Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Тәубе мен күнә
13 ақпан, 2015 жыл 219 Басып шығару нұсқасы

photo_63451Шыны сол, көпшілігіміздің басымызда бір дүдәмал күй бар. Бұл дін жолына бет бұрмаған, қатардағы көп елдің басындағы жағдай. Не дінде емес, не дінсіз емес бауырларға жақсы таныс. Ара-тұра хадистерді оқып, сүре жаттап, уағыз тыңдап, дін жолын ұстанудың маңызын түсіне бастағандай боламыз бір уақытта, күнәларымыз үшін опынып, тәубемізге түсеміз. Бірақ осының бәрін бәзбір уақытта оп-оңай есімізден шығарамыз: нәпсімізді жеңе алмағанда, шайтан азғырғанда. Нәпсіміздің қалауын орындағаннан кейін күнә жасағанымыз есімізге түсіп тәубеге келгендей боламыз, іле-шала таз қалпымызға тағы түсеміз. Тыйым салынған дүниелерді біліп тұрып жасайтын, нәпсіміз сенімімізден басым түсіп жататын жағдайлар аз емес. Бұл неліктен осылай? Біз нәпсімізді жеңе алмай жүрміз бе әлде сенімімізде селкеу бар ма? Осыған жауап іздеп көрелік.


  Алла Тағала адам баласын бір Өзіне құлшылық ету үшін жаратқан. Құлшылық адам баласының осы өмірге келгендегі ең ұлы ісі, ұлық міндеті. Алла Тағала: «Мен адамдар мен жындарды тек өзіме құлшылық етсін деп жараттым"-деген. Демек біз өзіміздің негізгі міндетімізді орындауымыз керек, себебі Алла өзі жаратқан адамға ол көтермейтін жүкті артпайды.


Бірақ адам әлсіз. Оны жан-жағынан жаулары қоршаған: адамның ішкі нәпсісі, шайтан, сән-салтанатқа толған осы әлемнің өзі. Алла оған мейірімін төкпесе, адам осы жауларының арасынан қалай аман шығады?! Сонымен қатар Тозақ - көрінбейді, оны осы дүниенің алдамшы қызығы жауып тұр, Жұмақ - көрінбейді, оған қиындықтарды жеңіп барып қол жеткізесің, оны қиындықтар жауып тұр. Сонда адамның Алладан басқа сақтаушысы, жарылқаушысы жоқ!


Бірде Әбу Бәкір Алла елшісіне келіп: «Құлшылық кезінде айтатын дұғаны үйретші»-дейді. Сонда Пайғамбарымыз: «О, Алла,шынында мен өзіме қаншама рет әділетсіздік жасадым және Сенен басқа ешкім күнәларды кешірмейді. Мені кешіре гөр, мейіріміңе бөле, шынында Сен кешіруші әрі мейірімдісің!»-деп айт"-деген екен. (Әл-Бұхари, 834; Мүслім, 2705).


Сондай-ақ, Алла елшісінің Муаз бин Джабалға айтқаны: "О, Муаз! Шынында мен сені жақсы көремін!". Және Муаздың жауабы: "Менде сені жақсы көремін Алланың елшісі!". Сонда Пайғамбарымыз: «Әр құлшылығыңда: "О, Аллам, маған Өзіңді еске алуға, шүкірлік етуге және Өзіңе мүлтіксіз құлшылық етуге көмектесе гөр!» -деп айт"-деген екен.


Адамның екінші аты - пенде. Пенде болған соң біз күнә мен күпірліктен сақтандырылмағанбыз. Сол себепті Алла Тағала бізге неғұрлым күнәдан қашық болуды, пендешілікпен жасаған күнәларымыз үшін тәубемізге түсуді, өкінуді бұйырды.



Алла Тағала: "О, жүрегінде сенімі барлар! Алланың алдында шынайы тәубе етіңдер. Мүмкін сендердің Жаратушыларың күнәларыңды кешірер және өзені бар Жұмақ бақшасына кіргізер"-дейді. Жасаған ісіне шынымен өкіну, тәубеге келу, жасаған жамандығын сауапты іспен жуу туралы Құранда көп айтылады.


Ал тәубеге келіп, қайта күнә жасаудан өз-өзін тыя алмайтындарға неғұрлым Алланы есіне жиі алу керек. Әр күнә жасаған сайын тәубесіне түссе, Алладан кешірім тілесе және сол істерін қайталамауүшін, соған мықты ерік-жігерді Алладан сұрау қажет. Алла шынайы тәубе еткендерге жәрдемдеседі. Себебі Алла "күндіз күнә жасағандардың тәубе етуі үшін түнде қолын созады, ал түнде күнә жасағандардың тәубе етуі үшін күндіз қолын созады".


Тәубеге келу ешқашан кеш болмайды. Пайғамбарымыз: "Алла Тағала кімде-кім күн батыстан шыққанша тәубе етсе соның тәубесін қабыл алады"-деген.


Демек бізге бір Аллаға ғана тәуекел етіп, осы күресте бір Өзінің көмектесуін сұрап, неғұрлым күнәні азайтып, тәубені арттыру қажет. Бұл тығырықтан да алып шығатын Алла ғана! Алла адасудан сақтасын!


Қарағанды облыстық орталық мешіті

ӘминаОмарова

 



Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары