Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Тіл тазалығы
11 ақпан, 2021 жыл 242 Басып шығару нұсқасы

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

 

Тіл – алып күш-қуатқа ие жүректің айнасы. Демек, жүрегіміздегі нәрсе тіл арқылы көрініс табады. Ашуға булығып, көңілсіздік немесе күйзеліс орын алған кезде, тілдерімізді бақылай алмайтын сәттер осы сөздеріміздің айқын дәлелі.

 

Адам өзінің тілі арқылы Алланың разылығына жетіп, жұмаққа кіруі де немесе керісінше, Алланың қаһарына ұшырап, тозақ иелерінен болуы да мүмкін. Осы тұста қазақ халқының «басқа пәле – тілден» тәмсілін еске салған жөн.

 

Бірде бір бай өзінің жалшысын сынайын деп тақиясын алып, басын сипапты. Сөйтсе, жалшы оған қарап тілін шығара қойыпты. Байдың басын сипағаны: «Басқа пәле неде?», деп сұрағаны екен. Оған жалшының тілін көрсеткені: «Басқа пәле – тілден», дегені екен. Бай:

 

– Таппадың, жалшым, басқа пәле ағайын мен туыстан болады, – дейді. Жалшы өз сөзін дәлелдемек болып:

 

– Жоқ, бәйеке, өйтіп былшылдамаңыз, – деп қалады. Бұрын мұндай сөзді естімеген бай ашуланып, керегенің басында ілулі тұрған сегіз өрме бұзау тісті қамшысына қарай ұмтыла бергенде, жалшы:

 

– Сабыр, сабыр, байеке, айтпап па едім «басқа пәле тілден» деп, енді түсінген боларсыз», – дейді. Сөзден жеңілген бай белге ұрған жыландай сылқ етіп отыра кетіпті.

 

Жоғарыда тіліміз және жүрегіміз өзара тығыз байланысты деп айттық. Демек, айнаны тазалау, сабырлық таныту арқылы жүректің тазаруына да себепші боламыз.

 

Ғұламалар тілімізді 8 түрлі сөзден сақтауымыз керектігін айтқан:

 

1. Өтірік айту;

2. Сөзінде тұрмау, уәдені орындамау;

3. Біреу туралы жаман сөз айту, өсек айту;

4. Біреуді мазақ, күлкі ететін сөздер ету;

5. Боғауыз сөздер айту;

6. Кімге болса да (дұшпаның болса да) қарғыс айту;

7. Негізсіз, пайдасыз пікірталастарға араласу;

8. Тәкәппарлыққа әкелетін өзін-өзі ақтау немесе өзін-өзі мақтау сөздер айту.

 

Бұл рухани кеселдердің өзіндік сипаттары мен емдеу әдістері бар, бірақ тұтастай алғанда жақсы сөздер айтып, тілімізді «таза ұстау» үшін келесі бес қадамды жасауға болады:

 

1. Ақпаратқа ие болу. Жоғарыда келтірілген жағымсыз сөздің 8 түрін есте сақтауымыз керек. Өз-өзімізге сыни қарап, тілімізде осы сөздердің белгілерін байқасақ, онымен күресуге тырысуымыз керек.

 

2. Үнсіздік. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.ғ.с) былай деген: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, көршісіне зарар бермесін. Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын жақсы күтсін. Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін» (Бұхари). 

 

Халқымыздың «аз сөз – алтын» деген нақылы осыдан шықса керек. 

 

3. Нәпіл ораза ұстау. Оразаның кез-келген түрі адамды сабырлыққа, төзімділікке үйретеді.

 

4. Қоршаған ортаңызға өзгеріс енгізіңіз: Жаныңыздағы адамдармен жақсы тілектестікте болыңыз, оларға жақсылық жасаңыз. Қонақ болсын, өзге жиын болсын ғибратты, тұщымды әңгімелер айтуға тырысыңыз.

 

5. Зікір айтыңыз. Жоғарыда келтірілген 4 қадамды игергеннен кейін, зікірді көбейтіңіз. Алланың қалауымен, Оның көркем есімдері арқылы тіліңіз түзеліп, жақсы сөздер айтуға ұмтылып тұрады.

 

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде: «Кімде-кім екі бұты мен екі жағының арасындағыға ие болса, соған Жәннатты кепілдік етемін», деу арқылы әр мұсылманды тілінен шыққан сөзге ие болуға шақырған.

 

«Айтылған сөз – атылған оқ» екендігін ескере отырып, әрбір сөзімізге абай болып, кез-келген адамның көңіліне қаяу түсірмеуге тырысайық. Тәнімізге – Алла Тағаланың аманаты ретінде барынша қырағылық танытып, тілімізді күпірліктен, ғайбат-өсектен және өзге де жағымсыз сөздерден таза ұстайық.

 

Алла тілімізді жамандық атаулыдан тазартып, оны көркем түрде пайдалуға нәсіп етсін! Әмин!

       

       Естай Айтуғанұлы,

 

Теміртау орталық мешітінің бас имам

Ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары