Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Алланың рахметінен үміт үзбе
25 қаңтар, 2016 жыл 2463 Басып шығару нұсқасы

5904451622222Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла мүминдер үшін дайындаған рахметінен Аллаға шүкір етушілер үшін олардың өз рахметінен құрметті етіп қойғанына, Аллаға шүкір етушілері және ізгі амалдар істеулері үшін дайындап қойды. Өйткені, кім Алланың рахметінен үміт етсе, ол жақсы амалдар істейді және осы рахметке лайықты болуға әрекет етеді. Өйткені, Алла Тағала «Ағраф» сүресінің 56-аятында: «Алланың рахметі көркем амал істеушілерге жақын» деген. «Кәһф» сүресінің 110-аятында: «Енді кім Раббысына жолығудан үміткер болса, онда ол жақсы амал істеп, Раббысына істеген құлшылығында Оған ешкімді ортақ қоспасын» деп айтылған. Абу Саид Худриидан риуаят етіледі: «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бір адам ешқандай амал істемей «Лә иләһә иллоллаһ» сөзімен Жәннатқа кіреді. Ол өлер алдында жанұясына өсиет айтты:  «Егер мен өлсем, мені отқа жағыңдар, кейін сүйегімді талқандап, жартысын теңізге, жартысын жерге себіңдер» дейді. Ол адам өлген соң өсиеті орындалып, солай істеледі. Кейін Алла Тағаланың бұйрығымен Теңіз бен құрғақ жер бірігіп, ол адамды тірілтті. Содан соң, Алла Тағала ол адамнан: «Бұл істі істеуге сені не мәжбүрледі?» деп сұрайды. Ол кісі: «Ей, Алла, сенен қорқуым еді» деді. Осы ісімен Алла Тағала оның күнәларын кешіреді. Осы хадисті әлбетте дұрыс ұғыну қажет. Денесі жанып, күлі суға түскені үшін емес, әлгі кісінің жүрегіндегі иманының күштілігі оны Алладан қорқытты. Сол қорқынышы оның күнәларының кешірілуіне себеп болды. Абдулла ибн Амр ибн Астың риуаят етуі бойынша Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әлбетте, Алла Тағала пенденің күнәсін кешіру үшін оның күнәсін үлкен санамайды. Сіздерден бұрын өткен бір кісі 99 адам өлтірген еді. Ол бір сопының алдына барып,: «Мен 99 адам өлтірген едім, тәубе етсем болады ма?»,- деді. Сопы: «Жоқ, тым асырып жіберіпсің» деді. Әлгі кісі оны да өлтірді. Сосын басқа бір сопының қасына келіп, «Мен 100 адам өлтірдім, енді тәубе етсем болады ма?» деп  сұрайды. Сопы: «Өте ауыр күнәлар істепсің, білмедім. Бірақ ана жақта екі ауыл бар, біреуінің аты – Басра, екіншісі – Куфра. Басралықтар Жәннатық амалдар істейтін қауым, онда  олардан басқа қауым тұрмайды. Куфралықтар тозақы амалдар істейді және ол жерде басқа қауым тұрмайды. Егер сен Басраға барсаң және олардың амалдарын істесең, сенің тәубаңа күмән болмайды», - дейді. Әлгі кісі өзі қалаған жағына бет алады. Ол екі ауылдың ортасына жеткенде Алланың қалауымен қайтыс болады. Оның үстінде Азап періштесі мен Рахмет періштесі не істерін білмей қалады. Періштелер Алладан бұл істі сұрайды. Алла Тағала: «Екі ауылдың ортасын өлшеңдер, қайсысына жақынырақ болса, сол қауымнан болады», - дейді. Олар екі ауылдың ортасын өлшеп еді, Басра ауылына бір қарыс жақын екендігі анықталды және осы ауылдан деп жазылды. Осы хадистен барлық жақсылық пен жамандық ниетке байланысты болатынына көз жеткіземіз. Жақсы амал істеуге ниеттенген адамның ниеті үшін Алла қаласа күнәлары кешіріледі. Абдулла ибн Масғұд (оған Алла разы болсын) айтқан екен: «Үш нәрсеге ант етттім. Егер төртіншісіне ант етсем ол да тура болады:




  1. Алла Тағала дүниеде бір кісіні дос тұтса, қиямет күні оған өзінен басқаны хаким етіп қоймайды.

  2. Алла Исламнан несібелі болған кісіні Исламнан несібесіз етіп қоймайды.

  3. Кімде-кім қайсы бір қауымды жақсы көрсе, қиямет күні олармен бірге болады.

  4. Алла Тағала бұл дүниеде бір пенденің күнәларын жасырса, ахиретте де жасырады».


Жабир ибн Абдулла Ансаридің риуаят етуінше Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Менің шапағатым үмметімнің ауыр күнә істегендері үшін, мұны кім өтірікке шығарса, менің шапағатыма ілінбейді» деп айтқан. Бұл дегеніңіз, Пайғамбар өзі шапағат етеді деп ауыр күнәларды істеп жүре беру емес, қателігін мойындап Алладан кешірім сұрап, Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен м сәлемі болсын ) салауат айту деген сөз.


Жабир ибн Абдулла (оған Алла разы болсын) мына болған жайды былайша баяндайды: «Біздің алдымызға Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп: «Сіздерден бұрын Алланың пенделерінің бірі 500 жыл таудың үстінде Аллаға ғибадат етті. Таудың ұзындығы 30 кез еді. Теңіз оны әр тараптан орап, 4000 фарсах (5 км) қашықтықтан орап тұратын. Алла Тағала ол үшін тұщы сулы бұлақ ағызып қойған еді және ол су таудың етегіне жайылатын еді. Және сол жерде анар ағашы бар еді. Ол ағаш күнде бір анар салатын. Түн өтсе, дәрет алғаннан кейін, анарды жеп алып намаз оқитын. Ол Алладан өз жанын сәжде етіп тұрған уақытта алуды және жер мен құрт-құмырсқалар білмеуін сұрайтын. Алла Тағала оның сұрағын да істеді. Жәбірейіл періште: «Біз қашан оның алдынан өтсек, тауға шықсақ және түссек оның сәждеде тұрғанын көрер едік. Біз оны ілімде таптық, қияметте ол тірілді және Алланың құдыреті алдына тоқтады. Алла Тағала: «Пендемді менің рахметіммен Жәннатқа кіргізіңдер» деді. Пенде: «Жоқ, мені істеген амалыммен кіргіз». Алла Тағала періштелерге: «Оның амалдарын мен оған берген нығметтеріммен салыстырып есептеңдер», - деп айтты. Оған берілген көз нығметінің өзі 500 жылдық ғибадатты қамтып алды да дене нығметіне қарыз болып қалды. Алла Тағала: «Пендемді тозаққа кіргізіңдер»,-деді. Сосын періштелер оны тозаққа алып бара жатыр еді, пенде тұрып: «Ей, Раббым, мені өз рахметіңмен Жәннатқа кіргіз»,-деді. Алла Тағала оны қайтаруды бұйырды. Ол Алла алдына әкелінді.


Алла Тағала: «Ей, пендем, сен алдын-ала жоқ едің, сені кім жаратты?»,-деп сұрады.


Пенде: Сен жараттың.


Алла: Бұл сенің амалың ба, әлде менің рахметім бе?


Пенде: Сенің рахметің.


Алла Тағала: Кім сені 500 жыл ғибадат етуіңе қарай қуаттандырды?


Пенде: О, Раббым, Сен қуаттандырдың.


Алла Тағала: «Тауда саған түбі көрінбейтін суды кім шығарды? Ащы судан тұщы суды кім шығарды? Әр түн саған бір дана анарды кім шығарды? Сәждеде жаныңды алуды сұрадың, мен солай істедім, бұларды кім істей алады?


Пенде: Сен, о, Раббым.


Алла Тағала: Бұлардың барлығы менің рахметім, рахметіммен Жәннатқа кіргіземін. Пендемді рахметіммен Жәннатқа кіргізіңдер. Сен өте жақсы пенде болдың», - деп оны Жәннатқа кіргізеді. Жәбірейіл періште: «Бұлардың барлығы Алланың жарылқауынан»,-деді.


Хасаннан риуаят етіледі. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Өлім уақытында мұсылман кісінің жүрегінде қауіп пен үміт бар болғанда, нені үміт етсе, Алла Тағала соны береді және неден қорыққан болса, соны кетіреді» деген. Абу Хурайра (оған Алла разы болсын) риуаят етеді: «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ешбіреуіңіз амалмен құтыла алмайсыздар» дегенде, «Сіз де құтыла алмайсыз ба я, Расуллуллаһ?» деп сұралынды. Сонда Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен де, бірақ мені Алла өз рахметімен орап алды. Алла Тағалаға жақын болатын амалдарға жақындаңыздар. Тура сөзді айтыңыздар. Алланың разылығы үшін ғибадат етіңіздер және күннің екі жағын және түннің қараңғы кездерінде зікір етіңіздер. Амалды күннің шығуында және күннің батуында істеңіздер, қараңғы түндерде ғибадат етіңіздер»,-деді.


Абу Раууадтың әкесі: «Алла Тағала Дәуіт пайғамбарға (ғ.с.) уахи жіберді: «Ей, Дәуіт, күнаһарларды қуант және шыншылдарға ескерт»,-деді. Дәуіт (ғ.с.): «Я, Раббым, күнәһарларды қалай қуантып, шыншылдарды қалай ескертемін?»-деп сұрады. Сонда Алла Тағала: «Күнәһарларға қуаныш хабарын бер, олардың күнәларын кешіру маған ауыр іс емес. Шыншылдарды ескерт, істеген амалдарымен дандайсымасын», - деді. Абу Хурайра (оған Алла разы болсын): «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер мүминдер Алланың құзырындағы азапты білгенде еді, ешкім Жәннатты дәметпеген болар еді және егер кәпірлер Алланың құзырындағы рахметін білгенде еді, оның рахметінен ешкім үмітсіз болмас еді» деп айтты»,-деп жеткізеді. Алла Тағала Мұсадан (ғ.с): «Е, Мұса, мен үшін не істедің?»,-деп сұрағанда, ол: «Ей, Раббым, Сен үшін намаз оқыдым, ораза тұттым, зекет бердім, есіміңді көп зікір еттім», - дейді. Сонда Алла Тағала: «Ей, Мұса! Оқыған намаздарың саған дәлел, ұстаған оразаларың – тозақтан қорғаныс, берген зекеттерің қияметтің ыстығынан қорғайтын көлеңке, Менің атымды зікір етуің – қабір мен қиямет қараңғылығынан құтқаратын нұр. Яғни, бұлардың пайдасы саған тиеді. Ал, Мен үшін не істедің?», - дейді. Мұса (ғ.с.): «Я, Раббым, Сен үшін не істейтінімді айтшы» деп жалбарынды. Алла Тағала: «Ей, Мұса! Достарымды Мен үшін жақсы көрдің бе? Дұшпандарымды Мен үшін дұшпан санадың ба?» деп жол көрсетті. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Иманның негізгі және ең күшті белгісі – мұсылмандарды сүю және мұсылмандарға дұшпандық еткендерге қарсы болу» деген. Алла Тағала Исаға (ғ.с.): «Ей, Иса, жер мен көктегі барлық жаратылғандардың құлшылығын жасасаң да Менің достарымды сүйіп, дұшпандарыма қарсы келмейінше істеген ғибадаттың ешқандай пайдасы жоқ» деген.



Төлтаев Ербол Мұқанұлы


Балқаш қаласы мешітінің бас имамы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары