Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Қартын аялаған Жәннатқа кіреді
25 қыркүйек, 2020 жыл 287 Басып шығару нұсқасы

«Бес нәрсе келмей тұрып, бес нәрсенің қадірін біліңдер:

1) Кәрілік келмей тұрып жастық шақтың,

2) Ауру келмей тұрып денсаулықтың,

3) Жұмысбастылық келмей тұрып бос уақыттың,

4) Кедейлік келмей тұрып байлықтың,

5) Өлім келмей тұрып өмірдің қадірін біліңдер!» (Хаким)

Бұл хадистен көп нәрсе ұғына аламыз. Алла Тағала Мұхаммед пайғамбарымыз (ﷺ) арқылы бізге көп дұниені жеткізді. Құранда тікелей де айтып көрсетті. Алла Тағала былай бұйырады: «Раббың Өзінен басқаға құлшылық қылмауларыңа және ата-анаға ізгілік жасауларыңа бұйырды. Егер олардың біреуі не екеуі де қартайса, ол екеуіне «түһ» деп те айтпа, оларға дауыс та көтерме, оларға тек жақсы сөз сөйле. * Оларға мейірімділік пен кішіпейілділіктің қанатын жайып: «Раббым! Кішкентайымда мені тәрбиелегені секілді оларға Сен де рахым ет» деп айт» [«Исра» сүресі, 23-24 аяттар].

Құранға амал еткен дана халқымыз: «Қариясы бардың - қазынасы бар», - деген қанатты сөз қалдырған. Бұл үлкенін ізеттейтін, кішісін құрметтейтін елге ғана тән құбылыс десек артық айтқандық емес. Бүгінде қазақтың әрбір үйінен отбасы мүшелеріне ақылын айтып, тәлімді тәрбиесін беріп, ұлағатты ұғымдарды сіңіріп, шүпірлеген немере-шөберелерінің ортасында марқайып отырған ата-әжелерімізді көрудің өзі – бір ғанибет.

Айша (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (ﷺ) түсінде жұмаққа кіріп бара жатқанын, сол сәтте жұмақтан Құран оқыған әлдекімнің дауысын естігенін айтады. Пайғамбар (ﷺ) ол жақтағылардан бұл кімнің дауысы екенін сұрағанда, олар: «Харрис ибн Нұғманның» деп жауап береді. Мединалық аңсар Харрис ибн Нұғман пайғамбарымыздың (ﷺ) көмекшісі әрі мықты сахабалардың бірі болған. Ол Бәдір, Ұхұд, Хандак және т.б. соғыстарға қатысқан. Бірақ, Алла елшісі (ﷺ) Харрис ибн Нұғманның жұмаққа кіруіне бұл еңбектерімен емес, оның басқа амалмен кіретінін айтып, өзге қырын көрсетіп, бұл жайды түсі арқылы жеткізді. «Бұл – ата-анаға деген мейірім мен махаббат, құрметтің арқасы», - деді де, сосын пайғамбар (ﷺ) үш рет қайталап: «Себебі, Харрис анасын аса құрмет тұтып, оның разылығын алу үшін көп көңіл бөлетін», - деп айтты (Әбу Иала. Әл-Муснад; Насаи. Ас-Сунануль-кубра.).

Мұхаммед пайғамбарымыз (ﷺ) осы хадисі арқылы жұмақтың кілті қайда жатқанын көрсетеді. Кімнің әке-шешесі тірі болса, соларға құрмет көрсетіп, жұмаққа апарар осы жолды мықым ұстап алғаны дұрыс екендігін меңзейді.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта бірде Пайғамбар (ﷺ): «Қор болды! Қор болды! Қор болды!» – дейді. Сахабалар: «Уа, Расулалла! Ол кім?» – деп сұрайды. Сонда ол (ﷺ): «Ол жасы ұлғайған ата-анасы болып, сосын жәннатқа кіре алмаған немесе ол екеуі оны жәннатқа кіргізе алмаған адам», – деп жауап береді. Демек, ата-анаға дер кезінде қызмет ете алмай, сондай мүмкіндікті пайдалана алмау, сондай ізгі істі істеп, соның сауабымен жәннатқа жете алмау орны толмас қасірет екен.

Қартайған ата-ана перзентке салмақ емес, керісінше жұмаққа кіруіне себеп. Бойынан қауқары кетіп, қарттық жеткенде перзенттің ыстық ықыласына мұқтаж қарияларды құрметтеу баршамызға парыз. Әке-шешесі қасында болып, лайықты мейірім көрсете алмай отырған пенделерге қандай өкініш!

Харрис әл-Укайли анасы қайтыс болғанда еңіреп жылады. Бұл әрекетіне тамсана қарағандарға ол: «Мен жыламай кім жыласын, айтыңдаршы! Өйткені, мені жұмаққа алып барар есіктердің бірі жабылды ғой!» - депті. Ат-Тирмизиден жеткен хадисте Абу Дарда (р.а.) басынан өткен мына жайды айтады: «Мен Алла елшісінің (ﷺ): «Ата-ана ол Жәннәттің ортаңғы (ең жақсы) қақпасы, қаласаң сен сол қақпаны сақтай аласың не жоғалта аласың», - деп айтқанын естідім», - деді.

Қазыналы қарттарымыз аман болсын!

 

 

 Түкетаев Ардақ Әділханұлы

Ақтоғай аудандық орталық мешіттің бас имамы

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары