«Елдің басшысы, елдің қызметін жасайды» дегендей, елдің ертеңі мен болашағы үшін, мемлекеттің тыныштығын сақтап, жағдайын жақсарту, құқығын қорғап, әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету мақсатында халыққа қызмет етіп жүрген басшыға бойұсыну мұсылманшылықтың нақ белгісі. Біздің ел ішіне іріткі салу үшін қарапайым халық арасына басшыларымыз туралы керітарпа сөздер таралып жүргені рас. Әр адам біреудің ойына қосылып, соған еріп кетпес үшін аз-маз болса да ізденуі керек. Ел басқарған басшы жақсы болсын, жаман болсын оған бағынуымыз қажет. Бірақ әр істі ақылға салып саралаймыз. Хажжаж ибн Юсуф әс-Сақафи Мекке қаласын күшпен басып алады. Көптеген адамдардың жазықсыз қаны төгіледі. Жеңіске қол жеткізген соң имам болып намаз өткізеді. Сол кезде Меккеде Пайғамбарымыздың ﷺ көзін көрген қаншама сахабалар бар еді. Соның ішінде Абдулла ибн Омар (Алла одан разы болсын) да бар болған. Халық залым Хажжаждың артында намаз оқу мәселесінде Абдулла ибн Омарға (Алла одан разы болсын) қарайды. Абдулла ибн Омар (Алла одан разы болсын) Хажжаждың артында тұрып намаз оқиды. Оны көрген басқалар да намазға тұрады. Намаз оқып болған соң неліктен мұндай залым адамның артында намазға тұрғанын сұрайды. Сонда ол: «Егер мен оның артында намазға тұрмағанда, тағы да қаншама адамның қаны төгілетін еді», деп жауап берген. Демек, елдің бірлігі мен тыныштығы жеке бастың пайдасы мен көңілдің қалауынан абзал болмақ.
«Азамат жетім болмайды – халықтан болса панасы, халық жетім болмайды – басшы болса данасы» деп Сырым Датұлы айтқандай әр істі даналықпен атқаруымыз қажет. Әр азамат бір істе басшы. Отасында ер басшы, жұмыста оны ұйымдастырып, негізін қалаушы басшы, жаңа кәсіп бастасаңыз өзіңізге өзіңіз басшысыз дегендей. Яғни, айтпағымыз қандай ортада болмаңыз, қай істі қолға алмаңыз соған далдықпен, даналықпен қараңыз. Қасиетті Құран Кәрімнің «Нахл» сүресінің, 53-аятында: «Сендердегі әрбір нығмет Алладан» деп еске салады. Бұл игіліктердің ішіндегі ең ұлы нығметтің бірі және бірегейі – бастың амандығы мен қоғамның тыныштығы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім өз үйінде (отбасының қасында) амандықпен ешкімнен қорықпай, дені сау және бір күндік тамағы болып таң аттырса, бүкіл дүние алдына жиналғандай болады», деген. Аман-есен отбасыңның қасында болу үлкен нығмет. Елдің тыныштығы әркімге беріле бермес үлкен бақыт. Сырттан келген әркімнің сөзіне еріп, мемлекетіміздің басшысына, мешіт имамдарына қарсы шығып, берекемізді қашырмайық.
Сайлау алды қарсаңында әлеуметтік желілерде көптеген видео, мәтін түріндегі материалдар қаптап кетті. Соның дені сайлауға жастарды қарсы үгіттеу, ел басшылығына қарсы қою, қысқа қайырғанда бүлік шығару мақсатында жасалған. саяси білімі жоқ жастар соған еріп те жатты. Оны мақала астындағы пікірлерден көрдік. Әрине бұл құптарлық жай емес. Бір аспан, бір мемлекетте өмір сүргендіктен басшымызға бағынуымыз қажет.
Абдулла ибн Әмір жұма хұтпасын оқуға келерде, мейлінше жұқа киініп, шашын ретке келтіріп, үсті-басын қадағалайтын. Бір күні ол намазын оқып, үйіне кіреді. Ол жерде сахаба Әбу Бәкір да мінбердің қасында отырған болатын. Сол мезетте, Әбу Біләл Мирдас деген кісі: «Адамдардың басшысына, мырзасына қараңыздар! Жұқа киініп, пасықтарға ұқсағысы келеді», дейді. Әбу Бәкір (р.а.) Мирдастің сөзін естіп, ұлына: «Әбу Біләлді (Мирдасты) маған шақырып кел» дейді. Әбу Біләл келген соң Әбу Бәкір (р.а.): «Жаңа ғана басшыға қарсы айтқан сөзіңді естідім. Мен Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім Алланың (яғни, бұл дүниеде оған басшылықты нәсіп еткен) басшысына құрмет көрсетсе, Алла да оны құрметке бөлейді. Кім Алланың басшысын (менсінбесе) құрметтемесе, Алла оны масқара етеді», дегенін естіген едім», деп айтады.
Аллаға шүкір, таңымыз бейбіт атып, бейбіт батуда. Ол дұрыс жүргізілген экономиканың, дұрыс басқарылған саясаттың арқасы. Олай болса Алладан берілген басшыға бағынайық. Әр іс ниетке байланысты. Біз қандай ниетте болсақ, соған сай басшыға жолығамыз. Ал, қазіргі таңдағы басшымыз Аллаға шүкір иманды кісі. Тек біздер – халық жақсы ойда болайық. Алла Тағала «Ниса» сүресі 59-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Аллаға бағыныңдар, Елшіге бағыныңдар, сондай-ақ өз араларыңнан болған басшыларыңа бағыныңдар» деп ескерткенін жадымызда ұстайық!
Нұров Махмуд қажы Нұрұлы
«Бала қажы» мешітінің бас имамы
ihsan.kz
Пікірлер