Тілдік нұсқа
Радио

мақала

«Бір тәуекел бұзады мың қайғының қаласын...»
11 қаңтар, 2021 жыл 473 Басып шығару нұсқасы

Бізді оң мен солды танытар, жақсы мен жаманды айырар Ислам дінінің үмметі еткен Жаратушымыз Аллаға шексіз мақтаулар болсын! Сол үмметін сағынып көзіне жас алған, «тірі Құран» болған асыл Пайғамбарымызға (Алланың оған сәлемі мен салауаты болсын) сансыз салауаттар болғай!

Жаны мен тәні Исламмен тоғысқан қазақ халқында небір аталы сөздер бар. Қай-қайсысының болсын мәніне үңілсең, хадис пен аяттың мағынасынан бір-ақ шығасың! Мәшһүр болғаны: «Тәуекел түбі жел қайық, мінесің де өтесің» немесе «Тәуекел ет те, тас жұт». Расында, тауып айтылған қанатты сөз! Себебі мүмін мұсылман бар мұқтажын Жаратқаннан сұрап, тек бір Аллаға тәуекел етеді. Демек, тәуекел – адамның өз-өзіне емес, бір Аллаға деген сенімі. Керісінше адам өзінің дәрменсіз, әлсіз екенін мойындай отырып, Ұлы Алланың берген тағдырына ризашылықпен көнуі. «Атыңды арқандап, тұсаулағаннан кейін ғана Жаратқанға тәуекел ет» деген атам қазақтың мақалы – дәл Исламдағы осы тәуекел түсінігіне сай айтылған. Тіпті, бұл мақал Пайғамбарымыздың (Алланың оған сәлемі мен салауаты болсын) хадисінен алынған. Атақты ғалым Зун-нун бұл туралы былай деген екен: «Құл «Алла Тағала менің бойымдағыны, әрқашанғы қал-жағдайымды көріп-біліп тұр» деген сенімге толық жетпейінше тәуекелі күшеймейді». Олай болса, шынайы тәуекел – Алла Тағалаға толық иман келтірумен байланысып жатқан қасиет. Шынтуайтында, иманы кәміл болмаған адам шынайы тәуекелге де бара алмайды. Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала былай деген: «Мүміндер тек қана Аллаға тәуекел етсін». Бұл аяттың мәніне үңілсек, толыққанды иман келтірдім деген жан қай ісінде болмасын тәуекел етуге лайықты болған тек бір ғана Жаратушыға сенім артуы керек. Себебі Құранда келгендей, «Көктердегі және жердегі сырды білу Аллаға ғана тән және барлық іс Оның алдына барады. Құдайға құлшылық ет, Оған бел байлап тәуекел ет. Алла Тағала барлық істеріңнен толық хабардар».

Осы ретте өз дәуірінде мұсылмандардың әміршісі болған халифа Омардың (оған Алла разы болсын) оқиғасын айта кеткеніміз абзал. Бір күні Омар (оған Алла разы болсын) мешітте отырған адамдармен әңгімелеседі. Мешітте отырғандардан: «Сендер кімсіңдер?» – деп сұрағанда, олар: «Біз – Аллаға тәуекел етушілерміз», – деп жауап береді. Сонда әмірші Омар (оған Алла разы болсын): «Сендер Аллаға емес, адамдарға тәуекел етушісіңдер. Тәуекел етуші жерге дән сеуіп, оның нәтижесін Аллаға тапсырып, тәуекел жасайтын адам», – деп ренжіген екен.

Халифа тағы бір ғибратты сөзінде: «Сендердің ешбірің ризық алу үшін өз күшін салуды тоқтатпасын. «Уа, Алла, маған ризық бер!» деген сөзбен шектелмесін. Аспаннан алтын мен күмістен болатын жаңбыр жаумайтындығын білесіңдер ғой», – деген екен.  

Қорыта келгенде, сеніммен тәуекел еткен құлын Алла жалғыз қалдырмайды, істің нәтижесін Аллаға табыс еткендіктен, Ұлы Жаратушы пендесіне жақсылықты нәсіп етеді.

Сәтбаев қаласы

«Балмағанбет Балқыбайұлы» мешітінің

найб имамы Бекзат Қалдыбайұлы

 

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары