Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Кришнаға табынған мұсылман қыз хикаясы (Жалғасы)
21 желтоқсан, 2015 жыл 310 Басып шығару нұсқасы

* Қызым, бұл ісіңді ешкім көрмесін де білмесін, ана Мирош білсе қан жоса етеді. Өлтіріп қоюы да ғажап емес. Қызым, менің басар тауым да, жерім де жоқ. Әйтпесе мұнда жүрмес едім. Тыңда қызым, бұл ең таза діннің кітабы. Бұл Алланың сөзі - Құран деген кітап. Ең көркем түрде жазылған. Сенің де басар жерің жоқ. Осы маңға иттей байлаулымыз. Жұдырықтай жүрегіңнен айналдым, өз Жаратушыңды таба алар ма екенсің?,-деді әжей көзіне іркіліп келіп қалған жасты сүрте.


* Сол ағалық мейірімді төккен адамның қасынан табыл. Алда жалда бір жағдайға тап болсаң сол адам ғана жаныңнан табылар. Қорғаныңды қызғыштай қорға,-деді.


Құранды бар ықыласымен оқып жүрген Алтынайдың ендігі Құдайым деп танып жүрген Кришнаға көңілі тартпай, жүрегіне бір кірбің ұялап жүрді. Ұйым мүшелерінің бәрі сонау үнді елінен Махараджаның келуін тағатсыздана күтіп, ақта-төк етіп дайындалып жүргенде, бұл елден ерек, сиырдың жапасы сасыған бөлмесінде бар ықыласымен исламды тануға кірісті. Жалғастан бірді-екілі кітап алып, онысын ешкімге көрсетпей, ышқырына тығып, түнделетіп оқып жүрді. Бар шындыққа көзі жетсе де, көз қорқақ болып, біресе Мироштан, біресе Махараджадан тосылып, харе кришна мантрасын да оқып жүрді.


Жұрт Махараджаның құрметіне даңғараларын даңғырлатып, жын соққан әндерін аспандатып, бір- бірінің мойнына гүл кестесін тағып, «Харе кришна, харе рама» мантрасын қайталаумен жүр. Алтынайда да тыным жоқ. Біресе мында, біресе анда жұмсап Мирошта бұдан көзін алмай-қалды. Көптен күткен Махараджа да келді. өзін соншалықты құрметтеп, көп адамның жиналғанын көрген ол, маңғаздана барып, өзінің төргі орнына жайғасты. Тәкаппарлана отырып, көз қиығымен айналаны бір шолып шықты. Көзіне екі-үш қадам жерде тұрған, сұңғақ бойлы, аппақ қардай үлбіреген, қап-қара қолаң шашы беліне түсіп, басына әдемі етіп гүл кестесін таққан қыз түсті. Ол Алтынай еді. Қасында тұрған кіші прабхудың құлағына бірнәрсе сыбырлағандай болып, артынша Алтынайды көзімен нұсқады. Ал ана парбху басын изей, Мироштың қасына жетіп барды. Оған да бір нәрселерді сыбырлай, тездет дегендей ишарамен ымдап, оны құрдай жорғалатты. Ұзақ мантра айтылып бітісімен, Алтынайдың жанына Мирош келді. Қипақтай, басын сипай ол Алтынайға күле қарап сөзге келді:


* Сурья Гупта Деви, сенің бағың жанайын деп тұр. Сен махараджаның көзіне түсіп, оның көңілін тапқан сияқтысың. Ол сені өзіне некелеп алып, Үндістанға алып кеткісі келеді. Міне енді нағыз Кришнаның сүйіктісі боласың,-деді. Төбесінен жай түскендей күй кешкен Алтынай бір ауыз қарсылық сөзін айта алмай, мелшиіп тұрып қалды. Кері бұрыла, жүгіріп бөлмесіне кіріп кетті. Артынан Мирош пен әжей де жетіп келді.


* Сенің бағың жанайын деп тұр, Гупта Деви, Махараджаның иелігіне кетесің. Ол біздің басшымыз,-деді Мирош тағы қайталай. Қасында тұрған әжей кедергі жасамақ болып, біраз сөзге келді.


* Мирош, қарағым, Гупта Деви әлі жас қой. Ол әлі талай жұмыс атқаруы керек. Сонау Үндістанға жіберіп қайтеміз, өз жанымызда жүре берсін. Бұл қыздың сұлулығына тамсанған көп адамдар біздің дінге кіретін болады. Сөйт қарағым, ана Махараджаны райынан қайтар.


* Жоқ, Аша, бұл қыз Махараджаға тиесілі. Тіпті біз де соның құзырындамыз. Ол не айтса сол болады. Оның сөзін екі етпеу біздің парызымыз. Ол Кришнаның ізбасары. Оныкы заң


* Мирош, қарғам, келесі жолы келгенде, алсын онда, бұл қыз оған дейін біраз мантрада шыңданып, біраз адамдар тартып алсын. Оған дейін де, ес кіріп қалар. Әйтпесе, есі жоқ қыз бір нәрсе бүлдіріп жүрмесіне кім кепіл? Осы бір жолы райынан қайтарып көр. Бір жылдан кейін келсе,өзім ұзатып оған беремін,-деді әжей дес бермей. Бұлардың сөзін тыңдап, кереуетте жылап жатқан Алтынайдың өксігі басылмай, өмірден баз кешкендей, жүрегі қарс айырылды. Енді ғана бақыттың дәмін сезіп келе жатқанда, өз елім, атамекен жерімнен безіп, сонау адам танымас Үндістанға келмеске кету Алтынай үшін ауыр қасірет болды. Иә, кезінде Жалғасты танымай тұрғандағы арманы, сонау Махараджаның елін көріп, соған қызмет етіп, Кришнаның ізбасары болу еді. Енді ше? Ендігі оның арманы басқа арнаға ауысты. Жалғастың иманы, ізеттілігі, мейірбандығы, өзінің дініне деген беріктігі, Пайғамбарына деген махаббаты, Алланың бірлігіне деген сенімі, бәрі-бәрі қызды бей жай қалдырмады. Ислам дінінің ең көркем екеніне көзі жетіп келеді. Құранды оқығанда оның бұл өмірдің шындығына жанасып, болып жатқан оқиғалардың бәрі сонау он төрт ғасыр бұрын жазылған Құранда айтылып кеткенін біліп, әрбір жануар, өсімдік, құрт-құмырсқаға көзі түскен сайын осыны жаратқан Кришна емес Бір Алла Тағала екеніне көзі жеткендей болды. Тіпті бөлмесінің жанында орын тепкен осы сиырды да жаратқан бір Алла деп шешті Алтынай. Мирошты әрі көндіре бері көндіре алмаған әжей, Мирош кетісімен, тездетіп Алтынайдың жанына келді. Апыл- ғұпыл, қалтасынан бірнеше жылдан бері тиындап жинаған бір уыс ақшасын ұстатты да:


* Қызым, бұл жерден кет. Қашып кетуің керек. Махараджаның қолына түссең күнің күн болмас. Күңдік өмірім басталды дей бер. Барда Жалғасты тауып алда, соның дінін қабылда. Ол– нағыз таза дін. Үндістанға кететін болсаң, өз атыңды да ұмыттырған мына жаман ұйымның күңіне айналып, өмірің зая кетеді. Өз Жаратқаныңды тап, ол – Алла. Сені де бізді де жаратты. Енді тез киін де, у-шу басылмай тұрғанда, ешкімге білдірмей қашып кет. Мен сені қорғай тұрамын,-деді.


* Жо-жоқ, әжей, мен сізді қалдыра алмаймын, сіз де менімен кетуіңіз керек. Екеуіміз жаңа өмір бастаймыз. Екеуіміз де ислам дінін қабылдаймыз.


* Жоқ, қызым, менің жүрегім онсыз да бір жаратқаннның бар екенін біледі. Бірақ мен жасарымды жасадым, асарымды асадым. Мені күтіп отырған ешкім жоқ. Кезінде өзім өз туыстарымнан баз кешіп, осы жерге маталған болатынмын. Еді сол үшін осы кінамді осы жерде өтеуге тиіспін. Ал сен әлі жассың. Әлі басар тау мен асарың да табылады. Тезірек кет бұл жерден,-деп әжей, қозғала есікке көзін бір тастап, ешкім көріп қалмасын дегендей жан жағына жалтақ-жалтақ қарап, бір орнында тыпыршып тұра алмай тұрды. Сол


сәтте аяқтың жылдам басып жүгірген даусы естір естілмес болып, бір сұмдықты сезгендей бола қалды әжей. Ыңыранып толғанып, мантраны үздіксіз шырқап, дауылпаздарын даңғырата ойнатып, әлем-жәлем болып жатқан адамдарың арасынан сытылып шыға бере, бетін жауып, үстіне үнді халқының ұлттық киімін киіп алған Алтынай алға қарай қадам баса берді. Саяжай дарбазасының жанына жақын келе берген сәтте, алдынан сұп-сұр болып, ашу қысқан Мирош шыға келді. Ал оның қасында шіреніп, басын шайқай Жансая тұр. Не болғанын енді түсінген Алтынай бұлқына жүгіре жөнелгенде, шап беріп шашынан ұстаған Мирошқа әлі келмей, есік аузында тұрып қалды.


* Қайда кетіп барасың, ханшайым? Сенің келуіңді Махараджа асыға күтіп отыр. Бүгін оның некелі жары болып, оған қызмет етесің. Байқа Махараджаның ашуы Кришна Құдайдың ашуы,-деді Мирош Алтынайдың шашынан ұстап, сүйреп бара жатқан жерде.


* Жіберші, өтініш, мен оған некелескім келмейді. Мирош прабху, Кришнаның атымен сұраймын, жіберші,-деп Алтынай да жан таласа шырқырап жылап барады. Оны елең қылып жатқан Мирош жоқ. Ал қасында Жансая миығынан күліп кекеткен күйде, тіпті қызғаныш отына күйіп бара жатты. Өзін емес, Алтынайды таңдағанына іші күйіп, жүрегі өртеніп бара жатыр. Осы ұйымға келгелі бері, қанша Үндістанға кетем деп талпынса да, талпынысы еш болып, бір арманына айналған –тын. Осы жолы қайтсем де Махараджаның көзіне түсем деп жүргенде, оның Жансаяны емес Алтынайды таңдағанына қатты жыны келіп, Алтынайды ұстап берген өзі еді. Алтынайдың әжеймен сөйлесіп, қашып кетуге жоспар құрғанын біліп қойып, дереу Мирошқа жеткізді. Енді Мирош Алтынайды жақсылап, сыбап мінеп алатын болды.


* Мирош прабху, мүмкін бұқаға жөн сілтетеміз. Бұқа өзі шешсін бұның күнәсін,-деді Жансая, Алтынайды қамап, кілтін қалтасына салып жатқан Мирошқа. Мирош кілт тоқтап, ойланып қалды да,


* Жоқ, олай ауыр күнәсі болса істейміз. Қазірше қамалып жатса, сабыр келіп, тәубе етер. Бүгінше Махараджаны алдаусырата тұр. Ертең олардың некесін қиып тастаймыз. Қаламаса да аузы мұрнын байлап, оттан айналдырсақ болды.


* Жақсы, бірақ байқа өкініп қалма. Тағы қашып кететін болса, мен енді ұстамаймын. Махараджаны өзімде қалаймын,-деді Жансая. Мирош Жансаяға ашулы көз қиығымен бір қарады да, аяғын келтең басып жүріп кетті.


Қамауда отырған Алтынай не істерін білмей, әлек болды. Бір орнында тыпыршып тұра алмай, ертең-ақ Үндістанға аттанып кететініне қорқып, дел-сал күй кешті. «Жалғасқа хабар беруім керек» деп ойлады ішінен. Бірақ қалай,қалтасындағы бір жапырақ қағаздағы Жалғастың телефон нөмірін бір оқыды да, қайта бүктеп, қалтасына салып қойды. Кенет, қатар тұрған сиырының қорасынан бір дауыс естілгендей болды.


* Алтынай, қызым,-деген дауыс бұны селт еткізді. Алтынай деп атап отырған әжей еді.


* Бұдан былай сен Алтынайсың. Ертең бір сәтін тауып Жалғасқа хабар бер. Мыналардың бір арам ойы бар сияқты. Абай болғайсың,-деген дауыс әп сәтте өшіп қалды.


* Әжей, әжей, -деп тұрып қалған Алтынай не болғанын білмей, тына қалды. Не істерін білмей тұрғанда Алтынайдың көзі кереуетінің үстінде тұрған Құранға түсті. Не болса да осы кітап көмек болады деген ниетпен, аша сала бірінші беттегі Фатиха сүресін оқи кетті. Оқи берді, оқи берді. Жүрегіне бір үміт ұялап, еркіндік қылаң берді. Не болса да, Алла көмектеседі деді іштей. Әр бетін бір ашып, мұқият бар ынтасымен көзін алмай, беріле оқыды. Бір бетті ашты. «Алла өзінен ризалық тілегендерді, сол Кітап арқылы есендік жолдарына(Алланың шариғатына және оның үкімдеріне) жетектейді және өз еркімен оларды қараңғылықтардан жарыққа шығарады әрі тұп-тура жолға салады» (Мәида 16). Алтынайдың жүрегі шымыр ете қалды. Келесі бетті ашты «Әй, ұлдарым! Барыңдар да Жүсіпті және туысын іздестіріңдер! Сондай-ақ Алланың мархаметінен күдер үзбеңдер. Өйткені, Алланың рахметінен, қарсы болған қауым ғана күдер үзеді» (Жүсіп87). Көңілінде бір ерекше сезім қылаң бере қалды. Келесі бетті тағы ашты. «Алланың жәрдемімен. Ол кімді қаласа, жәрдем етеді. Ол аса үстем, ерекше мейірімді»(Рум 5). Дәл өзіне көмек берер Алланың бар екеніне іштей риза болды. «Мұхаммед (с.ғ.с) бәрінен бет бұрып, жүзіңді ислам дініне жөнелт. Алла жаратылыста адам баласын соған арнап жаратқан. Алланың жаратуында өзгеріс болмайды. Осы тұп-тура дін. Бірақ адамдардың көбі түсінбейді»(Рум 30). Тіпті мына Құран аяттары да Алтынайдың қазіргі күйін сипаттап тұрғандай әсер етті.


Қораз шақырып, таң қылаң бере, күн ұясынан шығар шықпастан, дала бозғылт тартып, жарықтана бастағанда Құран кітапты құшақтаған күйі қалғып кеткен Алтынайды қапсарлас қораның ішінен әжейдің даусы тағы да селт еткізіп жіберді.


* Қызым, ала ғой,-деп қолына ұстаған бір үзім нан мен кішкене бөтелкеге құйылған суды берді. Қасына жағаластырып, қойнынан алып шыққан қойын дәптерін ұстатты.


* Қызым, мына нанмен жүрек жалғай тұр, әл жинап ал, кеше қаша алмасаң да бүгін ебін тауып өзім қашырып жіберермін. Уайымдама, тезірек тамағыңды же де, мына жазылған күнделіктің оныншы және он жетінші бетін оқы. Содан кейін бір шешімге келерсің. Мені кінәлама қызым, кешір мені, -деді де жылдамдата аяғын ақырын баса дыбыс шығармай шығып кетті. Асқа тәбеті тартпаған қыз қойын дәптерді апыл ғұпыл аша, көз жүгірте кетті.


«...Мен кім едім. Енді кім болдым. Бақытты болам деп келген жерім осы ма? Ағайын туыс, құда жегжат, бала-шаға? Олар қайда? Олар үшін мен ендігі өлген адаммын. Әрине мені өлдіге санауы өте дұрыс. Мен оларға не істемедім. Бар жиған терген байлықтарын осы бір ұйымға келіп, тапқан таянғанымды бердім. Құрбандық деді, қайырымдылық деді, не керек қолымдағы бар мал-мүлік, байлық, пәтер, астыма теуіп мінген көлігім де осылардың құзырына кетті. Жаның жаннатта болғыр, балам! Мына анаң, сені де зар қақсатып, сенің еміңе деген жиғаныңды да осы бір ұйымға беріп кетті емес пе! Кешір мені, Кришнаға құрбандық етсем, сен де ауруыңнан айығасың деп таяз ойлағаным үшін. Сені емнен айырып, қара жерге кіргізгенім үшін кешір, балам. Кешір, отағасы! Сенің де айтқаныңа көнбей, осы бір жалған


ұйымның жетегінде кетіп, сенің өз қара теріңмен тұрғызған үйің мен адал еңбекпен тапқан табысыңды далаға шашып, осы жерге бергенім үшін. Сені де қара жерге кіргізген бейбақ тағы да мен. Сенің жүрегіңде кішігірім ақау бар екенін біле тұра, тастап кетіп, онымен қоса бар мал- мүлікті өз атыма аударып, сені тақыр кедей етіп, кеткенім үшін, кешір мені! Әлбетте, бұл сөздерімді көрмессіңдер, естімессіңдер де! Балам екеуіңнің жылаған көз жастарың сірә, көрімде де тыныш жатқызбас... »


«...Мына толассыз жауған жауын да қояр емес. Иә, жадыраған жаз кетіп, күздің қара суығы да келіпті. Бар сырымды ақтарар осы дәптер ғана. Ал қазір, менің құрбым пайда болды. Аты Айжамал екен. тағдыр тауқыметіне ұшырап, бұл маңға да тап болыпты. Қасында сүп сүйкімді, момақандай Алтынай деген қызы бар. Бұл бейбақты да мұнда ертіп келген мен ғой, қарғыс атсын мені. Отағасынан ажырап, күнін көре алмай кеткен бұл келіншектің бар мақсаты бақытты болып, молшылыққа кенелу еді. Қызын ертіп келген маңы осы ара. Неткен адам едім. Бұл жерден аман шықпасын біле осында ертіп келдім. Тұрғын үй, тағам татым береміз деп өз дінінен шығарып, көк шөптің иісіне арбап алып келдім. Айжамал, тағдырдың талқысына ұшырасаң, Жаратушыңнан сұрап, сабырлық қылмадың ба? Менің сөзіме неге ердің? Мен де бас пайдама кенелу үшін, жан аяр қасиет қалды ма? Енді сендердің күндерің не болмақ?..»


«Не болып кетті? Айжамалға араша түсе алмағаны қалай? Мен не істеп қойдым? Оны Кришнаның жанына жібереміз дегендері қалай...». Алтынайдың көзіне іркіліп келіп қалған жас дәптер парақтарына тамшылап, бетіндегі көк сияны айғыздап жатты. Күнделікте жазылған бар жағдай оның көз алдынан сағым болып елестеп кетті...


«-Сен не деп тұрсың? Қызымды алып кетемін дегенің не сөз? Мұнда келдің бе, артқа шегінер жол жоқ. Осы ұйымда қаласың. Қалмасаң Кришнаның қарғысына ұшырайсың!


* Мирош, тыңда! Менің күйеуім, қызымнан басқа тағы балам бар. Олар мені іздеп жатқан болар. Мен Үндістанға кете алмаймын. Ең болмағанда қызымды әкесіне тапсырайын.


* Қызың осында қалады. Кейінірек Кришна сүйіктісіне айналады. Ал сен, Чамендра прабхумен некелеспесең, қызың да өзің де құдайдың қаһарына ұшырайсыңдар. Осымен сөз бітсін!. Бұл Айжамал мен Мироштың әңгімесі еді. Айжамал жылай-жылай Үндістаннан келген гуру Чамендраға некелесіп, оның күңі болуға келісті. Енді қызын да, отбасын да тастап, шет ел асып, мәңгілікке кетеді. Ал ол жақта... тағдыр басқа салмасын, не күй кешер екен?»


«-Жоқ, мен билей алмаймын. Мирош, мені қинамашы, айтқаныңа көндім ғой, енді не керек? Мирошжан, тек қызыма тиісе көрмеші! Жалынамын саған, билеймін, тек қызымды аман қалдыр».Бұл Айжамалдың соңғы сөздері. Мирошқа жалбарына, жалбарына айтқанын істеді-ау. Айжамал, сенде кешір мені. Осы жерден бақыт табасың деп алып келіп, бақытсыздыққа ұшыратқаным үшін.» «Айжамал үндінің қызыл түстес сариын киіп, даңғырлап соғылған аспаптың әуеніне билей кетті. Көзінен жас парлап, қайғының табытын кигендей, түрі сұп-сұр. Чамендраның алдында көңілін


табу үшін мың бұрала билеген келіншектің бар ойы тек қызының амандығы. Чамендрамен некелесіп кететін болса, оны аман есен, өз әкесіне табыстырамыз деп Мирош уәде берді. Биле, биле, биле. Кенет, қораның есігі қиқулана ашылып, ішінде тұрған асау бұқанның көзінен от жана, мұрнына жел шыға атып шықты. Айжамалдың ирелеңдеп билегенінен шошынған бұқа аласұрып, соған қарай шаба жөнелді. Көрермендердің бәрі үре түре келді. Біреуге қызық, біреуге қайғы. Оқыра атып, мүйізін ары бері құлаш сермеп оттай атылған бұқаны көзі шалған Айжамалды, қашып үлгермей, бел омыртқасынан жоғары көтере, алып ұрды. Сонадай жерге ұшып барып құлаған Айжамал жерде жатқан күйі үн түнсіз жатып қалды. Оған қойсын ба, ашуға әбден булыққан бұқа төте шауып, Айжамалға қайта бұрылды. Жерде етпетінен жатқан келіншектің іш бүйірінен ала, мүйізімен тағы бір екі рет сүзді. Жан жағына қан шашырап, демі таусылған Айжамалдың еш қимылсыз жатқанын көрген бұқа сәл тыныштанғандай болды. Мұндай қайғылы оқиғаны көзімен көрген күәгерлер, Мирош та, Чамендра да еш міз қақпастан, артына бұрылып, кете барды. Тынышталып қорасына кірген бұқаны жібергеннен кейін, жүгіріп Айжамалдың жанына бардым. Бет-аузының бәрі қан жоса болып, ішінен қан атқақтай ағып жатқан келіншекті көріп көзім шарасынан шығып кете жаздады. Ақтық демі таусылып жатқан келіншек тек «Қызым, қызым»деген сөзді қайталаумен, тірі күрмеліп, сұлқ құлап, арғы өмірге аттанып кетті.»


« Енді қайттім, не бүлдірдім? Айжамалдың қызына не бетімді айтамын? Ой, жалған ай. Қапияда кеттің-ау. Бұның бәріне алаяқ, қара ниетті Мирош кінәлі. Оның елге білдіртпей барып қораның есігін ашып жібергенін өз көзіммен көрсем де, ештеңе дей алмадым ғой, мен бейбақ. »


«Алтынайдың есімін Сурья Гупта Девиге ауыстырды. Мирош оны ешқайда жібермейтінін айтты. Қайран қызым-ай. Енді сенде бар шындықты білмей өтерсің. Анаңның ажал құшып, қапыда кеткенін қайдан білесің? Енді саған өзім қамқор боламын. Тек мені жазғыра көрме, құлыным. Ер жеткен соң бұл жерден сені алып шығармын, ал әзірге менің көз алдымда жүргенің жақсы...»


Алтынай жазбаларды оқып болып, алқынып кеткен жүрегін ұстай, іркіліп келген жасын тоқтата алмаған күйі өксік атып, жылай кетті. Көз алдында болғандай елестеткен бұл жағдай жүрегіне қатты соққы болды.


-Мен, мен шынымен де Алтынаймын ба? Менің анам, ол мерт болған екен ғой! Төбеңе тас түскір Мирош, менің анамды ажал құштырып, енді берген уадеңді бұзып, менен де құтылмақсың ба? Анашым, кешір мені, осы уақытқа дейін сені тастап кеткенің үшін жек көріп келіп едім, сенің ажал құшқаныңды қайдан білейін. Осы уақытқа дейін менің құтқарушыларым осы ұйым деп келіп едім. Әсте олай емес екен ғой.


Алтынайдың тоқтамастан еңкілдей жылағанын көрші қораның ішінде отырған әжей де естіді. Алтынайға қосылып ол да, көз жасына ерік беріп, зарланды. Ендігі бар шындықты білген Алтынай ісініп домбыққан көзін сүрте, орнынан атып түре келді. Өйткені есік сыртынан аяқ сыбдыры келіп, құлыптаулы тұрған есікті сықырлатып ашып жатты.


* Иа, Сурья Гупта, сабырға келіп, ақыл тоқтаттың ба? Махараджа сені күтіп отыр. Айтпақшы, мына көйлекті киіп, сәнденіп ал, бастығыңның алдында мың бұралып билеп бер. Сенің биіңді көргісі келеді екен,-деп Мирош есіктен кіре қоқиқазданып, даусын кекете шығарды.


* Тезірек, киін, алаңға шығып билейсің. Дауылпаздар да күтіп отыр.


* Кешір, Мирош мырза, мен Сурья Гупта емепін, менің атым Алтынай,-деді қыз жанып тұрған көздерін оттай қадап:


* Мирош, сен күнәһарсың. Сен туралы бар шындықты білемін. Менің анамды сен мерт еттің. Сені ешқашан кешірмеймін. Мен сені сотқа беремін.


* Сен не деп тұрсың? Есің ауысайын деген екен. Кришнаның қаһарына ұшырағың келіп жүр ме. Мен туралы шындықты білемін дейді, ол шындығыңа кім сенеді. Сотың ба? Ол не істей алады? Дәлелің бар ма? Көпті сөйлемей, тез шық алаңға!


* Дәлелім бар, бірақ оны көрсетпеймін. Ал менің биімді тамашалай алмайсың, сендей нақұрыстың алдында мың бұралғанша, мерт болғаным жақсы.


* Демек, сенде анаңның артынан кеткің келеді ғой, әттең Махараджа саған көз тігіп отыр. Олай болмағанда қазір-ақ қан жоса етер едім,-деп Мирош ашумен Алтынайдың жайылған ұзын шаштарына жабысып, бар күшімен тартқылады.


* Жібер, жібер мені, Мирош, Кришнаның қахарына ұшырап кет, жо-жоқ Алла Тағала жазаңды берсін. Алланың тозағында мәңгі жанып кет!,-деді Алтынай жүлынған шаштарын адуынды қолдардан босата алмай.


* Демек, сен исламға бет бұрайын деген екенсің ғой. Міне, мәселе қайда жатыр екен. Сені енді дініңді сатып, мұсылман болмақсың ба? Сен де жанкештілерді қатарын толтырмақпысың,-деген Мирош енді бар ашуын Алтынайдан алып, тартып тұрған шаштарын одан сайын шалқайта тартып, сүйреді. Аяғы шалынып құлай кеткен Алтынайдың шашынан ұстаған күйі жерге аунатып сүйреп шықты Мирош. Саяжай алаңына жиналған жұрттан именбестен, шашынан сүйрелеп келе жатқан Алтынайға ешкім ара түспеді. Дауылпаздар даңғырлата әуендерін ойната кетті. Аулаға әкеп Алтынайды итеріп жіберген Мирош «биле» деді. Шашы жалбырап, киімі жыртылған Алтынайға қарап тұрған Махараджа да биле дегендей басын изеді. Айнала қоршай алған адамдардан құтыла алмасын білген Алтынай ақырындап, қолдарын бұлғай жан жағына қорқа қарап, әлсін- әлсін қимыл көрсетіп бақты. Қыздың тұла бойы әуенмен ырғалып жатса, бар ойы мен ақылы қашу жоспарын құрып жатқан-ды. Бірақ ойына ешқандай ой түсер емес. Махараджаның үнін естуге келген жұрттың қоршауында қалған бұл қызға ешкім де көңіл бөліп, көмек қолын созбақ емес. Көзі мөлтілдеп не ойларын білмей тұрған қыздың жан айқайына ешкім үңіліп қарамады. Даңғырлаған дауылпаз үнінің әп-сәтте тоқтап қалғанын сезген Алтынай есін жинай жан жағына қараса, айналай қоршаған ұйым мүшелерінің бірі қалмай жоғары тұрған үстел бастарын шығып кетіпті. Оқыранған, ысқырынған дыбысты ести сала, қыз да баяу, қорқа артына бұрылды. Көзі шарадан шығардай, аузынан сілекейі салбырап, қап –қара оттай


көзін буған телміртіп, қайырылған екі мүйізін ары бері лақтыра, денесі құлаштай үлкен, қара-ала бұқа тұрды Алтынайдың алдында. Шеткері көз тастаған Алтынай бұл істі де Мирош істегенін көрді. Құтылғысы келген адамнан құтылудың оңай жолы деп біледі бұны Мирош. Ойда жоқта қорасынан шығып, қызды жазым етіпті дей салу жеңіл бұған. Өзі де пәк, бұқасыда пәк. Бұқа сүзсе, демек, Кришна қалауы деп біледі ұйым мүшелері. Бір орнында тапжылмай қатып қалған Алтынайдың жанына еңірей Аша әжей жетіп келгенде ғана қандай жағдайға тап болғанын сезген қыз, денесі дірілдей, шетке қарай ығыса берді.


* Қаш, қызым, қаш,-деді де әжей, бұқаның алдына көлбеңдей, тұрып алды. Адамдардың бұқадан көзін алмай, у-шу болып жамырап жатқанын пайдаланған Алтынай қора жанынан сытылап шыға берді. Дереу бөлмесіне кіріп, кереуетте қалдырған Құран мен қойын дәптерді ала, дарбазаға қарай жүгіре кетті. Артына қарай,қарай есіктен шыға бергенде, әжейдің жан даусы шығып, анандай жерге ұшып барып құлағанын көріп, көзі жасқа тола, әжейге қарай жанталаса жүгірді. Жерде етпетінен жатқан әжені отыра салып қолын басының астына жібере, көтермекші болып еді, әжейдің ыңыранған даусы естілді.


* Қызым, кешір мені, менің де күнім санаулы екен. Бұл жерден кет, бағың жансын. Ана Мироштан қаш. Кет бұл жерден, кет,-деді де талқысып, көздері жұмыла, ұзақ сапарға аттанып кетті. Денесінің бәрін қан жоса болған әжейді құшақтап ботадай боздаған Алтынайдың жанына үйіліп қалған жұрттар «Кришнаның қалауы, оның жанына кетті,» десіп, гүбірлесіп жатты. Бұқасының тілін жақсы білетін Мирош жануарын дереу қорасына кіргізіп, жерде әжейді құшақтап өксігін баса алмай отырған Алтынайдың жанына келді. Білегінен шап беріп ұстаған Мирошты көргенде, қыздың оттай атылған көздері Мирошты әбігерге түсірді. «Денені өртеуге дайындалыңдар» деді де, Алтынайды жұлқи бөлмесіне қарай ерте жөнелді. Қапқанға түсіп қалғанын сезген қыз ендігі бәрі кеш екенін түсініп, мөлейген күйде, үнсіз жүре берді....


* Менде, мантра оқуға кірісейін, Махараджаның алдында абыройыңыз түсіп кетпесін,-деді Алтынай бөлмесіне келген Мирошқа. Мирош та осыны күткендей, басын изей, құптағандай болды.


* Жақсы, ертең кетесің, Үндістанда сені жаңа өмір күтіп тұр. Махараджаға некелесесің бүгін кешкісін,-деді Мирош, ішінен «қамауда жатқанына бірнеше күн болды, тәубесіне келген сияқты, ертең бұл қызды Махараджаға беріп жіберіп құтылу керек, әйтпесе менің күнәларымды ашып қояр» деп ойлап тұрды. Алтынай сәл езу тартты. Бұл жолы ол еркелей сөйлеп, некелесетініне қуанып жүргендей кейіп танытқандай болды. Бірақ Алтынайдың бір апта бойы ойластырған ойы барын ешкім білмейтін. Ұйым әйелдері келіп, Алынайды кешкі салтанатқа дайындап, әрлеп, киімін кигізіп, әуре сарсаңға түсіп жүр. Құлшылық етер уақыт болды дегенде жапа тармағай кришна ізбасарлары мантра оқуға кірісті. Осы сәтті көп күткен, Алтынай орайы келгенде сойылын соғып қалуға тырысты.


Жалғасы бар

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары