Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Құрбан айт – ұлық мереке!
18 қыркүйек, 2015 жыл 226 Басып шығару нұсқасы

Мұсылман халқының атаулы мерекесі болып табылатын Құрбан айтқа аз күн қалды. Еліміздегі мұсылман бауырлар осы мейрамға ерекше көңіл-күймен дайындалып жүргені шындық. Қасиетті Құран Кәрімде бұйырылған «Намаз оқы, Құрбан шал» (Кәусар) деген аят әркімге парыз-ақ! Зул-хижжа айының 10-күні мұсылман қауым торқалы тойды мерейлі атап өтеді. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдинаға келген кезінде жергілікті тұрғындардың тойлайтын екі күні бар еді. Алла елшісі (с.ғ.с.) сонда: «Алла Тағала сол екі күннің орнын сендерге олардан әлдеқайда жақсысымен алмастырды. Бреуі – Ораза айт, екіншісі – Құрбан айт» деген. (Тирмизи, Абу Дауд). Сол уақыттан бастап күні бүгінге дейін тойланып келе жатқан бұл мейрам күннен-күнге ұлықтығын асыра түспек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құрбан айт күнін мереке етуге бұйырылдым. Бұл күнді Алла тұтас үмбет үшін мереке етті» деген . (Абу Дауд).


Құрбандық кімдерге уәжіп?


*Әрбір мұсылман жанға;


*Балиғат жасына жеткен ер немесе қыз балаға. Айта кету керек: шарият бойынша ер балалар 12 жасында, қыз балалар 9 жасында балиғат жасына толған болып есептелінеді.;


*Сапарда жүрген адамға құрбандық шалу міндет емес;


*Шариғат бойынша есептелген байлық мөлшеріне жағдайы жеткен азаматқа. Яғни,негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын немесе осы құнға тең келетін артық мүлікке ие болу;


*Жесір қалған әйел дәулеті жетсе құрбан шалуы уәжіп, бақуатты болмаса оған құрбан шалу міндет емес;


*Егер әкесінің дәулеті артып тұрса, балиғат жасына жеткен ер немесе қыз балға өз атынан құрбан шалу уәжіп. Әйел заты құрбан шалмайды деген сөз жалған.Әйел кісіге өз қолымен құрбанын шалуына да, сондай-ақ, өзгеге шалдыртқанда қасында қарап тұруына да болады, мұның ешбір ағаттығы жоқ. Бұған дәлел келтірер болсақ, «Әл-Мүстәдрак» атты хадис жинағында келген бір риуаятта Алланың Елшісі (с.ғ.у.) қызы Фатимаға: «Ей, Фатима! Құрбан малыңның қасына барып, қарап тұр! Оның қанының алғашқы тамшысы сенің өткен күнәларыңның кешірілуіне себеп болады. Құрбан шалынып жатқанда мынаны оқы: «Сөзсіз менің намазым да, құлшылығым да, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемнің Раббысы Аллаһ тағала үшін!», – деп кеңес еткен (әл-Хаким).


Кез келген құрбан шалу: мейлі ол мерекелі болсын, мейлі басқа болсын – тек Алла Тағалаға арналуы тиіс. Құранда мынадай аят бар: «Намазым, құрбандығым, тіршілігім және өлімім бүкіл әлемің Раббысы – Алла үшін! Оның серігі жоқ. Осылай бұйырылдым және мен мұсылмандардың алғашқысымын!», -де». («Әнғам» сүресі, 162-163). Әли ибн Әбу Талибтің сөздерінен Алла Елшісінің (оған Алланың игілі мен сәлемі болсын): «Алла Өзінен басқа үшін құрбан шалған адамды лағынеттеді», - депайтқаны жеткізіледі. (Муслим). Алланың атымен және Алла үшін сойылатыннан басқаның бәрі – серік қосуболып табылады. Ал, серік қосу өте ауыр күнә. Құрбандық шалу ғибадатының маңызды болуының


бір себебі – адам өз нәпсісін, яғни мал-мүлікке деген махаббатын жеңіп, Алла разылығы үшін малын құрбан етеді. Ризықты беруші –Алла және оны Алла жолында жұмсамау үлкен ағаттық. Барлық амалдар шын ықыласпен, жүректен шыққан ниетпен болуы керек. Ниетсіз шалынған мал - етін жеу үшін ғана сойылғанмен пара-пар. Әр құлшылықтың уақыты мен үкімдері болғандай құрбан шалудың да өз уақыты бар. Бұл турасында Алла елшісі (с.ғ.с.): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намаз оқу, содан соң қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Мұның құрбан болуы мүмкін емес», - деп баян еткен. (Бухари). Алланың қадір тұтқан қасиетті белгілері мен күндерін құрметтеу – жүректегі тақуалықтың белгісі. Шалынған құрбандықта адамның ішкі қалауы, тақуалығы, Аллаға деген иманы сынға түседі. Аллаға біз шалған малдың еті емес, құрбан шалардағы ниетіміз жетеді. Сол себепті ниет таза, шын жүректен болуы тиіс. Құранда: «Кімде-кім Алланың нышандарын (белгілерін) ұлықтаған болса, күдіксіз бұл жүректегі тақуалықтан» делінген. («Хаж» сүресі, 32-аят.). Мұсылманның өзге үмбеттерден айырмашылығы – Алла Тағаланың мұсылман үмбетінің көңіл көтеретін мерекесінің өзін ғибадатқа айналдыруы. Демек, Құрбан айт – мұсылмандар үшін ерекше елеулі мереке болуымен қатар, Жаратқанға жақындататын құлшылық ғибадат болып табылады. Құрбан айт мерекесі құрбан малдарын шалумен ерекшеленеді. Құрбандықты ең алдымен, тақуалық және ықыласпен безендіруіміз керек. Оны Алла көріп тұрғандай сезініп, атқаруымыз ләзім. «Алладан өздеріне ризық ретінде берілген құрбандық малдарды белгілі күндерде Алланың атын айтып, құрбандық шалынсын» деген. (ибн Мәжә). Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адам баласы құрбан айт күні қан ағызудан да (құрбан шалу) сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындағанемес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Мал ағызылған қаны жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан, малдарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар» деген. (Тирмизи). Алла елшісі (с.ғ.с.) құрбандық шауға жағдайы жоқ адамдардың атынан да мал шалған. Әнәс (р.а.) жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) құрбандыққа мүйіздері үлкен қара ала екі қошқарды құрбандыққа шалды. Сондай-ақ, (қырымен жатқызып) аяғын жамбастарының үстіне қойып,: «Бисмилләһи уа Аллаһу акбар»,- деп өз қолымен бауыздағанын көрдім» дейді. Ал, келесі хадисте: «Бисмилләһи, Аллаһу акбар! Бұл менің атымнан жәнеүмбетімнен құрбан шалуға шамасы жетпегендердің атынан», - деді» делінген (Абу Дауд).


Осы хадистерден Құрбан айт күні ерекше ықыласпен, Аллаға құлшылық етуіміз қажеттігін ұғамыз. Олай болса, Құрбан айт күні ертерек тұрып, ғұсыл алып, таза киініп, хош иісті әтір сеуіп, көшеде жолыққан адамға ашық жүзбен қарап, құрбандық етімен ауыз уші үшін намаздан алдын ештеңе жемей, намазға бара жатқанда тәкбір айтып, игі амалдар жасайық! Айт намазына бара жатқанда тәкбір айту Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) сүннет. Өзге дін өкілдеріне ислам дінінің ұлықтығын насихаттау үшін Құрбан айт мерекесінде сыйлық


сыйлап, көршіні қонаққа шақыруды үрдіске айналдыру қажет. Кішкентай балақайларға тәтті үлестіріп, әр үйде қуаныш, береке болғаны абзал.


Алла Тағала әр мұсылманның құлшылығын қабыл етіп, мол сауаптардан жазсын!


Түсіпбеков Асылхан қажы Рахымжанұлы


Балқаш қаласы мешітінің бас имамы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары