Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Байлық мұраты
12 қыркүйек, 2015 жыл 150 Басып шығару нұсқасы

Бағзыда өте сараң, «жұмыртқадан жүн қырыққан» бір адам өмір сүріпті. Ол өмірін үнемдеумен өткізіпті. Тіпті өзінің ішер асы мен киер киімінен де үнем қылады екен. Бірде суық тиіп, ауырып қалады. Дәрігер оған бадам қайнатпасын ішуге кеңес береді. Бірақ оның бағасын әлгі адам тым қымбат санап, ауырған күйі жүре беріпті. Бір күні ауырып жүрген көршісі оған арпа қауызынан дәрі жасап ішуге кеңес береді. Мұндай қауыз сараң тұрған маңайда көп екен. Көршісінің айтуымен, содан дәрі жасап ішеді. Сөйтіп, жазылыпты. Сол ауырып жатқан күндерінің өзінде әйелінен есеп алып, түскі асқа жасаған әр тамақтан кешкі асқа алып қалуды бұйырады екен.


Күндердің күнінде сараңның ұлы да өседі. Ол ата-анасына қарағанда білімді, ақылды екен. Қатарластарынан қалғысы келмесе де жасөспірім таршылық пен жоқшылықтың салдарынан тұйықтала береді. Баласы әкесіне қалай сабақ боларлық үлгі көрсетуді, әдетінен қалай айықтыруды көп ойластырады. Сөйтіп бақылап жүріп әкесінің алтынын тығып жүрген көмбесін тауып алады. Әкесі алтынын тығып кеткен соң, бала алтын толы қапшықтағы алтынның орнына тас толтырып, алтында басқа жерге жасырады.


Бір күні тағы тапқан алтынын тығу үшін әлгі жерге барған әкесі тас толы қапшықты көріп шалқасынан түсе жаздайды. Дереу баласын шақырып, «Алтынды сен ұрладың ба?»-деп сұрақтың астына алады. Баласы әдеттегі қалыбынан жаңылмай: «О, әкешім! Мен тіпті сіздің алтын көмбеңіз бар екенін де білмеппін»-дейді. Әкесі таяқтың астына алғанда амалы қалмаған баласы: «Иә, шынында алтындарды мен алып, қайтадан орнына салып қойдым»-деп мойындайды. Әкесі: «Алтын емес, орнына тас толтырып қойыпсың. Бұл не қылғаның?»-деп айғайға басады. Сонда баласы: «О, менің жомарт әкешім! Алтын мен байлықты осы дүниенің керегіне, ішер ас пен киер киімге жұмсайды. Ал жерге тасты да көмуге болады»-деп жауап береді. Сонда баласының ақылдылығына дән риза болған әкесі: «Ұлым менің! Алла саған жар болсын! Сенің біліміңді арттырсын! Сен маған жақсы сабақ бердің. Мені өз дұғаңнан тастама»-деген екен.


Қарағанды облыстық орталық мешіті


Әмина Омарова

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары