Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Қажылық әдебі
31 шілде, 2019 жыл 379 Басып шығару нұсқасы

Алла тағаланың бұйрығын орындап, ынта-жігермен құлшылық ету үлкен бақыт. Исламдағы бесінші парыз – қажылықты өтеу үлкен жетістік. Оған әркімнің шамасы жете бермейтіні рас. Алла нәсіп етіп, қажылық сапары бұйырған мұсылмандар барша күнәсінен айырылып, сөзбен жеткізгісіз қуанышқа бөленеді.

Қасиетті сапарға тым кішкентай балаларды апаруға шектеу қойылады. Өйткені оларға қажылық парыз емес. Балиғат жасына толған, қаражаты жеткілікті, жолға денсаулығы шыдайтын мұсылманға өмірінде бір рет қажылық жасау – парыз. Кішкентай балалар кісі көп жерде қиналып қалуы мүмкін. Екіншіден, жасы сексеннен асқан, ауру-сырқауы бар қариялардың бармағаны абзал. Шариғатта өкіл қажылық деген түсінік бар. Мәселен, үлкен кісінің қаражаты бар, бірақ алыс сапарға шығуға денсаулығы шыдамаса, ол орнына бір өкілді белгілей алады. Өкіл жаңағы адамның атынан қажылығын өтеп келеді. Сонда барып келген кісі емес, жаңағы жіберген адам қажы атанады. Жасы үлкен адамдарға осындай жеңілдік ұсынамыз. Өкіл ретінде туысқанын, баласын, көршісін немесе жақын танысын таңдай алады. 

Жыл сайын бір ай бойы миллиондаған адамды бір жерге жинап, ұрыс-керіссіз уақыттарын өткізіп тарқасуы үлкен нығмет. Ондай болса, қажылықтың көрінісінің өзі Ислам дінінің хақ әрі ұлы дін екендігінің дәлелі. Расында қажылық адамды бір серпілтіп, жаңаша көзқараспен өмір сүруіне жол ашады әрі рухани күш-қуат сыйлайды. Қажылықтың кез-келген амалының астарында адамның сенімі мен үмітін оятатын тағылымы мол тәрбие жатыр. Солардың тек бірін ғана мысалға келтіре кетейік. Сафа мен Маруа тауларының арасында сағи жасаушы адам, Хажар анамыз баласы Исмайыл үшін су іздеп сол жерден жүгіргенін есіне алмауы мүмкін емес. Хажар анамыз Аллаға сиынып сағи яғни әрекет еткен. Алла Тағала оның әрекетіне берекет беріп шөл даладан су шығарды. Ондай болса, сағи етуші адам: «Алла Тағала әрекет еткен Хажар анамызға қиыннан қиыстырып жәрдемін берсе, біз де өмірімізде әрекет етсек біздің одан жеңілірек болған жағдайымызға Жаратушымыз неге жәрдемін бермейді» деген үлкен сенім ұялайды. Бәлкі сағидың бір сыры да соған ой жүгіртіп, терең сенім ұялату үшін міндет болған шығар.  

Қажылықтың парыздарын өтеуде ихрамға кіру, Арафатта тұру, тауап ету секілді қағбаны көргенде жанарлардан жас парлап, жүректердің атша тулайтынын, т.б ерекше сезімдердің серпіліс тауып, жаныңа рухани күш беретінін сөзсіз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):  «Кімде-кім қажылық парызын өтеу барысында бос әрі жаман сөзден, сондай-ақ, үлкенді-кішілі күнәлардан бойын аулақ ұстаса, анасынан жаңа туғандай пәк болып қайтады»,- деген.

Осы ретте хадистерде жеткендей анасынан жаңа туғандай пәк болып келуі үшін адамзатқа белгілі бір шарттарды орындағаны абзал. Қажылықтың әдептерін біле жүру әрбір мұсылман үшін де қажетті ілім болып қалмақ.

Қажылықтың әдептері:

Қажылық сапарына жұмсалатын қаражаттың адал болуы. Жүрекпен ниет етіп, шынайы адалдықпен ғибадат ету үшін жол қаражатын өтейтін қаражаттың да адал болғаны абзал;

Дүниелік қарыздардан ада болуы, яғни біреуге қарыз болса сол қарызды өтеуі тиіс. Ол жүректі жұбатады, көңілді орнықтырады;

Өткен күнәлары үшін жүрекпен тәубе етіп, Алладан кешірім сұрау;

Дер кезінде өтей алмай, қаза еткен құлшылықтардың орнын толтыруға тырысу;

Қажылық сапары туралы білетін, осы іске жауапты мамандардан кеңес алу;

Жолға шығардан бұрын отбасымен, ағайын-туыстары және жолдастарымен қоштасу;

Рияға жол бермеу. Мақтаншақтық пен тәкаппарлық сезімдерінен бойды сақтап, кішіпейіл, мейірбан болу;

Сапар барысында мүмин мұсылмандармен жолдас болу;

Жолға шығарда және үйге қайтар кезде екі рәкат намаз оқу;

Пайдасыз істермен көңіл көтермей, уақытты зікір, салауат немесе Құран оқумен өткізу.

 Ал, әйелдерге қатысты қажылықтың өз шарттары бар. Қажылыққа баратын әйелдің жанында күйеуі немесе некелесе алмайтын ер туысы (махрам) болуы шарт. Алла елшісі (с.ғ.с.) «Әйел адам өзімен бірге махрам туысқаны жүрмесе, үш күн ұзақтығындай жолға шыға алмайды», - деген. Сондай-ақ, қажылыққа шығатын әйелдің етеккірі болмауы шарт. Бұған қоса күйеуі талақ қылған (ажырасқан) немесе күйеуі қайтыс болған әйелдің етеккірді күткен уақыты болмауы керек. Алла тағала: «(Талақ қылған әйелдеріңді) үйден шығармаңдар», - деген («Талақ» сүресі, 1-аят). Сол себепті, қажылық өтеуге ниеттенген әйел жан тазалығымен қоса тән тазалығына да мән беруі тиіс.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім әйелімен жақындаспай (жақындасуға себеп болатын барлық нәрседен аулақ болып) және күнә істемей қажылық жасайтын болса, анасынан жаңа туғандай күнәларынан арылып қайтады», - деген.

Ескеретін үлкен жай бар. Қажылық сапарында мынадай фактілер кездескен. Қажылықтан қайтып бара жатқан кезде, әуежайда тегін кітаптар таратылады. Біздің қажылар оны арабша жазылған Құран кітабы деп ойлайды да, бізге әкелгенде, ол бізде таратуға болмайтын, сараптамадан теріс қорытынды алған кітаптар болып шығады. Сондықтан біз гидтерге алдын ала ескерттік:   сырттан келгендерге қонақ үйде қажылармен кездесуге тыйым салынады.  Сондықтан осы үлкен сапарға аттанбақ болған азаматтар осы мәселелерге мән берсе екен.

Ұмра немесе кіші қажылықтың өз айырмашылығы бар. Умраға кез келген уақытта баруға болады. Үлкен қажылық Құрбан айтпен байланысты болса, үлкен қажылыққа барып тұрып та, кіші қажылықты өтеуге болады. Тіпті бір емес, бірнеше рет. Кейбір кезде таныстары барып жатса, менің атымнан кіші қажылық жасап жіберші деп өтініп жатады. Оның да сауабы үлкен. Кіші қажылық жасау үшін орта есеппен 3-5 сағат жеткілікті. Кіші қажылықта жеті рет Қағбаны айналып, тәуап жасайды, сосын Сафа мен Маруа арасында жеті рет жүгіреді, кейін шаш қысқартады. 

Үлкен қажылықты бір барған адам бір-ақ рет жасай алады, ал Ұмраны уақытың болса, бірнеше рет жасай беруге болады. Кейбіреулер үлкен қажылығын жасайды да, бауырларының, ата-анасының, жақын достарының атынан кіші қажылық жасап, сауабын сол кісіге бағыштайды. Бұл жерде айта кететін жайт, кіші қажылыққа барғандар қажы атанбайды, тек үлкен қажылық жасағандар ғана.  

Алла Тағала «Әл-Имран» сүресінің 96- 97 аяттарында: «Негізінен адам баласы үшін Меккеде алғаш құрылған үй (Қағба) бүкіл әлемге мүбарак және тура жол. Онда ашық белгілер, Ыбырайымның (оған Алланың сәлемі болсын) орны бар. Сондай-ақ кім оған кірсе, аман болады. Оның жолына шамасы келген кісілер, Алла үшін Қағбаны зират ету (хаж қылу) керек. Ал кім қарсы келсе, Алла барлық әлемнен бай» – деп баяндаған.

Қажылыққа аттанбақ болған барша мұсылмандарға Алла жар болсын!

 

Төлтаев Ербол Мұқанұлы

Балқаш қалалық орталық мешітінің бас имамы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары