керек деп ойлайды, яғни, мұсылман баласы мұсылман үмбетінің нашарлап бара жатқан жағдайы және Тозақ оты туралы саруайымға салынып, үнемі алаңдаушылық күйде болуы қажет. Осы идеяның тамырына балта шабу үшін, өзімізге бір-ақ сұрақ қоюымыз жеткілікті: Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осылай жасап па еді? Ол оптимист адам болған. Негізінде, ол бізге Алла туралы тек жақсы ойлауға кеңес берген, бұл дегеніміз ертеңгі күнімізге деген оптимизмді білдіреді.

Калифорния университетінің психология профессоры Соня Любомирски «Бақыт психологиясы» деген еңбегінде оптимизмді таратудың мықты тәсілдерін келтірген. Міне, соның кейбіреулері:

«Бір жақсы блокнот немесе әдемі бір бет қағаз алып, оңаша жерге отырып, өзіңіздің келешегіңіз туралы ойлануға, келешекте сіздің барлық жоспарларыңыз бен тілектеріңіздің, алдыңызға қойған мақсаттарыңыздың орындалғанын және өзіңіздің қандай күйде болатындығыңызды жазуға 20-30 минут уақытыңызды бөліңіз. Тамаша келешегіңізді сипаттау барысында сіздің басыңызға жаңа идея мен көркем ойлардың келері сөзсіз. Бір нәрсеге алаңдап жүргенде, көбіне біз келеңсіз дүниелер туралы ойланамыз. Күнделікпен жаттығу жасау жақсы көңіл-күйде болып, өзімізді жақсы сезінуге итермелейді».

 

4. Жетістіктеріңіздің жазбаша есептемесін жүргізіп отыру

Егер сіз Аллаға сенім артар болсаңыз, Ол сізді қайғы-мұңнан ада етеді. Бұл жағдайда блокнотқа жазатын есептеме аса пайдалы болмақ. Келесі қарапайым жаттығуды жасау үшін күнделікті 10 минут уақытыңызды бөліп көріңізші:

Сол жақ бағанаға сізді мазалап жүрген ойларды тізіп жазыңыз да әрбір ойыңызға талдау жасаңыз. Содан кейін оң нәтиже беретін балама туралы ойланыңыз. Оң ойларыңызды оң жақ бағанаға жазыңыз. Міне, сізге үлгі ретінде көрсетейік:

 

Теріс ойлар

Оң ойлар

Мен емтиханнан өте алмаймын

Мен емтиханнан сүрінбей өтемін, Алла  қаласа

Мен сұхбаттасудан өте алмаймын

Сұхбаттасудан өтіп, арманымдағы жұмысқа тұрамын, Алла қаласа

Бұл тыңдаушылардың алдында сөз сөйлей алмаймын

Менің сөз сөйлеуім керемет өтеді, Алла қаласа

 

Бірнеше апта бойы осы жаттығуды жасап көріңіз, сонда сізді мазалап жүрген теріс ойларыңыздың саны мен қарқындылығының қаншалықты азайғанын байқайсыз. Оның орнына теріс ойлармен күреске түсетін оң пиғылдағы нұсқаулар пайда болады.

 

Ескерту: Егер сіз үнемі үрейде болып жүрсеңіз, дәрігерге немесе  психиатрға баруға ұялмаңыз, өйткені бұл көптеген психологиялық қиындықтардың немесе денсаулығыңыздың сыр беріп жүргенінің белгісі болуы мүмкін.

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары