Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Миғраж түнінің сауабынан құр қалмайық
01 сәуір, 2019 жыл 12506 Басып шығару нұсқасы

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Ислам дінінде мүбәрак саналатын Ережеп айында қасиетті екі түн бар. Бұл айдың алғашқы жұмасы – Рағайып түні болса,  екіншісі – айдың жиырма жетінші түні – Миғраж сапарына дөп келеді. Бір хадисте былай делінген: «Сондай-ақ, бес түн бар. Алла тағала осы аталмыш түндерде өзі үшін мінәжат етілген дұғаларды шәк-шүбәсіз қабыл етеді: Ережептің алғашқы түні, Шағбанның 15-ші түні, Жұма түні, Ораза және Құрбан айттардың түндері».

Миғраж түні – Миғраж сапары хижреттен бір жарым жыл бұрын Ережеп айының жиырма жетінші түнінде болды. Миғраж, сенімді дерек көздеріне қа-рағанда, Мәдинаға көшпестен бір жарым жыл (621 ж.) бұрын болған. Ережеп айының жиырма алтысынан жиырма жетісіне қараған түні Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) пыраққа мініп түнгі сапарда көк жүзінен өтіп, Ұлы Жаратушының құзырына шыққан болатын.

Осы түнде періште Жәбірейіл (ғ.с.) пайғамбарымызға (с.ғ.с.): “Ей, Мұхаммед, Алла тағала ешкімге нәсіп етпеген шарапатты саған нәсіп етпек. Сені құзырына шақырды”, – дейді. Осыдан кейін Жәбірейіл (ғ.с.) Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызды әл-Харам мешітінен әл-Ақса мешітіне бір сәтте алып келеді. Бұл туралы Алла тағала қасиетті Құранда: “Алла – пәк. Мұғжизаларымызды көрсету үшін (Алла тағала) бір түні өз пендесін (Мұхаммедті) әл-Харам мешітінен төңірегі тұнған береке-байлық – әл-Ақса мешітіне алып келді. Шынында, Ол (Алла тағала) естуші әрі көруші” («Исра» сүресі, 1-аят), – деді.

Сөйтіп үмметіне екі дүниенің бақытына кенелетін теңдесі жоқ сый – намазды әкелген еді. Миғраж түнінен кейін Жәбірейіл (ғ.с.) келіп пайғамбарымызға (с.ғ.с.) намаздардың уақыттары мен оның оқу тәртібін үйретеді. Сол күнге дейін ол Ибраһим (ғ.с.) намаз оқығандай, күніне екі рет – таң мен кешкі уақыттарында екі ракаттан төрт ракат намаз оқып жүретін.

Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ұлық мұғжизасы исра және миғраж оқиғасын барлық мұсылмандар үлкен нығмет әрі құрмет деп қабылдаулары тиіс. Пенде намаз оқыған сәтте бейне бір миғражға көтеріліп, Алланың құзырына барғандай әсерленеді.

Міне, ережеп айы осындай қасиетті түндерімен де құнды. Қасиетті күндер мен түндерден басқа күні жасалған әрбір игі іс, Құраннан оқыған әрбір әріпке сауапта берілсе, бұл қасиетті айлар мен түндерде сауаптар саны тіпті еселенеді. Сондықтан, бұл айларда қолымыздан келгенше, Құран оқып, дұға жасап, кешірім тілеп, пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтып, ораза ұстап, нәпіл намаз оқып, құлшылық етейік. Бұл керемет мүмкіндікті өткізіп алмауға тырысқанымыз абзал.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деп бұйырады: «Мені мұқият тыңдаңдар! Ережеп адамдардың ұрыс-керіске араласпай тыныш, бейбіт жүретін Алланың айы болып табылады. Кімде-кім жүрегімен сеніп және шын пейілмен маңыз беріп, Ережеп айында бір күн ораза ұстаса, Ұлы Алланың ризалығына бөленеді»; «Ережеп – Алланікі, Шағбан – менікі, Рамазан болса, үмбетімнің айы» (Дәйләми, Фирдаус ІІ, 275).

Құрметті бауырлар! Миғраж түні мен онда болып өткен ғажайып оқиғалардың берекетімен Алла тағала иманымызды баянды етсін. Қасиетті айлар мен күндерде Жаратқан Иеміз күнәларымызды кешіп, екі дүниенің бақытын берсін. Қиямет күні пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шапағаты баршамызға нәсіп болсын. Мейірбан Алла тағала режеп пен шағбан айларында дүние және дін істерімізге береке беріп, рамазан айына аман-есен жеткізсін!

Ұлы Раббымыз Ережеп айын мүбәрак етіп, қасиетті Шағбан және Рамазан айларына аман-есен жетуімізді нәсіп етсін!

 

Нуров Махмут қажы Нурұлы

«Бала қажы» мешіттің бас имамы

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары