Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Жын-шайтаннан сақтану жолдары
12 желтоқсан, 2015 жыл 5023 Басып шығару нұсқасы

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!


Халық арасында бір істе мүлт кетіп, қателікке бой алдырып жатса «Шайтан азғырды ма?», «Жын түртті ме?» деген сияқты сөздерді жиі қолданады. Бірақ, сөздің байыбына бара бермейміз. Шынтуайтына келгенде жын-шайтанның арбауына түсіп қалудың қаншалықты қасірет екенін біреу білсе, біреу білмес. Әрбір мұсылман Аллаға қарсы шығып, Жаратушы иенің құлдарын азғыруға дайын тұратын осы бір пәлекеттерден сақтану жолдарын біліп, қорғанып жүруі тиіс. Оның бірі біліп, бірі біле бермейтін бірнеше амалдары бар. Төменде солардың қатары тізбектелді.


Сүннет бойынша жын-шайтаннан сақтайтын бірнеше амал бар. Егер адам осы амалдарды орындап жүрсе, онда оған сол күні жын жақындай алмайды.


1. Жыннан сақтану үшін Аллаға сиыну.


Алла айтады: «Ал енді сені шайтаннан бір түлен түртсе, сонда Аллаға сиын. Өйткені, Ол әр нәрсені толық естуші, білуші.» («Фуссиләт» сүресі, 36-аят.). «Егер шайтаннан саған бір түрткі болса, сонда Аллаға сиын. Өйткені Ол, толық естуші, өте білуші.» («Аараф» сүресі, 200-аят). Сүлеймен ибн Сардың жеткізуі бойынша: «Пайғамбармен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірге болған бір жиында екі кісі араздасып қалады. Ол екеуі естуге жаман тиетін сөздермен бір-бірін келемеждеп жатады. Сонда ашу қысып бірі қатты қызарғанын көрген Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бар ашуды қайтаратын сөз білемін. «Аъузу билляхи мин аш-шайтани-рраджим», қазақшасы «Қуылған шайтанның (азғыруынан) Аллаға сыйынамын!». (әл-Бухари және Муслим).


2. Құран оқу


Алла айтады: «...сен қашан Құран оқысаң сенімен ақыретке сенбегендердің арасына көмес бір перде жасаймыз.» (Исра сүресі, 45-аят).


3. Құранның соңғы екі аятын оқу: «Фалақ» және «Нас» сүрелері.


Абу Саид аль-Худриден (оларға Алла разы болсын) жетуі бойынша: «Соңғы екі сүре түскенге дейін Пағамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көз тию мен жыннан сақтану үшін Аллаға сиынып жүрген. Ол сүрелер түскен соң, соларды оқып, жыннан сақтанатын болған». (ат-Тирмизи, ан-Насаи, ибн-Мажжа).


4. «Әл-Бақара» сүресін оқу


Абу Хурайраның жеткізуі бойынша Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Үйлеріңді қабірге айналдырмаңдар. «әл-Бақара» сүресі оқылған үйден шайтан қашады» деді. (Хадисті Муслим жеткізген).


5. «Әл-Курси» аятын оқу.


Абу Хурайра (оған Алла разы болсын) былай дейді: «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мені зекеттен жиналған азық-түлікті күзетуге қойды. Біреу келіп, тағамдарды әкетпек болды. Мен ұстап алып: «Сені Алланың елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) алып барамын» дедім. Ол: «Алланың қалауымен саған пайда әкелетін бір сөз үйретемін» деді. Мен: «Ол не сөз?» дедім. Ол: «Сен ұйықтар алдында «Алла (Т.), Одан басқа еш тәңір жоқ. Ол тірі, толық меңгеріп тұрушы, Ол қалғымайды да ұйықтамайды. Көктердегі және жердегі нәрселер Оған тән. Оның құзырында өзінің рұқсатынсыз кім шапағат етеді? Олардың алдарындағыны да, арттарындағыны да біледі. Олар, Оның қалауынан басқа еш нәрсе білмейді. Оның күрсісі (білімі) көктер мен жерді сыйдырады. Оған, ол екеуін қорғау ауыр келмейді. Және Ол, өте биік, аса зор.» деген сүрені оқы, сонда Алла саған күзетші қойып, шайтан саған таң атқанша жақындай алмайды» деді. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) менен: «Кеше кешке сенің тұтқыныңда болған не істеді?» деп сұрады. Мен: «О, Алланың елшісі, ол маған бір нәрсе үйретіп, сол сөздерді айтып жүрсем, Алланың қалауымен маған жақсылық болатынына сендірді» дедім. Ол: «Не сөз ол?» деп сұрады. Мен: «Түнде ұйықтар алдында «Әл-Курси» аятын оқып жатсам, Алла маған күзетші қойып, таң атқанша шайтан жолай алмайтынын айтты. Сонда Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ол өтірікші бола тұра саған расын айтты. Бұл келген шайтанның нақ өзі» деді. (әл-Бухари).


6. «Әл-Бақара» сүресінің соңғы аяттарын оқу.


Абу Масу әл-Ансаридің жеткізуі бойынша Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Түнде «әл-Бақара» сүресінің соңғы екі аятын оқыған адамға сол жеткілікті» деген.» (Бухари, Муслим).


Әл-Башир ибн Нұғман (оларға Алла разы болсын) Пайғамбырымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізеді: «Алла аспан мен жерді пайда қылмай тұрып, 2000 жыл кітап жазды. Сосын «әл-Бақара» сүресінің екі аятын түсірді. Егер, сол екі сүрені үйде үш түн қатарынан оқыса, онда шайтан ол үйде тұрақтай алмайды». (Хадисті ат-Тирмизи жеткізген. Әл-Албани шүбәсіз деген).


7. Алланы жиі еске алу, зікір ету.


Әл-Харис әл-Ашари Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізеді: «Алла Яхья ибн Закарияға (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) бес істі өзі істеп және оны израиль ұрпағы орындауын бұйырды... Ол Алланы еске алуды бұйырды. Өйткені, Алланы еске алған кездегідей ешқашан ешбір адам шайтаннан құтыла алмайды, әрі Алланы еске алған адам дұшпанынан қашып қорғанатын жер тауып, соған тығылған тәрізді». (ат-Тирмизи).


8. «Ля иляха илля-ллоху вахьдаху ля шарика ляху, ляхуль мульку ва ляхуль хьамду, ва хува аля кулли шайин къадир» деп 100 рет айту.


Абу Хурайраның жеткізуі бойынша Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Күніне 100 рет «Ля иляха илля-ллоху вахьдаху ля шарика ляху, ляхуль мульку ва ляхуль хьамду, ва хува аля кулли шайин къадир» айтқан кісі он құлды босатқанмен тең және оған жүз қайырлы іс жазылып, жүз жаман ісі өшіріледі, сол күні кешке дейін ол шайтанның азғыруынан сақталады. Кім қандай да жақсы іс жасаса ол кісімен ешкім теңесе алмайтындай дәрежеге ие болады.» (Бухари, Муслим).


9. Азан шақыру.


Сухайл ибн Аби Салих былай деп жеткізеді: «Мені әкем Бану Хьарисаға жіберді. Менімен бірге бір құл және жолдасым бар еді. Оны бақтың ішінен бір дауыс шақырды, бірақ ол жаққа қарағанда біз ешкімді көрмедік. Болған жайды әкеме айтқанымда, ол: «Бұл жағдай сенімен болатынын білгенімде, сені жібермеген болар едім. Егер сен сол дауысты естіген болсаң азан шақыр. Өйткені, мен Абу Хурайраның (оған Алла разы болсын) Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқан сөзін жеткізгенін естіген едім: «Шайтан азан дауысын естігенде сасық иісін тастай қаша жөнеледі». (Муслим).


Түкетаев Ардақ Адильханұлы


Ақтоғай аудандық орталық мешіттің бас имамы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары