Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Артық күлкі жиреніш қоздырады
05 қазан, 2015 жыл 654 Басып шығару нұсқасы

Қазақ үш арсыздың бірікүлкі деп біледі. Оны төмендегідей бірқатар мақал-мəтелдерден де байқаймыз: «Малсызға малға балап ұйқы берер, арсызға арға балап күлкі берер», «Дарақының күлкісі қанбас, жалқаудың ұйқысы қанбас», «Санасы жоқұйқышыл, ақылы жоқкүлкішіл», «Ит мезі болса үреді, кісі мезі болса күледі», «Артық байлық адамды аздырады, артық күлкі жиреніш қоздырады». Сондай-ақ оның түрлері де көп: қарқылдап күлу, жырқылдап күлу, жымиып күлу,  миығынан күлу, өтірік күлу, сыпайы күлу, орынсыз күлкі немесе адамдыққа сай мəнді-мағыналы күлкі т.б. Біз осының ішінде орнымен болатын мəнді-мағыналы күлкіге, яғни əр істе үмбетіне үлгі көрсеткен сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) өнегелі өлшемдеріне тоқталмақпыз.


         Өмірінің көбі қайғырумен өткен шерлі Пайғамбарымыз: «Менің білгенімді білсеңіздер, аз күліп, көп жылайтын едіңіздер», – деген еді. «Күйдірген соң шыдатпай, қоя ма екен жылатпай» деп Абай атамыз айтпақшы, ардақты Пайғамбарымыздың кеудесін күйдірген жайт – халықтың ертеңгі күннен ғапылсыздығы, нəпсіқұмарлықтан бас алмауы, ақыретті ұмытқан қамсыздығы, бұл дүниеде күліп күнə істегеннің о дүниеде жылап тозаққа түсетінін білмеуі, осыларды ойлап көңілі толқып, көзіне жас алудың орнына қайта қарқылдап күлуі еді. Оларға жақсылықтың сауабы ұшан- теңіз екенін айтқан сайын, қасарысып күнəға белден батуы Алла елшісі (с.а.с.) : «Мен күйіп қалатынын білмей отқа жүгірген көзсіз көбелектерді жасқап əлек болған адам секілдімін», – деп, тозаққа күйесің деп күнəдан аластатпақ болған сайын, адамзаттың қайта соған ентелей түсетінін ойлап қатты қамығып, іштей күйзелген еді. Иə, сыпайы күлкі адамның ажарына ажар, мінезіне салмақ қосса, ырқыл-жырқылға беріліп, күлегештене беру кісіні сырт көзге тым жеңілтек көрсетеді. Бұл жайында хазірет Омардың (р.а.) айтқан мына бір сөзі ойға оралады: «Күлкісі көбейгеннің – сұсы азаяды. Көп қалжыңдасатын адам – келекеге ұшырайды, - деген.


     «Дін жолында ешкім бастан кешіп көрмеген небір қиындықтарға ұшырадым» (Тирмизи, Қиямет, 34/2472.), - деген Пайғамбарымызды ешкім ешқашан қабағы қатулы, маңайына ызғар шашатын кейіпте көрмеген. Қайта, қай кезде де Пайғамбарымыздың мерейлі жүзінен нұр тамып, маңайына жылы шуақ шашып тұратын. Күлсе, езу тартып əдемі ғана жымиып, бойындағы тұнып тұрған иманның əсемдігінен сыр ұқтыратын. Үнемі Хақ тағаламен бірге болудың тілмен жеткізгісіз қуанышы мен лəззатынан болар, қашанда жүзі күлімсіреп, жан дүниесінің күллі жаратылыс атаулыға деген махаббат пен сүйіспеншілікке толы екенін сездіретін. Əрине, ондағы бұл керемет мінез сахабаларына да əсер етпей қоймады. Олар да жылы ғана жымиып қоюды өздеріне əдет ете бастады. Бұл жайында Үммү Дəрда (р.а.) былай деуде: «Күйеуім Əбу Дəрда бір нəрсе айтпақ болса, сөзін күлімсіреп барып бастайтын. Бір күні мен оған: «Сенің мына қылығыңды көрген ел не ойлайды?» – дегенімде, ол: «Аллаһ елшісі сөйлемекші болғанда үнемі күлімсірейтін» (Ахмад, V, 198,199.) , – деп жауап берген еді». Кісі жүзіне жылы жүзбен күлімдеп қарауды садақаға, сауапты амалға жатқызған Пайғамбарымыздың қалай күлгендігі жайлы жары Айша анамыз былай дейді: «Мен ол кісінің таңдайы көрінетіндей дауыстап күлгенін көрген емеспін. Ол тек күлімсіреп қана қоятын» (Бұхари, Əдəб, 68.). Иə, Пайғамбарымыз ешқашан жөн-жосықсыз, қатты дауыстап күлмеген, қуанышты кездерінде іштей сүйсіне көзін жұмып, күлімсірейтін. Сахабалардың айтуынша, ол мінезі жібектей, ең кішіпейіл жан еді. Күлгенінен күлімсіреуі басым түсіп, жүзінен нұр есіп тұратын. Еврей ғалымдарынан Абдуллаһ ибн Сəлам да Пайғамбарымызды алғаш көргенде, қасиетті жүзіне барлай қарап тұрып: «Мынадай келбетті адамның жалған сөйлеуі мүмкін емес» (Тирмизи, Қиямет, 42/2485.), – деп, сол мезетте-ақ мұсылмандықты қабылдаған еді. Иə, кісілік келбеттің қалыптасуында адамның əрбір іс-əрекетінің, соның ішінде, ең қарапайымы – күле білудің де өз жөні бар.


Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары