Тілдік нұсқа
Радио

мақала

ИСЛАМНЫҢ БАСТЫ МҰРАТЫ – АДАМЗАТТЫ БЕЙБІТШІЛІККЕ ҮНДЕУ
01 наурыз, 2020 жыл 17 Басып шығару нұсқасы

Ислам тәлімінде қызғыштай қорғалатын бес құндылық бар. Ол – дін, адам өмірі, ой-сана, ұрпақ және адам меншігі. Құран мен сүн­нет­те бұл бес ұғым ардақталады және қас­тер­лі деп есептеледі. Еш­кімнің ешқандай жағдайда бұл құн­дылықтарға қол сұғуына ша­ри­ғат рұқ­сат етпейді. Әрине оның белгілі талаптары мен шартта­ры да бар. Аладай заманауи ақпараттарда Ислам­ның аталған заңдары бұр­ма­ланып ұсынылуда.

Бүгінгі қоғам санасындағы Ислам бейбітшілік ұғымымен еш қа­быс­пайды. Керісінше, адам өмі­рін шыбын жанындай да қадір­лемейтін құбыжық бейнеде көрсетуге тырысып бағуда. Ислам­ды өркениет қалып­тас­ты­рушы емес, жабайылық салтын ұстанатын дін деп түсінуде. Мәселеге бейтарап сыни көзбен және тарихи дерек негізінде қарау қажет.

Дінаралық татулық, адам бос­тандығы мен құқығы мәсе­ле­сін­де асыл дініміздің ұстанымын тарих беттерінен қарасақ. ХV ғасырдың екінші жартысы, Батыс Рим империясы құлаған шақ. ІІ Мехмет сұлтан Константинополь қаласын азат етті. Сұлтан христиан халқын қудалауға тыйым салды, толықтай қорғау кепілін берді. Грек шіркеуі сұлтан қанатының астына алынды. Шіркеудің жаңа жетекшісіне және шіркеу құзы­рын­дағы адамдарға бұрынғы құ­қық­­тары сақталатынын куә­лан­­дыратын құжат табысталды. Патриарх Геннадий ІІ Мехмет сұлтанның қолынан шіркеу жетек­­шісінің нышаны болған епис­коп асатаяғын алды. Басқыншы деп ойлаған жаңа биліктің жүйесі әділдікке құрылғанына көз жет­кіз­ген жергілікті грек халқы Осман әскерін құшақ жая қарсы алды. Мұ­сылмандарды әуелгі залым импе­ра­торлық жүйеден құтқарушы деп білді. Өйткені бұрынғы билік халықты жоқшылық күйге түсі­ріп, құлдық өмірге кіріптар еткен болатын. Византияның Осман сұл­тандығы тарапынан алын­ған­­ға дейінгі жағдайы жайлы С.Сказкин басшылығымен жа­рық көрген 2 томдық «Орта ғасыр­лар тарихы» кітабында «Заң ү­с­темдік құрмаған кез келген мем­лекет жүгенсіз ат іспетті. Им­пе­ратор Константин өзі және қарама­ғын­дағы шонжарлардың халықты езгіге салуына көз жұмып қарады. Им­перия сотында әділдік жетімнің күнін кешті. Сот жүйесіндегі қыз­мет­керлер бейкүнә жандардың көз жасы мен қаны арқылы байлық жинаумен әлек болды» деп жазылған. Міне, мұ­ның барлығы халықты биліктен де, шіркеуден де жиіркенуге алып келді.

Әрине асыл дініміздің құн­ды­лық­тарының бұрмалануына «ба­уыр­­­ларымыз» да өз үлесін қо­­су­­да. Намаз оқымағанды ше­ті­­нен кәпірге шығарып, ең со­ра­қы­сы ата-анасын адам құрлы көр­мей­тіндер жаға ұстатқан кездер болды. Кезінде осындай асыра сілтеушінің бірі М.Ғазалиден: «На­маз оқымайтынның үкімі қан­­дай?» деп сұрағанда ғұлама: «Оны қолынан жетектеп мешітке алып бар», деп біреудің иманына қатысты үкім шығаруға емес, оған бауырмашылдық көрсетуге асығу керектігін ұқтырған-ды.

Мұхаммед Мутауалли Шағрауимен де осыған ұқсас оқиға орын алған. М.Шағрауи тәпсір ғылымында өзіндік орны бар ғұлама. Ол Құранның нәзік сырларын ғалым мамандармен қатар қарапайым мұсылман да емін-еркін түсінетіндей ерекше тәсілмен жеткізетін.

Ғұлама мынадай бір естелігімен бө­ліскен. Бір әсіредіншіл жігіт сұ­рақ қоя келеді. Бірақ ол алған жа­уабына қанағаттанбайды. Өйт­кені ол жауап іздеп келген адам емес, өзінің ой-пікірін қуат­тап-қол­дайтын жанды іздеп келген еді. Жі­гіт барлығын қырып-жоюға даяр. Тек өзінің айтқаны ғана дұрыс деген ойда.

Ғалым:

– Жарайды, сенің ойыңша мұ­сыл­ман елдерінің бірінде түнгі клуб­ты жарып жіберу дұрыс па, әлде қылмыс па?

– Иә, жарып жіберу дұрыс. Ондағы адамдарды өлтіру шариғат бойынша рұқсат.

– Иә, онда олардың барар жері не?

– Тозақ екені мәлім.

– Шайтан адамдарды қайда жете­лейді, қайда алып кеткісі келе­ді?

– Әрине тозаққа.

– Олай болса, сенің жақтастарың мен шайтанның мақсаты бір. Шай­тан да, сен де адамдарды тозақ­қа кіргізуге асығудасыңдар. Мен саған мынаны айтайын. Ардақты Пай­ғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір яһуди кісі­нің жаназасын көрген кезде орнынан тұрады. Жанындағылар: «Уа, Алланың елшісі! Неге орныңыздан тұрдыңыз?» деп, ол мұсылман емес қой дегендей сыңай танытты. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ол да адам баласы емес пе?» деген мағынадағы бір ауыз сөз айтыпты. Пайғамбарымыз бен сен­дердің араларыңдағы айыр­ма­шылықты көрдің бе? Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әрбір адамның тура жолға түсуі үшін қаншалықты әрекет еткен» деп жауап берген екен ғалым. Мысырдың ғана емес, Ислам әлемінің ға­лы­мы. Мысырда ғалымдар көп, бірақ Шағрауи біреу. Расында, әулие­лер­дің адамды емес, оның жат мінезін жек көр деген ұлағатты сөзі бар. Осы ұстанымда болсақ, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйреткен жолда болар едік.

Мажар мен Осман арасында шайқас болады. Арадағы мәселені бейбіт жолмен шешу үшін католик шіркеуінен епископтың бас кеңесшісі келеді. Кеңесші Мажар қолбасшысынан ойын сұрағанда: «Жеңсем, Рим католик сенімін мін­дет­теймін» десе, Осман сұлтаны «Әрбір мешіттің жанынан шіркеу саламын. Әрбір азаматтың қай ғибадатханада құлшылық етуін өз еркіне тапсырамын» дейді.

Себебі дін күшпен енгізетін жүйе емес. Дін – санамен, жү­рек­пен келетін әр адамның ше­ші­мі. Нес­тери­он патриархы парсы шіркеуінің жетек­шілеріне жазған хатында: «Құдай жер беті­нің билік тізгінін берген араб халқы сендердің тыныс-тірші­лік­теріңнен хабардар. Сендер де күн­де­лікті оларды біліп, танып жүрсіңдер. Олар біздің христиан сені­мімізге қарсы күре­сіп жатқан жоқ. Керісінше, біздің діні­мізге құрмет көрсетіп, дін­дар­ла­ры­мыз­ға лайықты мәмі­ле жасауда. Шір­кеулеріміз бен ғиба­дат­ха­на­ла­ры­мызға қол тигізбеуде» деген. Ағылшын шығыстанушысы әрі Ислам мәдениетін зерттеуші Томас Уолкер Арнолд жоғарыдағы хат жайлы өзінің ойын: «Бұл хат­тың мазмұны жаңа діннің тарал­уындағы бейбіт және тыныштық табиғатын ашықтан ашық көр­се­туде» деп білдірген.

Лаура Веччиа Вальери итальян шығыстанушысы еді. Ислам әлемін зерттеуші алғашқы итальян мамандар легіне жатады. Ол Неаполь университетінің профессоры. Араб және Ислам әлемі тарихы тақырыбында еңбектер жазды. Ислам дінінің таралуы жайлы «Ислам апологиясы» еңбегінде «Бұл дінде қандай жасырын қуат көзі бар? Оның ішіндегі иландыру күші қайдан бастау алады? Адам жанының түкпіріне қалайша еніп, өзіне еліктіре жетелеп кетеді?» деп таңырқады.

Әсілі, тарих барлығын өз орнына қоятыны мәлім. Тарих әр құбылыс пен тұлғаларға әділ баға береді. Ислам ешбір дәуір­де адамзат қоғамын құл­дыратпады. Керісінше, әр уақытта дамуға жете­леді. Сенім бостандығы мәселе­сінде де таңдау еркін адамға қал­дыр­ды. Ал кез келген тұжырым мен пікірталас диалог түрінде жүргізілді.

Төлеби ОСПАН,

Ақтөбе облысының бас имамы

 «Егемен Қазақстан» газеті, №39, 2020 жыл

muftiyat.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары