Тілдік нұсқа
Радио

мақала

«Біз жанбасақ лапылдап...»
14 қазан, 2020 жыл 432 Басып шығару нұсқасы

«Қажу бар ма тұлпарға?!

Талу бар ма сұңқарға?!

Иман күшті оларда

Мен жастарға сенемін!» – деп үкілеп үміт артылған «жарқын болашақтың» кепілі болған жастарымыз – ел болашағын арқалаған ертеңгі тұлғалар. Ақ пен қараны ажыратып, оң мен солды танытар асыл дінімізде өскелең ұрпақтың бойына ізгіліктің дәнін сеуіп, «атаның емес, адамның баласы» болуға баулу айрықша маңызға ие. Күн шұғылалы, қырандай еркін елімізді әлемдік аренада паш ету – әрбір жас буынға жүктелген міндет. Бабаларымыздан қалған ізгі сөздерде былай делінеді: «Бір жылыңды ойласаң, егін ек. Он жылыңды ойласаң, ағаш ек. Жүз жылыңды ойласаң, ұрпақ тәрбиеле». Себебі осындай бастаулардан ғана қазақ халқы үшін «елім» деп еңсесін тіктер, «жерім» деп жігерленер, іргелі ел болу жолында бар күшін сарп етер жастар дүниеге келеді. Біз үкілеген жастар парасаттылығымен ел мұңын, халық сырын, тарих үнін түсіне білуі ләзім.

Екі дүниенің сардары болған асыл Пайғамбарымыздан (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тәлім алып, тәрбие көрген, пайғамбар бұлағынан сусындаған саңлақ сахабаларымыз қаншама десеңізші?! Алла елшісінің «Сахабаларым көктегі бірер жұлдыз іспетті, қайсысының соңынан ерсеңдер де тура жолды табасыңдар», - деген сөзінің өзі жас сахабалардың кемелдік шыңын бағындырғанының көрінісі. Сол сахабалардың бірі Әбу Сағид әл-Худри (Алла разы етсін) жастарды көргенінде оларға былай деп айтатын: «Алла елшісінің өсиеттері қандай еді, шіркін! Мәжіліс құрғанда, жастарға арамыздан орын беруді, сендерге хадистің мәнін ашып түсіндіруді өсиет еткен еді. Өйткені ізбасарларымыз һәм бізден кейінгі хадис иесі өздеріңсіңдер». Әз елшінің ғұмырына зер салып қарасақ, оның жастарға ерекше көңіл бөлгендігін, олардың жақсы тәлім-тәрбие алып, жан-жақты жетілуі үшін қолынан келген бар жағдайды жасағанын һәм аға буын сахабаларға да солай істеуді өсиет еткендігін көреміз. Расында, біз бұл ұстанымға қазақтың «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан шықсын» деген аталы сөзінің толық үйлесетінін көреміз. Бұл хадисте тілге тиек етілген маңызды мәселенің аға буыннан кейін ел жүгін арқалайтын жастарға пайдалы ілім үйрету екенін көреміз. Айтса айтқандай, қазіргі уақыттағы сұраныс жастардан білімді, білікті болуды, әлемдегі көшке ілесе білуді талап етеді. Барша әлемнің Раббысы Алланың алғашқы бұйрығы «Оқы!» болғанын ескерсек, қазақ жастары білім көкжиегінен көрінуге ұмтылып, ғылымның биік белесінен бір-ақ шығуы керек.  Ұстазымыз Ержан қажы Малғажыұлы айтпақшы, «біз жастарымыздың білімді әрі тәрбиелі болуын қалаймыз. Дінді құрметтеген жастар дәстүрге қырын қарамай, ел іші тыныш болғанда ғана діннің өрістей түсетінін білуі тиіс». Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні:

Айбынды, Алаш елім де

Мағжанның жаны – өр ұрпақ.

 

Сәтбаев қалалық

«Балмағамбет Балқыбайұлы» орталық мешітінің ұстазы,

Бауыржан Амангелдіұлы

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары