Үйге кіргенде ешкім жоқ болса да сәлем беру туралы дін ғалымдары аяттар мен хадистерге сүйеніп, бірнеше түсініктер берген. Құран кәрімде Алла Тағала: «Қашан үйлерге кірсеңдер, өздеріңе (Мұсылмандарға) Алла тарапынан көркем берекет тіршілігін тілеп, сәлем беріңдер!» деп айтқан («Нұр» сүресі, 61-аят). Науаи «Әл-Азхар» атты еңбегінде: «Үйге кіргенде үйде адамның бар-жоғына қарамай, Алланы еске алып «Бисмиллях» деу мустахаб. Өйткені, Алла: «Қашан үйлерге кірсеңдер, өздеріңе (Мұсылмандарға) Алла тарапынан көркем берекет тіршілігін тілеп, сәлем беріңдер!» деп айтқан» дегені келтіріледі. Әл-Хафиз осы аятты негізге ала отырып: «Бұл сұрақ көпшілікке сәлемдесудің маңызды екінін жеткізу мақсатында айтылған»,- дейді. Кейбір ғалымдар, соның ішінде ибн Жарир: «Бұл аят бір-біріңе сәлем беріңдер» деген мағынада түсірілген» дейді. Бұл ойын «Ниса» сүресінің «...бір-біріңді өлтірмеңдер» деген аятымен қуаттайды. Яғни, адам бір-біріне сәлем беру арқылы Алладан амандық тілейді. Куртуби үйге кіргенде сәлемдесу турасында былай дейді: «Біз үшін бұл аятты үйге кіруші әрбір адамға қатысты айтылған бұйрық деп түсінген дұрыс болады. Егер үйге мұсылман кірсе, ол: «Ассаляму алейкум уа рахматуллахи уа баракатуху» деу керек. Егер, үйде ешкім болмаса, ол жағдайда мына сөзді айтқаны дұрыс: «Ассаляму алейна уа аля ибадиллахи ссалихин». Ал, егер үйде басқа да біреу болып, бірақ ол мұсылман болмаса, онда: «Ассаляму ала ман итааба аль худа» немесе «Ассаляму алейна уа ала ибадиллахи ссалихин». Имам Бұхаридің риуаят етуі бойынша ибн Омар былай деген: «Ешкім мекендемейтін бос тұрған үйге кіргенде: «Ассаламу алейна уа аля ибадиллахи ссалихин» деп айту қажет. Ал ибн Кясирдің тәпсіріне сүйенсек, муджахид: «Мешітке кірерде: «Ассалам аля расулюллах» деп айтыңдар және өз үйлеріңе кіргенде отбасы мүшелеріне Алланың рақметін тілеп, сәлем беріңдер, ал ешкім жоқ үйге кіргенде: «Ассалам алейна уа ала ибадилахи ссалихин» деп айтқан дұрыс болады деген.
Пікірлер