Тілдік нұсқа
Радио

мақала

ЕРЕЖЕП – БЕРЕКЕ МЕН БЕЙБІТШІЛІК АЙЫ
26 ақпан, 2020 жыл 10 Басып шығару нұсқасы

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

Құрметті бауырлар!

Баршаңызды қасиетті Ережеп айының келуімен құттықтаймын! Алла Тағала қасиетті айда жасаған құлшылық-дұғаларымызды қабыл еткей!

Құран Кәрімде: «Алла Қағбаны – қасиетті үйді адамдарға тірек етті, сондай-ақ қасиетті (харам) айды, құрбандыққа әкеле жатқан және алқа тағылған құрбандық малдарды да (құлшылық етуге негіз етті)», – делінген («Маида» сүресі, 97-аят).

Ражаб (Ережеп) айы – Алла Тағаланың соғысуға, қан төгуге тыйым салған (Зұлқағда, Зұлхижжа, Мұхаррам, Ражаб) айларының бірі.

«Ражаб» сөзі ұлықтау, құрметтеу деген мағынаны білдіреді. Араб халқы Исламнан бұрын да бұл айды ерекше ұлықтап, қадірлеп, жаман іс-әрекеттерді тоқтатуға тырысқан. Тіпті бұл айда жылдап жалғасып келе жатқан соғыстар, араздықтар тоқтаған.

Кейбір деректерде жер жүзін су басқанда Нұх пайғамбар кемеге Ережеп айының бірінші күні мінген, Мұхаммед пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ең алғашқы уахи Ережеп айында түскен, осы айда Исра және Миғраж оқиғасы болған деген мәліметтер айтылады.

Тағы бір деректе «Ережеп – ол суы сүттен ақ, балдан тәтті және мұздан салқын бір жұмақ өзенінің аты және бұл мөлдір бұлақтан тек осы айда ораза ұстағандар ғана ішеді» делінген.

Ережеп – берекелі әрі ұлық ай. Ондағы аз ғана ізгі іске көптеген сауаптар беріледі, құлшылықтар мен дұғалар қабыл болады. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бес түн бар, онда дұғалар кері қайтарылмайды. Олар – Ережеп айының алғашқы түні, Шағбан айының жартысындағы түн, Жұма түні, Ораза және Құрбан айт түндері», – деген (Ибн Асакир).

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ережеп айында ораза тұтқан. Сахабалар Ережеп айы басталғанда пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза тұтқанын көріп, енді ауыз ашпаса керек, ал аузы ашық жүргенде, ораза тұтпаса керек деп ойлаған.

Дегенмен, Ережеп айында ораза тұту, тұтпау – әркімнің өз еркі. Ораза тұтқан адамның оны айтып мақтануы, ораза тұтпаған адамды жазғыру дұрыс емес.

Мужибә әл-Бахилия әкесі немесе ағасынан риуаят етеді: «Ол (әкесі немесе ағасы) Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алдына барған. Сосын бір жыл өткеннен кейін жағдай-күйі өзгерген хәлде қайтып келеді де:

–       Уа, Аланың елшісі! Мені танып тұрсыз ба? – дейді.

–       Әбден жүдеп кетіпсің ғой. Бұрын жап-жақсы болатынсың, – дейді Алланың елшісі.

–       Сізден кеткен соң түнде ғана тамақ жедім (ораза тұттым), – дейді әлгі адам.

–       Өзіңді неге қинадың? Сабр (Рамазан) айында толық ораза ұста, ал қалған айларда бір күннен тұт, – деп бұйырады оған пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын).

–       Тағы қосыңыз, оған менің күшім жетеді, – дейді ол.

–       Олай болса, екі күннен ұста, – дейді Алла елшісі.

–       Тағы біраз қосыңыз, – деді ол.

–       Үш күннен ораза ұста, – дейді Пайғамбар.

–       Тағы біраз қосыңыз, – дейді әлгі адам.

–       Қасиетті (харам) айларда ораза ұста, сосын тоқтат, қасиетті (харам) айларда ораза ұста, сосын тоқтат, қасиетті (харам) айларда ораза ұста, сосын тоқтат, – деп саусақтарын бүгіп-ашып көрсетеді Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)» (Әбу Дәуіт, Ахмад және Нәсаи).

Ислам діні келместен бұрын Ережеп айында құрбан шалу рәсімі бар еді. Ислам келіп, оның үкімін жойды. Бір адам пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Біз жаһилиятта (надандық дәуірде) Ережеп айында (осы айдың құрметіне) құрбан шалатын едік. Енді бізге не бұйырасыз?» – деді. Пайғамбарымыз: «Алланың жолында қайсы айда болса да құрбандықтарыңды шала беріңдер. Алла үшін жақсылық жасаңдар. Тамақтандырыңдар», – деді (Әбу Дәуіт, Нәсаи).

Шариғат бойынша Құрбан айт күні құрбан шалу – уәжіп, ал басқа уақыттарда ол нәпіл ғибадат болып есептеледі.

Ережеп айының алғашқы жұмасында Рағайып намазын оқу туралы келген хадисті көпшілік ғалымдар негізсіз деп айтқан. Дегенмен, Алла елшісі Ережеп айында көп истиғфар айтуға (кешірім тілеуге) үндеген. Ережеп айы басталғанда Алла елшісі: «Уа, Алла! Ережеп және Шағбан айларында бізге береке бер, бізді Рамазан айына жеткізе гөр!» – деп дұға еткен (Бәйһақи, Табарани).

Ғалымдардың бірі: «Ережеп – желге, Шағбан – бұлтқа, Рамазан жаңбырға ұқсайды. Ережеп айында дән егілмесе, Шағбан айында суарылмаса, Рамазан айында одан қандай егін күтуге болады», – деген екен. Сол себепті, бұл айды барынша пайдалы өткізіп, ғибадат жасап, дұға етіп, араздасқандар бір-бірімен жарасып, татуласу керек.

Хақ Тағала баршамызға Ережеп айының игілігі мен берекесін нәсіп етсін!

«Мұнара» газеті, №4, 2020 жыл

muftiyat.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары