Бір әулие кісі көпірден өтіп келе жатып, алдынан итті кезіктірген екен. Көпір бір ғана адам өте алатындай көлемде болады. Әулие адам: «Әй ит! Сен жат, мен сенің үстіңнен өтейін»- дейді. Сонда әлгі итке Алланың құдіретімен тіл бітіп: «Жоқ сен жат, мен сенің үстіңнен өтейін»-депті. Әулие адам: «Мен жол жүріп келемін, сен менің үстімнен өткенде, сілекейің ағып киіміме тисе оны жуу керек болады. Сосын менің кір киімді тазалайтындай мүмкіндігім жоқ»-деп жағдайын түсіндіреді. Сонда әлгі ит: «Сен менің үстімнен өтіп бара жатқанда, сенің ойыңа: «Мен адаммын! Бұл ит! Мен сондықтан бұның үстінен өтіп барамын»- деген ой келе ме?»-деп қорқамын. Егер мен айтқандай болса, жүрегіңе тәкаппарлық орнап, бір дақ пайда болады, жүрекке біткен дақты сумен жуып кетіре алмайсың! Ал менің сілекейім киіміңе тисе, оны сумен жуып тазарта аласың!»-деп жауап берген екен.
Біздің бұл оқиғадан алар өнегеміз, әрқашан тәкаппарлық «дағы» жүрегімізге түсуден сақтануымыз қажет. Тәкаппарлық жүрекке дақ салатын жаман қасиеттердің бірі.
Тәкаппарлық - адам өзін өзгелерден жоғары санау. Ібілістің жәннаттан қуылуына да себеп болған осы тәкаппарлық болатын. Пайғамбарымыз(с.ғ.с.): «Кімнің жүрегінде шаңның тозаңындай тәкаппарлық болса, ол жәннаттің иісін де сезе алмайды»-деген. Сондықтан мұсылман адам өзін осындай теріс қасиеттерден аулақ ұстау қажет. Дана халқымыз: «Ұлық болсаң кішік бол»-деп, атақ-даңқың айға жетіп тұрса да, тәкаппарлықтан алыс болуға шақырады. Алла баршамызды тәкаппарлықтан сақтағай!
Абай ауданының наиб имамы: Смағұлов Жасұлан Манапұлы
Пікірлер