Тілдік нұсқа
Радио

мақала

САЛАУАТ ХИКМЕТІ
22 желтоқсан, 2015 жыл 49 Басып шығару нұсқасы

Құрметті жамағат, желтоқсан айынан бастап Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) туған айы – Рәббиәәууәл айы туды. Әрбір мұсылман адам шамасы келгенше Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын ) салауаттар айтқаны абзал.


 «Ахзаб» сүресінің 56-аятында: «Шын мәнінде Алла Тағала мен періштелер Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтады. Ей, иман келтіргендер! Сендер де оған салауат айтып, Алла Тағаланың сәлемін жолдаңдар!» деген. Осы аятта Алла Тағала «Шын мәнінде» деп Әлемдерді Жаратушы Раббымыз Өзінің күнәдән пәк періштелерінің алдында Пайғамбарымыз Мұхаммедті атап, жақсы сипаттармен сипаттауы – ең ұлы мақтау әрі баға жетпес мадақ емес пе?! Міне, осы бір мадақ түріне Пайғамбарымыз Мұхаммед лайықты бола алды. Ондай болса ол кісінің сүннетіне ілесіп, дінін ұстанған адам да осы бір мадаққа іліге алары сөзсіз! Жоғарыдағы аятта «...және Оның періштелері» делінген. Енді бір сәт назар аударсақ, Алла Тағала «періштелері» деп, көпше түрде айту арқылы барлық періштенің салауат айтатынын атап өткен. Құран мен сүннеттен хабар келген періштелерге кішігірім шолу жасап өтер болсақ, аспандар мен жерді мекендейтін періштелер саны өте көп әрі олардың саны бір Аллаға мәлім. Жетінші аспандағы «Бәйтүл мағмұрға» күніне жетпіс мың періште кіріп, екінші рет қайтып кірмейтіні айтылған. Адам атадан осы Қияметке дейінгі әрбір адам қасында жақсылығы мен жамандығын жазып отыратын екі періштеден болады, сондай-ақ әрбірінің алды мен артынан да екі періште бар. Уахи әкелуші періште, табиғат заңдылықтарын реттеуші періште, өлім періштесі, Қияметте сүр үрлейтін періште т.б. бізге хабары мағлұм періштелер мен біз білмейтін періштелер саны өте көп. Енді осынау сансыз періштелердің Пайғамбарға салауат айтып, Алладан дұға тілеуі – Пайғамбарымызға берілген үлкен нығмет емес пе?! Бұл Алланың мейірімінің кеңдігі, Пайғамбарға деген пазылы. Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі бослын) айтылатын салауаттардың санын санап білу де, оның  кемелдігін суреттеп танысу да мүмкін емес.  Аяттың келесі «Әй, иман келтіргендер!» деген жалғасы кімдерге айтылған десек, олар Алла елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтуда алдына жан салмайтын жандарға бағышталған. Ондай болса Пайғамбарға салауат айту – иманның артуында, иманның берік болуына себепші болып табылады. Сол үшін де Алла Тағала салауат айту бұйрығын иман келтіргендерге қаратып айтқан. Бізге жеткен хадисте Пайғамбырымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қиямет күні маған ең жақын адам – маған ең көп салауат айтқан адам» деген. «Оған салауат айтыңдар» деген бұйрық – Ислам үмметіне жүктелген міндеттердің бірі. «Аллаһым, Өзіңнің құзырында Өзіңнің Пайғамбарың Мұхаммедті кемел сипаттармен сипаттап, оған мақтау айт. Мадақтың ең кемел түрін соған арна», - деп елжіреп салауат айту – мұсылман үмметіне берілген ұлы бақыт. Осылай деп салауат айтқанымызда Алла біздің өзімізге де он рет салауат айтатынын кез-келген мұсылман адам біле бермейді. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Салләллаһу аләйһи уә сәлләм!» деген. Бізді мұсылман қылып, Пайғамбарға салауат айта алу мүмкіндігін берген, сөйтіп, әр салауатымызға он есе жауап қайтарып, біздің де есімімізді періштелерінің алдында еске алып мақтаған мейірімді әрі ризығы кең Раббымызға шексіз мадақтар болсын! Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мынадай хадисі бар: «Пайғамбарыңа салауат айтпайынша, дұғаң аспан мен жердің арасында бөгеліп, көтерілмей тұрады».  «Оған ықыласты түрде амандық тілеңдер!» деген бұйрық мағынасы: «Раббым, тірі кезінде оны әртүрлі апаттан, қиянаттан, қастандықтан сақтап, о дүниелік болса есендік бере гөр. Дінін сақтап, қияметке дейін ғұмыр бер. Сүннетін пәк етіп, тура жолдың кемелдігі ете көр», - деп дұға жасау. Бірақ, бұл аяттағы бұйрық қазақ тілінде осынша ұзын көлемді дұға жасау керек дегенді білдірмейді.  Бәлкім, Алла Елшісіне «Салләллаһу аләйһи уә сәлләм!» деп салауат айтып, мағынасын толық түсіну керек етіледі. Бұл сөйлем – аяттағы бұйрықтың толық орындалуына жетерлік сөйлем.


а) Салауат айтудың уәжіп жағдайы:




  • Алла елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірде бір рет болса да салауат айту уәжіп, ал жалпы алғанда бұл мұстахаб амалына жатады. Уәжіпті атқармаған адам күнә алады, ал мұстахабты атқармаған адам күнә алмаса да жақсылықтан құр қалмақ.

  • Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) есімі аталған бетте салауат айту – уәжіп. Кейбір ғұламалар мұстахаб деген. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Мен аталған кезде маған салауат айтпаған адамның мұрны жерге тисін», - деген. Хадистегі «Мұрны жерге тисін дегені» «масқара болып, ұятқа ұшырасын» деген сөз. Сондай-ақ, хадисте: «Мен аталған кезде» деген жерде Алла Елшісінің есімі аталса да, «Пайғамбар» немесе «Алла Елшісі» деп, Мұхаммед пайғамбар меңзелсе де салауат айтылу керектігі байқалады. Бірақ ғұламалардың уәжіп немесе мұстахаб деп үкім тағуы – салауат айтпай қалған адамға қатысты ғана айтылған, яғни есімін естіген кезде салауат айтпай кеткен адам орнын толтыру керек пе жоқ па дегендей. Ал, жалпы алғанда Пайғамбар есімін естіген адам бірден салауат айтып, сәлем жолдауы керек. Ол кісіге Алланың салауаттары мен сәлемі болсын!


ә) Салауат айтудың мұстахаб жағдайлары:


Мұстахаб дегеніміз – істеушісі сауап алып, жасалмаған адамға күнә жасалмайтын жағдай. Мұстахаб жағдайлары өте көп, әрі кей жағдайларда тіпті уәжіп деп қарастырған ғалымдар да бар. Мұстахаб орындарының ең маңыздысы әрі хадистерде жиі аталатыны – «Әт-тахияттан» (тәшәһһудтен) кейінгі салауат. Әйтсе де төменде салауаттың барлық орындарын келтіріп өтуге тырыстық:




  • Төрт немесе үш рәкағатты намаздардың екінші рәкағатынан кейінгі бірінші «Әт-тахият» дұғасынан кейін салауат айту – мұстахаб. Пайғамбарымыз бірінші және соңғы тәшәһһудте де өзіне-өзі салауат айтатын. (Әбу Ғауәнә, Нәсәи, сахих хадис). Имам Шафиғи қай тәшәһһуд болса да салауат айтудың уәжіп екендігін айтқан, алайда «мұстахаб» деген пікір қуаттырақ болып табылады.

  • Намаз соңында екінші «Әт-тахият» дұғасынан кейін салауат оқу – сүннет. Намаздағы салауатқа бір мысал келтірер болсақ, Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаһуммә солли алә Мухәммәд, уә ғалә әәли Мухаммәд, кәмә солләйтә ғалә Ибраһим уә ғалә әәли Ибраһим, иннәкә хамидум мәжид. Аллаһуммә бәрик ғалә Мухаммәд уа ғалә әәли Мухаммәд, кәмә бәәрәктә ғалә әәли Ибраһим уа ғалә әәли Ибраһим, иннәкә хамидум мәжид (Аллаһым, Ибраһимге және оның отбасына (және оған ерушілерге) салауат еткеніңдей Мұхаммедке және оның отбасына (және оған ерушілерге) салауат ет. Шын мәнінде сен мақтауға лайық, аса даңқтысың! Аллаһым, Ибраһимге және оның отбасына (және оған ерушілерге) береке бергеніңдей Мұхаммед пен оның отбасына (және оған ерушілерге) де береке бере көр! Шын мәнінде сен мақтауға лайық, аса даңқтысың!)», - деп салауат айтуды үйреткен (Бұхари). Негізінен «Әт-тахият» дұғасынан кейін айтылатын салауат үлгілері өте көп. Бірақ халқымыздың ерте кезден үйреніп қалған дұрыс нұсқасы осы болуы себепті тек бір нұсқасын келтіріп отырмыз.

  • Жұма, айт намаздарында және жалпы хұтпаларда салауат айту – хұтпа әдебіне жатады. Сахабалар да, оларға ілесуші табиғиндер де хұтпа ішінде Алла елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтатын.

  • Жердің қай түкпірінде болса да Пайғамбарға айтылған салауат иесін тауып барады. Ол кісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Менің қабірімді қайта-қайта келіп-кететін мекенге айналдырмаңдар да маған салауат атыңдар! Шын мәнінде қай жерде болсаңдар да сендердің салауаттарың маған жетеді», - деген (Әбу Дәуд, сахих хадис).

  • Мәжіліске қосылған кезде әрі мәжілістен қайтқан кезде Алланы еске алып, Пайғамбарға салауат айту – сүннет. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Алла еске алынбаған қай жиын болса да Қияметке обалға ұшырайды», - деген (сахих хадис). Осы хадистің түсіндірмесінде ғұламалар: «Бұл жерге салауат айту да кіреді», - деген. Сондай-ақ, Суфиян Сәури мәжілістен тұрған кезде Алла Елішісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтатын.


Соңғы сөзімізді Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  жеткен мына хадиспен жеткіземіз: «Кім маған бір рет салауат айтса, Алла Тағала оған он рет рахметін жолдайды, оның күнәсі кешіріліп, он рет дәрежесі көтеріледі. Қасында менің атым аталып, маған салауат айтпаған адам, анық сараң»  деген.



Төлтаев Ербол Мұқанұлы


Балқаш қаласы мешітінің бас имамы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары