Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Уақыттың қадір-қасиеті
20 қаңтар, 2021 жыл 253 Басып шығару нұсқасы

Ең әуелі бізді өз мейірімділігімен жаратқан, кеңшілігімен нығмет берген Аллаға сансыз мақтау мен мадақтар болсын! Исі мұсылманға Темірқазық болған, Алланың ақ дінін арқалаған ардақты Пайғамбарымызға сансыз салауаттар мен сәлемдер болғай!

Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Егер Алланың нығметтерін санамақ болсаң, есебіне жете алмайсың» дейді. Сол нығметтердің бірі − уақыт. Дінімізде уақыт мәселесіне ерекше маңыз берілген десек артық айтқандық емес. Дін мәселелеріне көз жүгірткенде көптеген нәрсенің уақытпен тығыз байланыстылығын аңғарасың. Шын мәнінде, уақыт бізге емес, біз уақытқа тәуелдіміз. Өйткені уақытты біз қалаған кезімізде ұзартып, қалаған кезімізде қысқарта алмаймыз. Уақыттың өлшемі – Ұлы Жаратушының қалау еркіндегі мәселе.

Уақыттың маңыздылығының бірден-бір көрінісі – Алланың уақытпен серт етуінде. Құран кәрімнің бірнеше жерінде Алла күн, түн, асыр, таң уақыттарымен серт еткен. Тәпсір ғалымдарының түсінігінде егер Алла бір нәрсеге серт етсе, оның ерекше маңыздылығын білдіреді. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) асыл сүннетінде адам ғұмырының қалайша өткендігі жайында қияметте ауыр есепке тартылатынын ескерткен. Қияметте адам баласы жауап беретін негізгі төрт сұрақтың екеуі уақытқа байланысты.  Муаз ибн Жәбәлдан келген хадисте: «Қиямет күні Алланың ешбір құлы өмірін қайтіп өткізгендігі, жастық шағын қалай өткізгендігі, дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қайда жұмсағандығы және алған білімімен не істегендігі жайлы есепке тартылмайынша бір адам да орнынан тапжылмайды» деген.

Уақыт - мұсылманның ең асыл қазынасы, дүние мүлкіне қалай ұқыпты, үнемді болса уақытына одан да ерекше ілтипат танытуы керек. Уақыттың әр сәтінен дүниесі және ақыреті үшін пайда ала білуді үйренуі тиіс.  Мұсылманның сипатынан – әр кез рухани және материалдық тұрғыда дамуын тоқтатпауында. Бөлмедегі жиһаз-мүліктерді өз орнына қойған секілді уақытты да дәл солай орнымен жұмсай білу керек. Ілгерідегі сәләфтарымыз айтқандай: «Уақыт ол қылыш секілді, егер сен оны шаппасаң ол сені шабады» деген. Егер кешегі біліміңізге бүгін еш білім қоспасаңыз, бір ізгі жақсы амал жасамасаңыз, бойыңыздағы бір ұнамсыз қылықты жоюға тырыспасаңыз күніңіз босқа өткені. Бұл жайында Ибн Масғуд былай деп айтқан: «Мен үшін ең өкініштісі күн батып, өлімге бір табан жақындаған сәтімде Раббыма жақындататын амал жасай алмай өткен күнім» деген. Демек, мұсылманның уақыт алдындағы міндеті сол уақытын жүйелей алуында болмақ.

Сәтбаев қаласы

«Балмағанбет Балқыбайұлы» мешітінің

ұстазы Бауыржан Амангелдіұлы

 

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары