Оң мен солды танытатын, ақ пен қараны ажыратар Ислам дінін нығмет етіп берген, біздерді асыл Пайғамбардың үмметі еткен Аллаға сансыз мақтаулар болсын! Әлемге рахым нұры болып жіберілген, Құранды хадис шәріптерімен тәпсірлеген Алла Елшісіне сансыз салауаттар болғай!
Ислам діні ізгіліктің дәнін еккен асыл құндылықтарға үндейді. Қиналғанға көмек қолын созуды, жәбір көргенге жанашыр болуды насихаттайды. Осыдан-ақ өзгенің ісін өзінің қажетінен жоғары қойып, адамдардың алғысынан Алланың разылығын артық қою ықыласты мұсылманның сипатынан екенін көреміз.
Әу баста Адам атадан Мұхаммед пайғамбарға (оған Алланың сәлемі мен ігілігі болсын) дейінгі әрбір Елшінің келген алғашқы мақсаттарының бірі – қоғамды жөнге салу еді. Әрбір пайғамбар келген уақыт - қоғамда кеселді мәселелер өршіп тұрған мезгіл болатын-ды. Сол кезде әрбір игілікті Елші күнәлармен тас болып, қатып қалған жүректерге сәуле болып кіруге тырысты.
Мұсылман қоғамының әрбір мүшесі жақсылық пен туралықты бұйырып, жамандық пен әділетсіздікке қарсы тұруы қажет. Алла Тағала қасиетті құранда Әли Имран сүресінің 110-аятында былай деген: «Сендер барша адамдардың игілігі үшін келген, жақсы істер жасауға бұйыратын, өзге жұртты жамандықтан тыятын, Аллаға иман келтірген сондай бір өнегелі үмбетсіңдер!» Дәл осы аяттың өзінде-ақ Алла Тағала мұсылман үмбетінің сипатын ашық көрсетіп қойған. Аяттағы «барша адамдардың игілігі үшін келген» сөзін «қоғамға пайдалы болған» деп тәпсірлеген ғалымдар да жоқ емес.
Қоғамды кеме деп алсақ, осы кемедегілердің тағдыры ортақ болғандықтан олар бір-бірінің жағдайына көз жұмып қарамауы керек. Шырақтың отымен келесі шырақты тұтатсаң, бұдан бірінші шырақтың оты кеміп қалмайды, керісінше, екі шырақ жанса жарық та, жылу да мол болады. Бір-біріне өзара ізгілік таныту жөнінде қаншама хадистер келген: «Мейірімді болмағанға – мейірімділік көрсетілмейді», «Адамға рахметі жоқтың – Аллаға шүкіршілігі жоқ», «Жердегілерге жаның ашысын, сонда көктегілердің жаны ашиды», «Өзіңе қалаған дүниені мұсылман бауырыңа да қаламайынша, толық иман келтірмеген болады». Осындай хадистердің әрбірі барлық мүмин мұсылманды жігерлендіруі керек. Өзгеге жақсылық жасай алмаған адам өзін де жақсы көрмейді. Сондықтан асыл дініміздің осы бір өнегесін кеңінен насихаттаудың астарында шынайы мұсылмандықтың сипаты көрініс табады.
Сәтбаев қаласы «Балмағанбет Балқыбайұлы» мешітінің
наиб имамы Еркебұлан Ермекұлы
ihsan.kz
Пікірлер