Имам Мәлік (оған Алла разы болсын) Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізеді: «Жаратушының алдындағы ең жақсы амалдың не екінін сендерге айтайын ба? Ол амал сендерді өлтіреді немесе сендер оны өлтіресіңдер. Ол амал сендердің дәрежелеріңді өсіретін дұшпандарың - алтын мен күміс таратқаннан да артық дәрежелеріңді өсіреді». Сонда сахабалары: «Ол қандай амал?» деп сұрады. Пайғамбырымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алланы еске алу» деп жауап берді.
Алланы еске алу – мұсылманның әрбір іс-әрекетінде болу қажет. Ол қайда не істеп жүрсе де Алланы есінен шығармауы тиіс. Бұл біздің дініміздің шегерілмес бір бөлшегі. Алла Құранда айтады: «...Мені еске алу үшін намазды толық орында». (Та һа сүресі, 14-аят).
Жиі еске алу немесе зікір дегеніміз не? Бұл сөз Құран Кәрімде 300 рет кездеседі. Алланы зікір ету барлық жаратылыста бар, яғни оның табиғат кереметтерінде, бұл табиғатты «Үнсіз Құран» деп те атап кеткен. Құран секілді табиғат бізге тылсым дүниелерімен Алланың бар екенін дәлелдеуде. Әлемнің өзі ғаламаттың не үшін пайда болып, адам бұл өмірге не үшін келгендігін үнсіз айтып тұр. Қазір ғаламтор беттерінде құлшылық етіп тұрған, яғни намаз оқып тұрғандай кейіпте өсіп тұрған ағаштардың суреттері, аспандағы бұлттардың Алла деп жазылғандай бейнеде көрініс табуы, өсімдіктертің Алла деп өсіп тұрғаны және т.б. көптеген суреттерді кездестіруге болады. Пайғамбарымыз Мұхаммедті (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «жүруші тірі Құран» деп атағанындай, жаратылысты «үнсіз Құран» деп айтады. Барлық тіршілік біз естімесек те «Мен – Жаратушының жаратылысымын, менің құдайым – Алла» деп үздіксіз қайталап тұрады. Алланы тану деп - айналаңды тануды айтса керек. Алланы танып, жиі еске алу – Құранның үндеуі. Ал, Алланы зікір етуді Алланың өзі бір емес, бірнеше рет айтады: «Әй мүміндер! Алланы өте көп зікір етіңдер.» (Ахзаб сүресі, 41-аят). Біз не істесекте Алланы есімізде ұстауымыз қажет. Ол бізді көріп тұрғанын сезінуіміз шарт. Өйткені, Алла бізге өзін ұмытуды шектеген: «Сондай, Алланы ұмытқан, Алла оларға өздерін ұмыттырған кісілер тәрізді болмаңдар. Міне солар бұзақылар. (Хашр сүресі, 19-аят). Алланы ұмыту ең үлкен күнә. Өзін жаратқанды қалайша ұмытуға болады?! Ешқашан да ешнәрсе ұмыт қалмақ емес, осыны меңгерген жанның жүрегі Алла деп қана соғуы керек. Алланы ұмытып, күнәхарлардан болып қалудан баршамызды сақтасын! Келесі бір аятта Жаратушы Иемізді еске алуда үлкен қайыр барлығы айтылған. Осы өмір мен өлгеннен кейінгі өмірде де жақсылықтың барлығы айтылады: «Сондай-ақ Алланы көбірек зікір етіңдер. Әрине құтыласыңдар.» (Жумаа сүресі, 10-аят). Алланы ұмытып, дүние байлығына еріп кеткеннің ақыры бейшаралыққа, сәтсіздікке ұрындырады: ол турасында Құранда: «Әй мүміндер! Сендерді малдарың, балаларың Алланы еске алудан тоспасын. Әлде кім бұны істесе, міне солар, зиян тартушылар.» деген.
(Мунафиқун сүресі, 9-аят). Алланы еске алушы Оның назарына ілігеді. Жаратушымыз біздің жүрек түкпіріндегі ойымызды біледі. Кімнің жүрегінде иненің ұшындай болса да иман болып, ол Алланы зікір етсе, Алла оны да еске алады. Бұл сөзімізді Құрандағы мына аяттар дәлелдейді: «Енді, Meні еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкіршілік қылыңдар да қарсы болмаңдар.» (Бақара, 152-аят).
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тәспі аударғанда оң қолының саусақтарымен аударған. Өйткені, қиямет күні Алланың алдына барғанда адамның қолдарынан сұрақ алынады. Сол кезде «Аллаһу Акбар», «Субханааллаһ», «Альхамдулиллаһ» деп, Алланы еске алған қолдар адам үшін араша болады екен. Олай болса, Аллаға жақындығымызды мақтаныш үшін емес, жанымызды Жәннатта ету үшін, Алланың разылығын алу үшін істегеніміз абзал.
Құран Кәрімде зікір сөзі 300 рет айтылған болса, Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қаншалықты көп айтып кеткенін сезіп те отырған боларсыз. Бір хадисінде Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Адамның өмірі Алланы еске алумен тұрады. Өз Жаратушысын есіне алмайтын жүрек-өлі жүрек, ондай жүректің иесі – өлі жаны жоқ адаммен тең» деген. Басқа бір хадисте: «Алланы еске алушы – тірі жан, ал, кім Алланы еске алмаса – өлік» (Аби Муса). Осыған ұқсас хадис басқа жерде былайша өрбиді: «Алланы еске алушы үй – тірі, Алланы еске алмаушы үй – өлік», яғни әрбір үйде Жаратушы Иені еске алып, зікір етіп отыру қажет. Алланың сөзі – Құран оқылған үйде береке бар. Абу Хурайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте: «Құлдарым мені ойласа, Мен оның жанындамын, егер ол зікір етсе, Мен онымен біргемін. Ол Мені жеке өзі отырып зікір етсе, Мен оны жеке есіме аламын, ал, көпшілікпен еске алса, Мен де оны көппен бірге есіме аламын. Ол Маған жақындағысы келсе, Мен жүремін. Ол Маған қарай жүрсе, Мен оған қарай жүгіремін» деген. Ибн Аббас (оған Алла разы болсын): «Расында шайтан Адамның баласының жүрегін қарауылдайды. Ол Алланы ұмыта бастағанда, шайтан оны азғырады. Біз оған мүмкіндік берген сайын, шайтан адам жүрегін жаулап ала береді. Ал, одан құтылудың жолы – Алланы жиі еске алу». Расында, бір жаман қылықты істеген адам, оны жиі-жиі қайталап, соңында әдетке айналып кетеді. Иманнан алыстаған сайын, жүректе от сөне береді. Осы дүниенің қызығына алданып, ақыретті ұмыта бастайды екен адам баласы. Ал, өлімнің қашан келері бір Аллаға ғана аян. Құран Кәрімнің Муминун сүресінде: «Шынында иман келтіргендер құтылды. Олар, сондай мүміндер, намаздарында іштей жалбарынады. Олар, бос нәрселерден аулақ болады.» дейді. (Муминун сүресі, 1-3 аяттар). Хасан аль-Басри (оған Алла разы болсын): «Қайырды 3 нәрседен іздеңдер: намаздан, Аллаға зікір етуден және Құраннан. Егер, осылардан рахат тапсаңдар онда иманды игергендерің, ал егер олай болмаса, онда сендерге есік жабық, себебін басқадан іздеңдер» деген. Шын мәнінде, жүректегі иманымызды күшейту әркімнің өз қолында. Тек жалқаулыққа бой алдырмай, дүниенің қызығын қумаған абзал. Жалған дүниенің қуанышына рахаттанып, мәңгілік өмір туралы ұмытпайық, ағайын!.
Алланы еске алуды әдетке айналдырайық. Барша мұсылман бауырларды жақсы амалдармен Алланың назарына ілінуін тілеймін!
Төлтаев Ербол Мұқанұлы
Балқаш қаласының мешітінің бас имамы
Пікірлер