Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Кришнаға табынған мұсылман қыз хикаясы (Жалғасы)
17 желтоқсан, 2015 жыл 182 Басып шығару нұсқасы

Ертеңінде де бұлар қалаға тағы шықты. Бұл жолы Жансая қолындағы бар кітаптарын Сурьяға ұстата, өзі таныр- танымас бір егде тартқан кісімен қол ұстаса, көк түтінін бықсыта, қала сыртына қарай кетті. Бар тірлікті серігінің мойнына артып, өзімен бес-алты адам алып келуін тапсырған Жансаяның артынан көз қырын сала, кібіртіктеп қала берді. Жан-жағына алақ-жұлақ қарай, аяғын аңдап басып келе жатқан Сурья анадай жердегі жол жиегінде отырғышта отырған бір бозбаланы көрді. Көз жанарын жасыра, өткен- кеткендерді көзіне ілмей өз ойымен әлек болып, көзінен үзіліп түскен бір тамшы жасты ешкімге білдіртпеген күйі қолдарымен сүрте, ауыр күрсініп, терең демалып отырған жігіттің кездескеніне қуанып кеткен қыз тездете жүріп, оның қасына барды. Бара сала сөзге тарта кетті:


* Сіздің бақытты болғыңыз келе ме? Сіздің жан айқайыңызды тыңдар жан бар мұнда. Сізге көмек қолын созуға әрдайым дайынбыз.-деді. Терең ойға шомып кеткен жігіт селк ете басын көтерді. Алдында шығыс тәсілімен тігілген киімде тұрған аппақ қардай сұлу келбетті қызды көрген жігіт оған да төтесінен сұрақ қойды:


* Қарындас, ал өзің бақыттысың ба?


Сурья кілт тұрып қалды. Иә, бақыт деген не деген ойға шомды. Ес біліп бой жеткелі бері бір адам бұдан бақыттысың ба деп сұрады ма? Жалпы, бақыт деген не өзі? Сегіз жасымнан осында анам тастап кеткелі бері, менің бақытым жайлы біреу ойлады ма. Мен бақыттымын ба? Күнделікті күн шықпай Құдайға табынып, оның сиырының тезегін тазалап, ас суын беруден қолым босамайды. Кешке қарай тағы мантра оқу, күнделікті қайталанатын іс. Бұл маған бақыт әкеліп жатыр ма? Мен қалай бақыттымын? Маған не керек өзі? Жігіттің бір ауыз сөзін ести ойға шомып кеткен қыз үндемеген күйі бір нүктеден көзін алмай тұрып қалды. Дереу есін жинай, күлімдеп қана жігіттің сұрағына жауап іздене кетті:


-Мен, әрине бақыттымын. Мен өзгелерге бақыт силау үшін жүрмін,-деді. Сөзін жалғастыра:


- Ал, сіздің жүзіңізден бақыт лебі көрінбейді. Сізге бақыт керек,-деген қызға жігіт:


- Менің бақытсыз екенімді кім білдірді?


- Мұңлы, сыр бүккен көздеріңіз!


- Ал, сен менің жүрегімді көрдің бе? Онда не бар екен?..


Бойжеткен сөзден тосылып қалды. Шынымен де, жүректе не бар. Жәудіреген шерлі көздердің ішіне үңілдік пе? Адам жүрегінде не жатқанын кім біледі. Сезім, ғашықтық, тәкаппарлық, батылдық, төзімділік, сыпайылық, бауырмалдық – бұлардың бәрі осы жүректен шығады емес пе? Ал менің, жүрегімде не бар? Гупта Деви тағы үнсіз, ойға кетті. Бұл жігіттің жай ғана сөзі бұны ойландырып жіберді.


* Мен бақыттымын. Өйткені жүрегімде Алла бар. Иманға толы сезім бар,-деді жігіт.


* Иманға толы болса, онда Кришнаға да орын бар ғой,-деді қыз жігіттің иман жүзді екенін біліп, Аллаға табынса, біздің де Құдайымызды қабыл алар деген оймен. Жігіттің жүзінде ашудың лебі пайда болғандай, жоғарғы маңдайының тамырлары бадырай шығып кетті. Сәл сабырға келгендей болып, бойын жеңіл ұстай бастады:


* Менің жүрегім тек Алла деп соғады. Соған ғана құлшылық етеміз, Алладан ғана сұраймыз. Міне бақыт деген осында. Байқаймын, өзің сондай бақытсыз жан екенсің. Оны көздерің ғана емес, мына жұдырықтай болған жүрегің де айтып тұр. Бақыттымын дейсің, қалай дәлелдейсің, сені бақытты еткен бір жайтты болсын айтып берші,-деді жігіт. Қызда үн жоқ. Манадан бері өзіне сенімді болып тұрған қыз кенет сөзден тосылып, сөз басын да құрай алмай тұр. Бұған не себеп, мен бақыттымын деп жүрсем, менің бақытым қайда? Өзін соншалықты бақытты санайтын, бұл жігіттің діні қандай болды екен деп ойлады. Жігітке анықтап көз тастады. Жігіт кең иықты, құлаш жауырынды, аққұба келген, сыр бүккен көздері шығыңқы, шашы қара тіке келген, қыр мұрынды жігіттің келістісі.


* Ал, менің жүрегімде Харе Кришна бар,-деді қыз басын салбырата, жазықты жандай. Жігіт жайлап демін терең ала, ауыр күрсінді.


* Кришна деген кім,-деді, қызды сөзге тартып. Кришна жайлы білгісі келеді екен деп қуана кеткен, Гупта Деви бар ықыласымен сөз ала кетті:


* Кришна ол - құдай. Жалпы үнділік құдай дәрежесіне көтерілген. Бхагавад гитада оның батыр Арджунаның атқосшысы болып қызмет еткенін білеміз. Кейін Кришна ақылшы философ болып жүріп, көңілді, жеңіл ойлы бақташы құдайға ауысты. Ол біздің ең сүйікті құдайымыз...,-деп сөзін жалғастырып жатқанда, жігіт дереу:


* Тоқтат, жақсы жетеді,-деді. Бозбаланың мұңды жүзі енді ашулы, сұсты түрге ауысты.


* Қарындасым, қатты адасқан екенсің. Сендей нәзік қазақ қызы бұл жолға қалай түскен екен,-деп көзінен бір тамшы жас үзіліп түсті.


* Кришна –ол адам. Өзін Құдай дәрежесіне көтерген бір бейбақ. Мені, сені, ата-бабаларыңды, бүкіл адам баласын жаратқан бір Алла Тағала. Мына ғаламды, әрбір жан-жануар, құрт-құмырсқа мен жәндіктерді, тау-тас пен өсімдіктерді, аспандағы ай-күн мен ғаламшарларды, бәрін тек бір Алла ғана жаратқан. Алладан басқа тәңір жоқ. Ол тірі, толық меңгеруші... «Ол Алла біреу-ақ. Алла мұңсыз (Әр нәрсе оған мұқтаж). Ол тумады да, туылмады. Әрі оған ешкім тең емес»,-деді Жігіт толқи түсіп, бар ықыласымен Құран сүрелерін айта. Гупта Деви бұл сөздерді естісімен бір күйге енді. Өз Құдайы құдай дәрежесіне көтерілген бір адам болса, бұның Жаратушысы тумаған да туылмаған. Және біреу-ақ. Осылай ойлап тұрған қыздың жүрегі жиілей соғып, ытқып шығатындай күйге енді. Шынтуайтында, деп ойлады, қыз, Бхагавад гитада ол жай адам болып, кейін өз философиялық ойларының арқасында Құдай дәрежесіне көтерілген деп айтылады. Сонда шын Құдай қайда? Бір ауыз сөзбен кришнашыл қыздың ойын сан тарапқа жүгірткен жігітке сұраулы жүзбен қарады.


* «Көңіл бөліңдер! Дін нағыз Аллаға тән. Сондай Алладан өзгені дос тұтқандар: «Біз бұларға, Аллаға жақындастырсын деп қана табынамыз»(дейді). Күдіксіз олардың араларындағы таласқан нәрселеріне Алла үкім береді. Расында Алла, кім өтірікші, өте қарсы болса, оны тура жолға салмайды».(Зумар.3 ). «Барлық мақтау,сондай көктер мен жерді жаратқан және қараңғылықтар мен жарықты жасаған Аллаға тән. Мұның соңында да қарсы болғандар, раббыларына (басқаларды) теңейді»(Әнам. 1), -жігіт тоқтаусыз осы сүрелерді айта берді.


Сурьяның онсыз да ытқып шығайын деген жүрегі дүрсілдеп, көзіне әзірейіл көрінген адамдай, сұсты болып, қабағы тарс жабылып кетті. Әу деп дыбыс шығара алмай қалған қызды көрген Жігіт сәл күлімдей:


* Қарындас, атым Жалғас. Дінім – ислам. Жүрегімде Алла бар. Қара көз қарындасым-ай, сенің де нағыз дінің – ислам. Сенде мұсылман болып туылғансың, адасыпсың, қаршадай кезіңнен. Қолыңдағы бар кітаптарыңды маған бер, ал мен саған мына бір кітапты сыйға тартайын. Таныстығымыз үшін. Күнде бір беттен оқып тұр. Сұраған сан- сауалыңның жауабын осы жерден табасың, тек бұл кітап жерде қалмасын, уәде ме?-деп қалтасынан кішкене Құран кітапты ала, Сурьяға берді. Қолындағы ауыр кітаптарынан құтылғанына қуанды ма, жоқ келбетті жігіттің бұған берген сыйлығына қуанды ма, бар ықыласымен сыйлығын ала, қалтасына тыға салды.


* Сурья Гупта Деви,-деген жаққа жалт қарай гуру Мирошты көргенде бір орнында қатып қалған қыз кейін қозғала бастады.


* Кешіріңіз, менің кетуім керек, танысқаныма мен де қуаныштымын,-деп жүріп кетті.


Жол бойы ләм-мим деместен Сурья Гупта ой елегіне батып келді. Көз алдынан кетпей қойған Жалғастың келбеті мен оның айтқан сөздері бұның сеніміне ақау ұялатты. Саяжайға келе салысымен, сиырына жем-шөбін беріп, гурулармен мантрасын оқуға кірісті. Бұл жолы мантра оқуға да селқос қарады. Ішінде бір күйік өртеніп бара жатқандай маза кетті. Жалғасты көргісі келді. Осы жерде жүріп көргені кілең егде тартқан ер кісілер мен әйелдер, мантрасын қайталай қайталай шаршаған ата-әжейлер. Ал, Жалғас бөлек. Мүлдем басқа адам. Сабырлы, сөзге байсалды, ұқыпты, жанашыр. Сурьяға ешкім бұл жерде «қарындасым» деп атап көрген емес. Ал, Жалғастың бұл сөзін естігенде, бойжеткен ерекше сезімге берілді. Ағалық қамқорлықты сезінгендей болды. Айнала улаған-шулаған дыбыстан ада болып, түн тыныштығы да ұйқыға кеткенде, Сурья Гупта жастық астына тығып қойған, Жалғастың сыйға тартқан бір кітапты алып шықты. Сөреде тұрған балауыз шамды ала, кришна мүсінінің алдында тұрған шамның отына жандырып алды. Аядай ғана тар бөлменің бұрышында тұрған, томпайған тасты алуға ерініп, сол тасты орындық етіп жасап қойылған жерге отыра кетті. Кітапты аша, қайта жапты. Қолы бармай тұрса да, жүрегі бір ашып көр дегендей болды. «Харе Кришна» деп аузы жыбырлай, кітапты ашты. «Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Барлық мақтау бүкіл әлемнің Раббы Аллаға тән. Аса қамқор, ерекше мейірімді. Қиямет күнінің иесі. Саған ғана құлшылық қыламыз, әрі сенен ғана жәрдем


тілейміз. Бізді тура жолға сала көр. Нығметке бөленгендердің жолына! Ашуға ұшырағандардың және адасқандардың жолына емес!».


Жүрегі шымыр ете қалды. «Мына жазбалар өмірімде оқып көрмеген сөздер ғой. Естіп, біліп те көрмегем. Мен оқыған Бхагават Гитада бұндай әсерлі сөздер жоқ. Бұл қандай кітап, қандай дін?» Сурьяның санасы сан-тарапқа жүгіріп, мазасыз ойлар тұла бойын шарықтап кетті. Таң шапақ атысымен, бұл Құранның жартысын оқып отырып, қалғып кетті. Бір мезетте өзін қарындастап шақырған, әдемі қара шаштарынан бар мейірімін төге сипап, аялап отырған адамның сұлбасын көрді. Бет жүзіне үңіле, арайлап атқан күн шуағының шағыллысуынан, бұл мейірімді кісінің түр әлпетін көре алмады. Селк ете түсті. Басын сипап отырған Аша әжей екен. Сурьяны оята, таңғы мінажатқа асығу керек екенін, прабхулардың күтіп тұрғанын айтып, шығып кетті. Бүгін тағы сол жұмыс. Адамдарды дінге шақырып, осы ұйымның мүшесіне айналдыру үшін аянбай еңбек ету керек екенін білдіріп жатты прабхулар. Бұл жолы Жансаяны басқа жерге, қасындағы бір екі кісіні басқа бір жерге, ал Сурьяны кешегі өзі келген жерге тастап, қас қарайғанша осы маңда болуын бұйыра прабху өз жөніне кете барды. Сурья кешегі өзі көрген жігітті көзім шалар ма екен деген ниетпен, ары бері қарап, жалтақтаумен болды. Бір екі қызға кітабын беріп болған соң, кешегі жерге келді. Міне, қызық, сол орында сол қалыпта Жалғас отыр. Тағы да мұңлы көздер. Бұл жолы төрт - бес аттам жерде тұрған кришнашыл қызды көріп қалған Жалғас, күлімдеп, бері кел деген ишаратпен қол бұлғады. Қыз қуана, бір жағынан қорқа жанына қалай барғанын да білмей қалды.


* Амансың ба? Иә, қарындасым, жүрісің жай ма, тағыда өз дініңді насихаттауға шықтың ба? Кітаптарың да біраз бар екен,-деді қыздың қолындағы тола кітапқа қараған Жалғас.


* Аманбыз, осындай жұмыс тапсырған соң, оны орындамасқа лаж жоқ. Прабхуымыздың жазбалары ғой. Кришнаға деген махаббатты көрсету керек қой.


* Прабху, Кришна,-деп күлді Жалғас – Сол прабху өзі не бітіреді екен?


* Ол өзін Кришнаға арнаған. Күні бойы мантра оқиды,-деді көзін төмен қарата бойжеткен.


* Иә, қарындасым, сенің атыңды да білмейді екенмін.


* Атым Сурья Гупта Деви. Кришнаның ғашығы деген мағына береді. Бұл есімді маған прабху қойыпты. Мен ....,-дееп енді сөйлей бергенде бұның сөзін Жалғас бөліп жіберді.


* Жақсы, Гупта қарындасым. Бірақ мен сіздің азан шақырып қойған атыңызды сұрап тұрмын. Қазақ деген сәби туыла сап оның құлағына азан айтып, ат қояды.


* Азан,? Қазақ? Мен сіздің сөзіңіздің мағынасын түсінбедім. Мен есім білгелі Сурья Гупта Деви деген атпен ғана өмір сүріп келем. Менде басқа есім жоқ.


* Иә, қайран қазағымның аққу қызы-ай,-деді Жалғас басын шайқап.


* Онда сені Алтынай деп атасам қалай болады. Мен үшін осы есімді иемденсең қайтеді?


* Алтынай?,-деді Сурья таңдана. Бұл есімді де білетін сияқты көрінді. Таныс есім.


* Алтынай болсам болайын. Тек сіз үшін, ағатай!. (Бұдан былай Сурья емес Алтынай болып жазылады). Алтынай аузынан қалай ағатай дегенін сезбей қалды. Ернін тістелей, кешірім сұрағандай тұрып қалды.


* Ағатай дегеніңе рахмет. Менің өзіңдей қарындасым болса...,-Жалғас ауыр күрсіне :


* Сені қарындасым ретінде қабыл алдым. Онда енді қарындас ретінде ағаңның айтқанын тыңдап жүр,-деді. Өзін ешкім ешуақытта қарындас деп еркелеткенін көрмеген Алтынай Жалғастың сөзіне жібіп кетті. Ағалық мейірім, арқа сүйер адам, қамқоршы бола алатын ағаны тапқанына қуанып кеткендей күй кешті. Өзін ағалы қарындас болып ойнап, бір анаға еркелеп, бірін - бірі жұбатып, күлдіріп отырғаны елестеп кетті. Әлде, елес емес, өмірінде осындай жағдай болған сияқты ма, ойы шар тарапқа жүгіріп кетті. Жалғас Алтынайды ертіп асханаға алып кірді. Тамақтың түр-түрін көргенде көзі жайнап сала берген Алтынай, бір қасықты аузына сала бергенде іркіліп қалды.


* Біз ет жемейміз,-деді қолындағы қасығын үстел үстіне қоя:- біз үшін қасиетті сиыр етін жеу үлкен күнә. Мен жей алмаймын,-деді.


* Жақсы, қарындасым, онда саған, жеміс жидек пен көкөністен жасалған тағам алып берем,-деді Жалғас қорқақтап тұрған Алтынайды жұбата. – Сені қинауға болмайды, бірақ кейін жейтін болсаң, сүйікті асыңа айналады.


Жалғас пен Алтынай саябақты аралай көп жүрді. Жалғастың қызықты әңгімелерін естіп, жүзі бал-бұл жайнаған Алтынай өзінің бұл жаққа не себеппен келгенін де ұмыт қалдырды. Пайғамбар жайлы қызықты һәм күрсінетіндей әңгімелерді естіген Алтынай Жалғастың айтып отырған адамына ғашық болғандай ерекше бір сезімге бөленді. Сондай мейірімді, көркем мінезді, сабырлы, Алла елшісі екенін білген Алтынай таңдай қақты. Жалғастың мұңайатын жерде мұңайып, күлетін жерде күліп айтқан қиссаларын тыңдап отыра бергісі келді. Әттең, күн ұясына жақын қалып, өзін тастап кеткен жерге бару керек болды. Аяңдай, Жалғаспен қоштаса, прабху күтіп тұрған жерге келді.


* Гупта Деви, көп кідірдің ғой. Сірә, адам молынан келген сияқты ғой. Қолыңда артылған киелі кітаптар да жоқ. Жақсы жұмыс атқарсаң, Махараджаның алдында мәртебеңді өсіреміз,-деді Мирош кешігіп келген Алтынайға. Алтынай ұсталып қалмағанына қатты қуанды. Қолындағы кітаптардың бәрін Жалғас алып қойған болатын. Дер кезінде бергенім жақсы болған екен деп ойлады ол.


* Бір аптадан кейін Махараджа келеді. Сауық-сайран құрамыз. Тойлатамыз. Мантраларды көп қайтала, Кришнаны мадақта,-деді Мирош көлікке отырып жатып. Алтынайдың ойында басқа нәрсе. Оның Махаража десе қоярға жер таппай қуанатын кездерін ұмыт қалдырып, бар ойын Жалғастың айтқан Пайғамбары алып отыр. «Алланың Елшісі» деп ойлады Алтынай «Сондай көркем Жаратушы екен. Қандай ғажап адам болған, Ал біздің Махараджа оның шаңына да ілесе алмасы хақ. Жалғастың діні сондай


әдемі, таза екен. Менде осындай дінді қабылдағым келеді» деп ойлай, өз ойынан өзі шошып, селк ете түсті. Қасындағыларға сыр білдірмеген күйі, бұлар «Кришна санасы қоғамының» саяжайына ат басын тіреді. Өз ойымен әлек болған Алтынайдың жағдайын ешкім аңғармады да, тек Аша әжей бір күдікті сезгендей болды. Бала кезден өсірген қызының көңіл-күйін әп-сәтте бес саусақтай білетін әже, жұлдыздар қылаулап шыға, түн тыныштығында бұған келді.


* Қызым, қызым,-деген дауыстан шошып, шам жарығында оқып отырған кітапты жастық астына тыға салған Алтынай есікке қарады. Алдында тұрған әжесін көрген ол, сәл сабырға келіп, біраз босаңсыды. Қолындағы жасырған затты көріп үлгерген әжей, бұл не дегендей ишаратпен сұрады. Жастық астынан ақырын алып, ешкімге білдірме дегендей Алтынай сұқ саусағымен ернін жапты.


* Бұл, Құран ғой,-деп таң қалды әжей. – бұны қайдан алдың, қалай алдың, кім берді, қане тезірек айт,-деп сұрақ астына алды.


* Мен бір жігітпен таныстым,-деп бастады Алтынай әңгімесін. – Өзі сондай жақсы жігіт. Мені қарындасындай көреді. Маған Алтынай деген ат қойды. Көп әңгімелер айтып берді. Мен оның ғажап дінінің мағынасын білгім келген соң, осы кітапты оқып отыр едім,-деді Алтынай кінәлі болған адамдай, жерді көзімен шұқып. «Алтынай» деген есімді естіген әжейдің жүрегі зу ете қалды.


Жалғасы бар...

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары