Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Тазалықтағы тиянақтылық – мұсылманның игі қасиеті
04 ақпан, 2021 жыл 237 Басып шығару нұсқасы

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

 

         Ислам – тазалыққа негізделген дін. Сол себепті, әрбір мұсылман өзінің жеке бойының тазалығына ерекше мән беріп, ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) асыл сүннетіне сай дәрет алып, аптасына бір рет болсын ғұсыл құйынады.

 

         Бұл туралы Әбу Һұрайраның (р.а.) риуаятында келген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әрбір мұсылман адам жеті күнде (аптасына) бір рет жұма күні шомылуы керек», деп айтқан.

 

         Бұдан бөлек, мұсылман адам тіс тазалағына да ерекше мән беруі керек. Күн сайын мисуакпен, не болмаса тіс щеткасымен тістерін тазалауы тиіс. Ол сондай-ақ жылына кем дегенде бір рет аузын тексеріп тұру үшін тіс дәрігеріне үнемі барып, қаралғаны абзал.

 

         Ардақты Айша анамыздың (р.а.) айтуынша, үйге келе салғандағы және ұйқыдан оянғандағы (мейлі күндіз, мейлі түнде болсын) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алғашқы қолға алар ісі ауызды мисуакпен шаю болған.

 

         Тағы бір хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үмбетіме ауыр соғады-ау демегенімде әр намаздың алдында мисуакпен тіс тазалап тұруды бұйырар едім», деп айтқан.

 

Мұсылман адам тиянақты болып, ерекше ұқыптылықпен барлық киімдерін, тіпті шұлықтарын тазалықта ұстауы керек, оларды мезгіл-мезгіл тексеріп, олардан иіс шықпауын қадағалауы қажет.

 

         Дініміз бізді әрдайым таза болуға, киімдеріміздің хош иісті және денелеріміздің әрдайым балғындық пен тазалыққа ие болуын қамтамасыз етуге шақырады.

 

         Бұл туралы сахаба Әнас ибн Мәликтің (р.а.) былай деген: «Мен пайғамбардың (с.ғ.с.) алақанынан жұмсақ жібек не шәйі матаны ұстап көрген емеспін және Пайғамбардың иісінен жағымды хош иісті иіскеген емеспін».

 

Қасиетті Құранда:

 

«(Мұхаммед Ғ.С.): «Алланың құлдарына көркем етіп шығарған нәрсесін (киімін) және берген жақсы несібелерін кім арам етті» де. ...» («әл-А'раф» сүресі, 32-ші аят), деп айтылады.

 

Демек, шынайы мұсылман киімдеріне мұқияттылықпен күтім жасайды, сол себепті сіздер оның үстінен ешқандай артық нәрсе көрмейсіз. Оған қараудың өзі жағымды әсер қалдырып, ол өзінің бейқам, бей-берекет келбетімен адамдардың көңіліне селкеу түсірмейді. Әрдайым адамдармен кездесуге шықпас бұрын, ол өзінің үстіне сыни көзқараспен қарап, Алла елшісінің (с.ғ.с.) сүннетіне сай ерекше тиянақтылықпен дайындалуы тиіс.

 

Ислам дінін ұстанушылар, кез-келген жерде тартымды көрінуі керек. Өзінің сыртқы түріне мән бермей, шектен тыс қарапайымдылыққа салыну – дінімізге жат қылық. Қарапайымдылықтың үлгісі болған пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзінің ғана емес, отбасы мүшелері мен сахабаларының киімдеріне де мұқият қараған.

 

Алайда, сыртқы келбетіне назар аудара отырып, мұсылман адам ислам дінінде белгіленген тепе-теңдік деңгейінен аспауы тиіс. Мұсылман өзінің сыртқы келбетін күтуге және әр намазда таза, көркем киімін киюмен қатар, исламның шектен шықпауға шақыратын дін екендігін ұмытпайды.

 

Исламның ұстанымдарына сай, киім-кешекке қатысты жоғарыда аталған талаптардан басқа, өзге де талаптар да бар. Бұл рұқсат етілген адал әрі таза жолмен арқылы алынған киімді сатып алу және оны кию, мақтаныштан сақ болу.

 

Тыйым салынған, зиянды жолдармен, өсімқорлықпен, шарап сатумен, құмар ойындарымен, жезөкшелікпен, пара алумен, алдау іс-әрекеттерімен байланысты сатып алынған киімдер қаншалықты сапалы және әдемі болып көрінгенімен, шындығында, оларды кию орынсыз, харам болып табылады.

 

Сонымен, исламның адамның денесі мен киіміне қатысты барлық тазалық нұсқамалары қисынды және адамның денсаулығы мен өміріне ерекше ықпал етеді деген қорытынды жасауға болады. Тазалық мәселелеріне өте мұқият қарайтын ислам діні – Алла тарапынан түскен соңғы хақ дін екендігі таңқаларлық емес, өйткені бұл дін адамды өркениеттілікке, кемелдікке үндейді.

 

Алла Тағала баршамызда тазалық мәселесіне ерекше тиянақтылықпен қарайтын құлдарынан етсін! Әмин!

 

Естай Айтуғанұлы,

 

Теміртау орталық мешітінің бас имамы

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары