Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Намаз – діннің тірегі.
02 желтоқсан, 2020 жыл 323 Басып шығару нұсқасы

         Намаз – Алла тағаланың адам баласына парыз еткен амалдарының бірі де бірегейі. Алла Тағала Құран Кәрімде «Мен жындар мен адам баласын  тек қана Маған ғибадат етсін деп  жараттым», – деген.

                                       «Махаббатпен жаратқан адамзатты,

                                    Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті»

деп дана Абай атамыз жырлағандай бізді жоқтан бар етіп, сансыз нығметтер берген Жаратушымыздың ұлықтығын мойындап, сәждеге бас ұру – әр мұсылман үшін үлкен бақыт және әркімге бұйыра бермейтін несібе. Намаз - Алламен пендені байланыстырушы үлкен көпір іспеттес. Бес уақыт Жаратушысын мінәжат еткен пенде мен Раббысының арасында тұрақты байланыс орнайды. Раббысымен байланыста болған адамның ісі берекелі, жүзі нұрлы, мінезі көркем бола түседі. О дүниеде сұралатын ең бірінші амалымыз – намаз екені бізге хадистерден белгілі. Намаз - біздің жан дүниемізді тазартып, күнадан сақтайтын қорғанымыз. Бұл туралы мынадай оқиға баяндалады: Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендердің араларыңнан бір адамның есігінің алдында өзен ағып, ол сол өзенге күніне бес рет шомылса, ол адамда кір қала ма?» - деп сұрағанда, сахабалар: «Жоқ қалмайды», - деп жауап қайырады. Сонда Алла Елшісі (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) : «Судың кірді тазалайтынындай бес уақыт намаз да күнәларды тазалайды» - деп намаз арқылы Алла Тағала пенделердің күнәларын жоятынын жеткізген.  Намаз - Алланың раһымына бөлендіріп, Жаратушымызға жақындата түсетін сауапты амал. "Алланың құлына жақын болатын кезі - сәждеге барған сәт" – деп хадис-шарифтерде  баяндалған.

         Бізді жаратып, сансыз нығметтер мен өмір сүру үшін уақыт берген Аллаға  күніне бес рет зікір айтып, сәжде жасау әр пенденің қолынан келері сөзсіз. Сондай ұлық ғибадатқа кейде «уақытым жоқ» деп, жауапкершіліктен бұлтаратын пенделердің бар екені жасырын емес. Ақылға салып ойласақ бізге осы өмірді, осы мүмкіндікті берген Аллаға уақыт бөлмеу қандай әбестік десеңізші?! Осы өмірде уақытша ғана берілген бала-шаға, жұмыс-мансап, байлық деп алданып жүріп, мәңгілік өмірде сұралатын бірінші амалды орындаудан тыйылудан артық не нәубет бар? «Сендерді малдарың, балаларың Алланы еске алудан тоспасын. Әлде кім бұны істесе, міне солар, зиян тартушылар» деген Құран аяттары кез-келген адамды бей-жай қалдырмасы анық. Алла тағала сондай пенделері туралы айта келе қасиетті Құранда былай дейді: "Сендерді тозаққа кіргізген не нәрсе?" Олар: "Біз намаз оқушылардан емес едік" . Намаз оқыған адамға Алланың мейірімі мен раһымы жауады. Сондай раһымдылықтан тыс қалудан Алла өзі сақтағай!

       Уақытша өмірде әр мұсылманның мақсаты – мәңгілік өмірде жұмаққа кіру болса керек. Ал жұмаққа жетудің жолы мына хадисте : «Әр нәрсенің кілті бар болады. Намаздың кілті дәрет алу. Ал жәннәттің кілті - намаз» - деп баяндалған. Ендеше осы парызымызды межесіне жеткізе орындап, Алланың раһымымен жұмаққа кіру баршамызға нәсіп етсін!

       

       

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер: Құран кәрім «Зарият» сүресі 56-аят;

 «Мунафиқун» сүресі 9-аят;

«Мудассир» сүресі 42-43-аяттар.

 

 

Қаражал қалалық мешітінің бас имамы Советов Талғат

 

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары