Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Алма ағашы мен баланың әңгімесі
09 наурыз, 2016 жыл 1325 Басып шығару нұсқасы
Бағзыда әдемі бір алма ағашы мен кішкентай бала болыпты. Жас бала күнде алма ағашына келіп, өрмелеп, секіріп, алмасын жеп, соның маңайында таңнан кешке дейін асыр салып ойнайды екен. Алма ағашы баланы, бала алма ағашын өте жақсы көретін. Уақыт жылжып өтіп жатты. Уақыт қана емес, сол уақытпен бірге жас балада есейіп, алма ағашынан гөрі, сырттағы ойынға құмарлығы арта түсті. Бірде әлгі жас баланың қабағы тұнжырап келді. Алма ағашы: «Кел, ойнайық»-деді.

  • Мен енді сенімен ойнағым келмейді. Достарыммен ойнағым келеді. Маған сол үшін ойыншық керек. Бірақ оны сатып алу үшін менде ақша жоқ – деді бала.

  • Кешір, менің саған беретін ақшам жоқ. Бірақ менің барлық алмамды жинап алып, сатсаң ақша болады. Соған өзіңе ойыншық сатып ал – деді ағаш.


Ағаштың айтқаны баланың көңілін әп-сәтте көтерді. Ол ағаштағы барлық алманы жинап алып, кете барды. Содан кейін көпке дейін қайтпады. Ал ағаш мұңайып қала берді. Күндердің күнінде бағанағы жас бала жас жігіт болып оралды. Сонда алма ағашының қуанышында шек болмады.

  • Сен келдің бе?! Кел енді ойнайық – деді қуана.

  • Менің ойын ойнайтын уақытым жоқ. Ол жастан өткенмін. Қазір мен отбасымды асырауым керек. Бізге баспана қажет – деді жігіт.

  • Кешір, менде саған беретін үй жоқ. Бірақ менің берік бұтақтарымды кесіп алып, өзіңе үй тұрғызып ал – деді ағаш.


Жігіт бұған қуанып кетіп, дереу оның бұтақтарын шабуға кірісті. Ал алма ағашы жігіттің бақытты жүзін көріп, соған қуанып қала берді. Бірақ содан кейін жігіт қайтып келмеді. Ағаш жалғыз, алма, бұтасыз бір өзі мұңайып қала берді. Шерін бөлісер қасында ешкімі жоқ.  Жаздың жаймашуақ бір күнінде әлгі жас жігіт жігіт ағасы болып оралды. Оны көрген алма ағашы қуаныштан айғайлап:

  • Кел, кел, ойнайық – деді.

  • Жоқ. Ойнағым келмейді. Шағын қайық болса, соған мініп, мына дүниенің бітпейтін тірлігінен алысқа жүзіп кетер едім – деді жігіт ағасы шаршаған кейіпте.

  • Менің өзегімді алып, өзіңе шағын қайық жасап ал. Соған мініп жүзіп кетесің, қайтадан бақытты боласың – деді кәрі ағаш.


Мұны естіген жігіт ағасы екі сөзге келместен алма ағашының өзегінен шағын қайық жасап алып, ұзақ уақытқа жүзіп кете барды. Бірақ көп жылдардан кейін әлгі жігіт ағасы қайтып оралды. Өзі де қартайған. Оның келе жатқанын байқаған кәрі алма ағашы:

  • Балам менің! Кешір мені. Менің саған пайдамды тигізетін ештеңем қалмады. Алмам да, бұтағым да, өзегім де жоқ.

  • Маған оның ешқайсы қажет емес. Алманы жейтін тісім де қалмады. Ендігі жерде бұтақты қайтемін, өзекті қайтпекпін? – деді қарт кісі.

  • Менің кәрі тамырым мен тұқыл діңгегімнен басқа ештеңем қалмады – деді кәрі ағаш.

  • Маған көп ештеңенің қажеті жоқ. Ұзақ жолдан шаршадым. Тек сая тауып демалсам болды – деді қарт кісі.

  • Менің кәрі тамырым мен тұқыл діңгегім сенің демалуыңа жарайды. Кел, діңгегіме отыр, демал – деді алма ағашы.


Қария алма ағашының қалған тұқыл діңгегіне отырғанда кәрі алма ағашының қуанғаннан бүкіл кәрі тамыры жылап жатыр еді.

Бұл әңгіме біздің баршамызға қатысты. Алма ағашы – біздің ата-анамыз. Біз кішкентай болғанда Әкемізбен, Анамызбен ойнаған бізге ұнайтын. Есейгенде олардан жыраққа кетеміз. Оларды анда-санда ғана еске алып, қиналғанда көмек сұрап, сая іздеп келеміз. Біз хабарсыз кетіп, қал-жағдайын білмесекте, қайтып келіп не сұрасақта әке-шешеміз тек біздің бақытты жүзімізді көру үшін қолдарындағы барын бізге береді. Не жұбай, не бала, не достар ешқайсы бізді ата-анамыздай жақсы көріп, біз үшін өздерін құрбан ете алмайды. Сол себепті де «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында» екенін естін шығармайық.

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары