Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Тағдырға разы болу
26 қаңтар, 2021 жыл 655 Басып шығару нұсқасы

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

 

Кез-келген адам баласы өмірінің белгілі-бір кезеңдерінде сынақтарға кез болады. Осындай жағдайларда кейбір мұсылмандардың қиыншылық болсын, қуаныш болсын ерекше төзімділікпен, сабырлықпен, қуанышпен және ынта-жігермен қарсы алғанын көріп жатамыз. Бұл кісілер үлкен құпия иелері. Ол құпия – «тағдырға разы болуы» ұстанымы.

 

Мұсылмандар өздерінің айналасындағы ғана емес, дүниедегі барлық үрдістердің Алланың қалауымен орындалып жатқанына сенеді. Бұл туралы Құранда:

 

«Көместің кілттері Оның жанында. Оны Ол, өзі ғана біледі. Және құрлықтағы, теңіздегі нәрселерді біледі. Бір жапырақ түссе де, Алла оны біледі. Және жердің қараңғылықтарындағы құрғақ және жас ұрыққа дейін ашық Кітапта бар» («Ән’ам» сүресі, 59-шы аят).

 

Адам баласы шектеулі уақыт кеңістігінде өмір сүріп, кез-келген оқиғаға тек қазіргі сәттен, өзіндік сана-сезіммен, көзқараспен ғана қарайды. Адамдар болашақты білмейтіндіктен, олар кез-келген жағдайдың ұзақ мерзімде қалай өрбіп, оның негізінде қандай даналық, сұлулық пен жақсылық жатқанын көре алмайды. Алла болса уақытпен және кеңістікпен шектелмеген, Ол «уақыттан тыс» барлық нәрседен хабардар.

 

Тағдыр – бұл Алланың өткен және болашақ оқиғаларды жалғыз сәт ретінде білуі. Басқаша айтсақ, біз үшін алдағы өмір құпия, тылсым. Алайда, Алла – барлығын көріп-білуші, шексіз құдірет иесі. Өткен, қазіргі шақ, болашақ уақыт – бәрі де Алланың алдында аяқталған күйде тұр.

 

Уақыты келгенде, біз өзімізге тиесілі нәрселер жайлы біле аламыз. «Тағдырды тану, оған илану» – тек мұсылмандарға берілген нығмет. Осының арқасында мұсылмандар осы жалған дүниенің барлық қиыншылықтары мен сынақтарына сабыр етіп, оларды төзімділікпен қабылдайды.

 

Тағдырдың мәніне ұмтылған және сынақтың осы ғибратын түсінген мұсылман барлық қиындықтарды, аштық болсын, кедейлік немесе өзге ауыртпалық болсын оң көзбен қабылдап, олардан үлкен рахат алады. Себебі мұсылман баласы, осы сынақтарға сабыр ету арқылы көрсетілген өнегелік құндылықтардың Алла алдындағы дәрежесін түсінеді. Бұл – мұсылмандар үшін берілген ізгілік. Біз ешқашан мазасыздық, стресс сияқты сезімдерге берілмеуге ұмтылуымыз тиіс. Бастапқыда жағымсыз, ауыр болып көрінген барлық оқиғалар түбінде жақсылықпен аяқталады деп сенуіміз керек.

 

Иманның өзегін жете түсінген бабаларымыздың «әр істің бір қайыры бар» деп айтуы да осы нәрсемен тікелей байланысты. Бұл нақыл сөздің негізінде де – Алла тарапынан берілген тағдырға иман, тағдырға разы болуы түсінігі жатыр. Аллаға иман келтіріп, Оған шынайы сеніп, тәуекел еткен адамның бойын ешқашан қорқыныш пен үрей билемейді.

 

Бұндай жандары туралы Құранда:

 

«Күдіксіз сондай: “Раббымыз Алла” деп, сосын тұп-тура кеткендер, оларға; қауіп-қатер жоқ. Әрі олар күйінбейді» («Ахқаф» сүресі, 13-ші аят), делінсе, келесі бір аятта:

 

«Біліңдер! Расында Алланың достарына қауіп-қатер жоқ, әрі олар қайғырмайды. Сондай иман келтіріп, тақуа болғандар. Оларға дүние тіршілігінде де ақыретте де қуаныш бар. Алланың сөздерінде өзгеріс жоқ. Міне ірі қол жетушілік осы» («Юнус» сүресі, 62-64 аяттар), деп айтылады.

 

Кейбір адамдар тарапынан егер Құдай бәрін басқарса, неге жазықсыз адамдардың өліміне, азаптарға, ауруға және зұлымдықтың ең жаман түрлеріне жол береді?, деген сұрақтар қойылады.

 

Алланың қалауымен бұл әлемде болатын қайғы-қасіреттердің себебін адамдар түсінбеуі мүмкін: олардың кейбіреу адамдар үшін сынақ, күнәдан тазару немесе біздің өмірімізді қалпына келтіру арқылы өзгелер үшін ескерту болуы мүмкін. Яғни, жоғарыда айтылып өткендей, ақиқат Аллаға ғана аян және біздің сенімімізге сәйкес, кейбір нәрселерден бейхабар болсақ та, Жаратушы Алланың әділдігіне шүбә келтірмейміз. Бұл сөздерімізге мысал ретінде, «Кәһф» сүресінің 60-82 аяттарында баяндалған Мұса пайғамбар (а.с.) мен Қыдырдың (а.с.) оқиғасын келтірсек болады.

 

Тағдырға разу болудың дініміздегі үкімі қандай? Ислам ғалымдары: «тағдырға разы болу – мустахаб, ал оған сабыр қылу – уәжіп», – деген. Разы болу – болған іске іштей келісіп, өзгеше болуын қаламау, таңдауды Аллаға қалдыру дегенді аңғартады. Ал осы күйге қалай жетеміз деген сұраққа, ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде көрсетілген амал арқылы жауап беруге болады: «Өздеріңнен жағдайлары жақсыларға қарамаңдар. Өздеріңнен жағдайлары нашарларға қараңдар, өйткені бұл сендерге Алланың мейірімін естеріңе түсіреді» (Бұхари мен Мүслим).

 

Алла бізді барлық нәрсені шүкіршілікпен, сабырлықпен қабылдайтын құлдарынан етсін! Әмин!

 

                                                                                            Естай Айтуғанұлы,

 

Теміртау орталық мешіті

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары