Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Бақтыбай БЕЙСЕНБАЕВ: Заң талабын сақтағандарға қауіп жоқ
16 тамыз, 2018 жыл 27 Басып шығару нұсқасы

Еліміздегі өзгертулер мен толықтырулар енгізілетін Дін туралы заң жобасына қатысты қоғамда түрлі пікірлер легі әлі де жалғасуда. Кез келген заң, құжат халықтың мүддесі үшін жасалады. Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан әрі діни ахуал әлемді алаңдатып отырғандықтан, аз-маз шектеулер орын алуы мүмкін. Оған біз түсіністікпен қарағанымыз жөн. Төмендегі сұхбатта ҚМДБ-ның Оңтүстік Қазақстан өңірі бойынша өкілі, исламтанушы Бақтыбай Бейсенбайұлы осы мәселелерге байланысты ой өрбіткен болатын.

– Кез келген қоғамға заң керек. Соның ішінде Дін туралы заңның ерекшелігі қандай болғаны дұрыс? Мәселен, осы саладағы заңымызға өзгертулер мен толықтырулар енгізуге не себеп болды? Қандай қажеттілік туындады? Бұрынғы заң мен жаңа жобаның айырмашылығы бар ма?

– Заң нормаларын қабылдау немесе кейбір нормаларға өзгерістер енгізу қоғам өміріндегі маңызды да түйткілді мәселелерді реттеу, қажеттіліктерді орындау үшін қажет. Заңсыз қоғам жоқ. Адамның адаммен, адамның қоғаммен қарым-қатынасы заң деп аталатын құқықтар мен міндеттердің жинағына негіз болған теңқұқықтық, әділдік, адамгершілік секілді қағидаттарға сүйене құрылады.

Дін – елдің басын қосып, ұлт пен ұлысты қалыптастыруға, яки тұтас бір мемлекетті ыдыратуға әлеуеті бар қуатты ұстаным. Сондай-ақ дін жеке тұлғаның ой-өрісі мен көзқарасынан бастап, қоғамдағы мәдениеттің, дәстүрдің, тіпті қоғамдық сананың дамуына ықпал етеді.

Қазақстанда бүгінде 18 дін және конфессия өкілі өмір сүреді. Олардың бәрі діни қажеттіліктерін емін-еркін қанағаттандыруға құқылы. Осы орайда мемлекет көпконфессиялы қоғамда тұрақтылық пен келісімді сақтау үшін заңдарға, соның ішінде діни мәселелерді қамтитын нормаларға өзгерістер енгізіп, мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынастар жүйесін жетілдіруге жол салып жатыр.

Еске түсірсек, 1992 жылы бізде «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданған болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елдің жағдайы оңай болмағаны белгілі, аз уақыт ішінде көптеген заң қабылдануы қажет болды. Сол сындарлы кезеңде дін саласында тым либералды заң нормаларының қабылдануы салдарынан елде заңсыз әрекет ететін миссионерлер қаптап кетті. Шетелдік діни ұйымдар мен қорлар жастарымызды өз елдеріне оқуға әкетіп, санасын уламады ма? Осы заңдардың осал тұстарынан қоғамда шетін көзқарастар таралып, соның кесірінен 2011 жылдан бері бірқатар террорлық қанды оқиғалар болғанын да көзіміз көрді.

Кейбір деструктивті жалған діни ұйымдар теріс пиғылдарын жасыру мақсатында сан-алуан әлеуметтік бағдарламаны қолға алды. Бір ұйым бірнеше ұйымға бөлініп қызмет ете бастады. Тіпті діни ұйымдарға мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді пайдалану үшін бірқатар қаржылық ұйым өздерін діни бірлестік етіп тіркеген факті де орын алды. Сондықтан дін саласын жан-жақты пысықталып қабылданған заң нормаларымен реттеу –еліміздің болашағы үшін аса маңызды.

Қазіргі таңда еліміздегі діни ахуал 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңмен реттеліп отыр. Бұл заң, әрине жаңа тілге тиек еткен проблемаларды біршама реттеуге жол ашты. Дегенмен, қоғамымыз азаматтық қоғам ретінде дамып келеді. Онымен бірге шешімін таппай тұрған жаңа мәселелер туындауы – заңды құбылыс.

Ел аумағында қызмет ететін діни бірлестіктерді мемлекеттік тіркеудің елегінен өткізген соң, ел ішінде туындаған түйткілді мәселелерді реттеудің қажеттілігі пайда болды. Оған мысал ретінде радикалды ұстанымды ұрандатып отырған салафилік топтар арасында кең етек алған заңсыз неке-талақ проблемасын айтпасқа болмайды. Себебі, бірнеше рет заңсыз некеге тұрып, кенеттен ажырасқан жастардың, соның салдарынан жетім қалған балалардың саны артып келеді. Бұл мәселе тіпті мемлекеттік деңгейдегі әлеуметтік проблемаға айналған. Заңға жаңа енгізіліп жатқан өзгерістердің бір қыры осы олқылықты реттеуге бағытталған.

Сонымен қатар заңға енгізілген өзгерістер елдегі заңсыз миссионерлік қызметті қатаң тыйым салуды көздейді. Естеріңізде болса, заңның алдыңғы нұсқасында да мұндай шектеулер бар еді. Десе де, мұндай шектеулердің тиімділігін арттыру мақсатында «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» және басқа да заңдарға кәмелет жасқа толмағандарға заңсыз діни ықпал жасауға тыйым салатын нормалар енгізілуде. Заңдағы өзгерістерге сәйкес, еліміздің «Білім туралы» заңына білім беру мекемелерінде тіркелмеген діни бірлестіктердің өкілдеріне діни іс-шаралар ұйымдастыруға тыйым салу туралы нормалар енгізілуде. Сондай-ақ жаңа өзгерістер бойынша шетелде заңсыз діни білім алуға шектеулер қойылуда.

Мұндай шектеулер жеке үйлерде заңсыз діни дәрістерді өткізуді де қамтып отыр. Себебі, экстремистік және террористік топтар да, деструктивті діни ағымдар да прозелитистік әрекеттерді жеке пәтерлер мен тұрғын үйлерде жүзеге асырғаны туралы деректер бар. Сондықтан бұл шектеулердің заңнамалық деңгейде қабылдануы бүгінгі күнде қоғамның қажеттілігінен, мемлекеттік және ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың өзектілігінен туындағанын ұққанымыз жөн.

– Жаңа заң жобасында сәләфизмге немесе бетін тұмшалағандар мен қысқа балақ киіп, қауғадай, ебедейсіз сақал қойғандардың іс-әрекетіне тыйым салына ма? Сондай-ақ азаматтарымыздың өзге радикалды ағымда екендігін анықтайтын алғышарттар мен механизмдері қарастырылған ба?

– Дін туралы заңға және діни мәселелерге қатысты енгізілетін өзгерістердің барлығы кешенді түрде қоғамдағы экстремизм мен терроризм алғышарттарын жоюға, шетін көзқарасты идеологияны насихаттауды шектеуге, радикалды топтардың ықпалынан зардап шеккендерді оңалтуға бағытталады. Заңдағы өзгерістер адамның киіміне, оның бет-әлпетіне қатысты дискриминациялық тыйымдарды шектемейді. Оған заңды оқып шығып, көз жеткізуге болады. Дегенмен, жаңа заңдағы өзгерістерге сәйкес, қоғамдық орындарда қауіпсіздікті сақтау мақсатында бетті тұмшалауға, айналасындағыларға өзінің тұлғасын жасыратын киімді қолдануға тыйым салатын нормалар қарастырылған.

– Көптің көкейіндегі бір сауалдың анық-қанығын көз жеткізсек, шет елдерде діни білім алуға тыйым салына ма?

– Шетелдерде діни білім алуға тұтастай тыйым салынбаған. Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл мәселеде шетелдік діни ұйымдар тарапынан қаржылық қамтамасыз етілген жастарымыз жаппай өзге елдерге діни білім алуға шығып, бұл күнде солардың арасынан радикалды уағыздарды таратып жүргендер аз емес. Осы проблеманы реттеу үшін ең алдымен отандық діни білім беру жүйесін дамытуды қолға алған мемлекетіміз, кәсіби діни білім беретін жоғарғы оқу орнын, сондай-ақ медреселердің қанат жаюына жағдай жасады.

Ендігі кезекте, заңға енгізілетін өзгерістерге сәйкес жастарымыздың діни білім алуы отандық оқу орындарынан басталатын болады. Дегенмен, шетелде діни білім алуға ниеттенген азаматтарға сенімді саналатын, яғни бізде заңды тіркелген діни бірлестіктермен ортақ меморандумы немесе басқа да келісім-шарты бар шетелдік діни оқу орындарына түсуге мүмкіндік бар.

– Заң бойынша мешіттерден өзге ғибадат орындарында қиылған неке заңсыз болып есептеледі деген ақпаратты көзіміз шалып қалғаны бар еді. Неге бұлай? Сонда өзге дін өкілдері де мешіттерге келіп некелерін қидыруы қажет пе? Осы мәселенің басын ашып берсеңіз.

– Тағы да қайталап айтайын, неке мәселесіне қатысты заңға енгізілетін өзгерістер қоғамда заңсыз неке-талақ проблемасының ушығуынан туындап отыр. Қазақстан секілді зайырлы мемлекетте заңды неке деп АХАЖ бөлімінде тіркелген некелер ғана мойындалады. Ал дініміз бен дәстүріміздегі неке Алланың құзырында шариғаттың шарттарын орындай отырып қиылады.

Мемлекеттік некеге тұрмай, тіпті ата-анасы мен туыстарынан жасырынып некеге тұрып жатқан жастарымыздың саны соңғы кезде күрт өсуде. Мұндай қадамға көбіне теріспиғылды діни ағымдар өкілдері барады. Заңсыз некеге жасырын тұрған қыз-келіншектердің құқықтары осылайша мемлекеттің қорғауынан тыс қалып қоюда. Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы секілді тіркелген діни бірлестіктің мешіттеріндегі некелер мемлекеттің неке туралы заң нормаларын ескере отырып қиылады. Мешітке неке қидыруға келген жастарға міндетті түрде ата-аналары мен туыстарының рұқсаты, тіпті неке қию сәтінде қатысуы талап етіледі. Ал өзге дін өкілдері мешіттерге барып неке қидыруы шарт емес, олар бұл мәселеде өздерінің ұстанған діни сеніміне сәйкес, ресми діни бірлестіктеріне жүгінуі мүмкін.

– Бұл заң күшіне енген жағдайда кәмелетке толмаған жасөспірімдер мешітке ата-анасынсыз кіре алмайды. Сонда жазғы лагерлерге де ата-аналары бірге еріп келе ме?

– Дін атын жамылған радикалды топтар өз қатарларына көбіне жасөспірімдерді арбап тартуға тырысатыны белгілі. Заңдағы кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдерге қатысты шектеулер негізінен осындай топтардың прозелитистік әрекеттеріне тосқауыл қою үшін енгізіліп жатыр. Дегенмен, заңдағы өзгерістерді қарап өтсеңіз, мұнда жасөспірімдердің қоғамдық діни жоралғыларға ата-анасының немесе қамқоршысының рұқсатымен қатысуға болатыны көрсетілген.

Мемлекеттің мұндай қатаң нормаларды қабылдауы қазіргі түйткіл проблемаларды шешуге бағытталады. Ал заңдар қоғам секілді мәңгі тұрақтап қалмайды, өзгермелі келеді. Жаратушы Жаппар иеміз қаласа, елдегі діни ахуал біршама реттелген кезде заңдарымыз да сол жағдайларға сәйкес әлі де өзгерістер мен толықтыруларға ұшырайды.

Менің байқағаным Заң жобасында елімізде ресми тіркелген діни бірлестіктердің мүдделеріне қайшы келетін тұстары жоқ. Сондықтан, заң талаптарын сақтағандарға қандай да бір қауіп болмайды.

– Әңгімеңізге рахмет!

muftyat.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары