Иә, Абай Құнанбайұлы өз шығармаларында уақытша дүние тіршілігін де сонымен қатар мәңгілік өмір тақырыбындағы ақырет, махшар мәселелерін кеңінен қамтыған тұлға. Бұл мәселенің астарында хәкімнің адамзат баласының болашағына алаңдаушылық білдіруі жатыр. Бұл туралы өзі де айтады:
Ол күндер – өткен күнмен бәрі бір бәс,
Келер, кетер, артына түк қалдырмас.
Соның бірі – арнаулы таусыншақ күн,
Арғысын бір-ақ Алла біледі рас.
Тәннің тілеуін тілеп, оның жолына түскен қауым біржола құриды, жанның жолына түскендері екі дүниелік бақытқа қол жеткізеді. Адамзат баласының игілігі жолында хәкимдер Күлтегінше айтқанда, күндіз отырмайды, түн ұйықтамайды. Жаратылысқа қарап, дүниеден себеп іздеп, оны жаратқан Жаратушыны тануға ұмтылады. Сол Жаратушының дүниені һәм адамды не себеппен жаратқанын ізденеді һәм сол ұлы миссияның жолына түседі. ақынның шәкірті Шәкәрім осы күрмеулі сұрақтың жауабын:
Әлемдегі діндердің түп мақсұты
Үш нәрседе бұлжымай құшақтасар:
Құдай бар, ұждан дұрыс, қиямет шын,
Еш діннің мақсұты жоқ мұнан асар, – деп береді.
Ал Абай әлемнің Жаратушысы хақында былай деп тебіренеді:
Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ,
Мүмин болсаң, үйреніп, сен де ұқсап бақ.
Құран рас, Алланың сөзі дүр ол,
Тәуилін білерлік ғылымың шақ.
Білім иесінің ендігі мақсаты оқырмандарына әуелден мінсіз болған Раббымыздың сипаттарын баяндауды жөн санайды. Өйткені бұл бағытта профессор Мұхтар Әуезовтің: «Абайға шығыстан кірген бұйымдардың басы Ислам діні», – деп нақты тұжырым жасауының өзі жеткілікті. Өйткені Ислам діні – ақиқаттың діні, ең бастысы – Алланың діні. Ислам – Аллаға апарар жол. Абайтану мәселелеріндегі күрмеулі де, күрделі болған Алланы тану тақырыбында азды-көпті білгенімізді айттық. Ендігі кезек сол ұлық болған Жаратушының сипаттарын танып білуге ұмтылу.
Хакім «Китаб тасдиқ» шығармасында: «Алла Таъалаға ұхсай алам ба?» деб наданлықмәнән ол сөздән жиіркәнба, ұхсамақ – дәл бірдейлік даъуасы бірлән емас, соның соңында болмақ. Аның учүн Алла Таъаланың сифатлары: Хайат, Ъилм, Қудрат, Басар, Сәмиъ, Ирада, Кәләм, Тәкуин», – деп сегізін шегелейді. Жаппар Жаратқанның сипаттары хақында тек Абай хәкім ғана емес, қазақтың алғашқы педагогі Ыбырай Алтынсарыұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы секілді тұлғалар да қалам тербеді. Мүжтаһид ғалым Әбу Ханифаның «әл-Фикх ул-Акбар» атты теңдессіз еңбегі де елеулі орынға ие. Бұлай деуіміздің басты себебі, Абай Құнанбайұлы осы еңбекті білген һәм қажетіне пайдаланған деуге де негіз бар. Өйткені хакім көрсеткен сипаттар Әбу Ханифаның кітабында көрініс табады және ұқсастықтар да жиі орын алады. Айтпағымыз Абай хәкім де осы кітаптан сусынданғаны бек мүмкін. Сондай-ақ ғалым, исламтанушы Р.Батталұлының «Ақида сабақтары» кітабында да Хақтың сипаттарын кемеліне келтіре талдаған десек, артық айтпаған болар едік. Біздің мақсат – осы еңбектерге сүйене отырып Жаппар иеміздің сипаттары туралы шарық-шамамыздың жеткенінше қаузап шығу.
Исламда Жаратушы Жаппардың сипаты затия һәм субутия деп екі топқа бөлінеді. Яғни Абай да бұл туралы: «Худай Табарака уа Таъала китабларда субутиа сифатлар бірлән, уа тоқсан тоқыз асма ул хүсналар бірлән білдіргән. Бұларның һәммасы Алла Таъаланың затиа, субутиа, уа фиълиа сифатлары дүр», – деген түсініктеме береді.
Сонымен затия сипатына Шәкәрім қажы былай деп анықтама береді: «Алла Тағала жалғыз, не серігі жоқ, не теңдесі, ұқсасы жоқ және еш нәрсе ұқсамайды. Кітапта (яғни Құранда) бұл алты сипатын «затия сипаты» дейді. Олар мынау: бар, өздігінен бар, бұрыннан бар, жоқ болмайды, жалғыз, еш нәрсеге ұқсамайды».
Ал субутия сипатына: «бұлардан басқа кітапта (Құранда) субутия деген сегіз сипаты бар. Олар мынау: тірі, білімді, құдіретті, талап қылушы, яғни бір нәрсенің болғанын ұнатушы, болғызушы, яғни бар қылса да, жоқ қылса да сөйлеуші, естуші, көруші. Бірақ бұл сипаттары адамдарға ұқсамайды», – деген анықтамасы Абай шығармашылығымен үндесіп тұрғанын анық әрі айқын аңғаруға болады.
Алла ішіңді айтқызбай біледі ойла,
Пендесіне қастықпен кінә қойма, – деген мысалының өзі-ақ «ғылым» сипатының мәні мен мазмұнын екшеп, түсіндіріп береді. Бір ғана мысал келтірейік, біз «жеті қабат жер» деген ұғымнан естіп болса да әм титімдей болса да хабардармыз, алайда «жеті қабат аспан» дегеннің не екенін білмейміз, көрмегенбіз одан хабарсызбыз. Ал Алла осыларды шеті жоқ шексіз білімімен біледі дегенді білдіреді. Өйткені ол – Жаратушы. Қасиетті Құранда: «Ғайыптың кілттері Онда (Аллада), оны тек Ол ғана біледі (басқа ешкім білмейді). Ол құрлықтағыны да, теңіздегіні де біледі. Оның білуінсіз бірде-бір жапырақ түспейді. Жердің қараңғылықтарындағы бір дән болсын, сулы немесе құрғақ нәрсе болсын, барлығы да анық Кітапта (жазулы)» («Әнғам» сүресі, 59-аят). «Сендер сөздеріңді жасырсаңдар да, не оны жарияласаңдар да, әлбетте, Ол (Алла) – көкіректердегіні (жүректердегіні) білуші» («Мүлік» сүресі, 13-аят).
«(Ей, Мұхаммед!) Алланың аспандардағы және жердегі нәрселерді білетінін көрмедің бе (білмедің бе)? Үшеу құпия сөйлессе, Ол төртіншісі, бесеу сөйлессе, Ол алтыншысы болады. Әрі бұдан аз не көп болса да, олар қайда болмасын Ол әлбетте олармен бірге. Содан кейін Ол Қайта тірілу күні оларға істеген іс-амалдарының хабарын береді. Ақиқатында Алла – барлық нәрсені Білуші» («Мужәдәлә» сүресі, 7-аят).
Әне шын ниетімнен орнын тауып, бір құдайдың разылығы үшін өнер қылғандарға айтар дейді: «Сендер бір ғана менің разылығымды іздеп малдарыңды, өмірлеріңді сарып қылып едіңдер, мен разы болдым. Сіздерге лайықты құрметті орным бар, дайын, кіріңдер! Һәм ол разылықтарыңнан басқа осы махшар ішінде, сендердің осы қылғаныңа өзі қылмаса да, іші еріп, ынтық болған достарың табылса, шафағат қылыңдар», – деген ғақлиясында ақын Жаратушының ақыреттің күнінде құлдарымен сөйлесе отырып амалдарын таразыға тартатынын келтірген. Алланың өзі кітабында айтқандай: «(Ей,Мұхаммед!) Айт: «Егер де теңіз Раббымның сөздерін (жазатын) сия болғанда, тіпті тағы қосымша сол секілдіні әкелсек те Раббымның сөздері таусылудан бұрын теңіз таусылар еді», – десе, («Кәһф» сүресі, 109-аят) осы аяттың шархын ғалымдар: «Аса ұлы Алланың сөзінің соңы да шегі де жоқ. Аса ұлы Алланың әрбір сипаты сондай шексіз. Егер әлем мұхиты сия болып, ал жердегі барлық ағаштар қалам болғанда да сия таусылып, қаламдар түгейтін еді», – деп тәпсірлеп түсіндіреді.
Абай жиырма жетінші сөзінде Сократ арқылы осыған үн қатады: «Сонда Аристодим тахқиқ ойлап тексергенде, адамды жаратушы артық хикмет иесі екендігіне һәм махаббатымен жаратқандығына шүбәсі қалмады.
– Олай болғанда және не ойлайсың, һәмма мақұлыхатты жас балаларына елжіретіп, үйірілтіп тұруын көргенде уа һәмма мақұлыхаттың өлімін жек көріп, тіршілікте көп қалмақтығын тілеп, ижтиһат қылуын көргенде өсіп-өнуінің қамында болудан басқа істі аз ойламақтары – бұларының бәрі жұрт болсын, өссін, өнсін үшін. Солардың жаратқанда көңілдерін солайша ынтықтандырып қойғандығы һәм мұның бәрі жақсы көргендігінен екенін білдірмей ме? – деуі жоғарыдағы аяттың «сендер үшін» деген сөзімен пара-пар келетіндей. Иә, Алла он сегіз мың ғаламдағы ғаламзаттың ішінен адамды артық көріп жаратты, көркем бейнеде жасады. Осыншалық құдіретке ие болған Жаратушы хақында Абай Құнанбайұлы:
Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін,
Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.
Көптің қамын әуелден тәңірі ойлаған,
Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін, – десе, адамды артық қылып жаратқан Құдіретті Алласын танысын, оған махаббат қойсын деген ниетпен:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті, – деп кейінгі буынға даналықтың дәнін себеді. Абай хәкім адамзатты махаббатымен, білімімен жаратқан Алланы сүй, адамзатты сүй һәм Хақтың әділетін сүй деп шегелеп отыр. Және осыған ұқсас бір өлеңінде:
Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа?! – дегенінен-ақ мына дүниедегі бақытты да, баянды ғұмыр кешудің жұмбағын шешіп береді. Құдайды жанымыздан артық сүйіп, оның шексіз, хикмет ілімін сезіне алсақ, дүниеде одан асқан қызықтың жоқ екенін мөрлеп береді. Алланың хикметі – терең. Тіршілікте тереңге бет қоймасақ, ғұмырдың несі сәнді, несі баянды? Өйткені Тәңір біреу-ақ, жалғыз. Мұны Абай да мойындайды, қуаттайды:
Күні-түні ойымда бір-ақ тәңірі,
Өзіне құмар қылған оның әмірі.
Халиққа махлұқ ақылы жете алмайды,
Оймен білген нәрсенің бәрі – дәһрі.
Бұл өлең жолдары тікелей қасиетті Құранның «Ықылас» сүресіне барып тіреледі. Онда Хақтың жалғыздығы төмендегіше сипаталады: «(Ей, Мұхаммед!) Айт: «Ол, Алла – Ахад (Жалғыз). Алла – ас-Самад (Мұқтажсыз, ал барлық жаратылыс Оған мұқтаж). Ол тумаған және туылмаған. Әрі Оған ешкім тең емес» («Ықылас» сүресі, 1-4 аяттар).
Қанша дегенмен Абайдың құдайтану ілімі және оның сипаттары туралы жазғандары Ислам әлемінен соның ішінде Құран ғылымынан алынған нәр екенін оқырман жұртшылық білуі тиіс. Ал Абай сол қасиетті кітап арқылы кейінгі буынға Жаратушы хақында орасан еңбек қалдырды. Оның жалғыз екенін мойындауға шақырды. Сондай мақсатпен ғұмыр кешті. Өйткені Абай, хадистің сөзімен айтқанда, Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шынайы мирасқорлары қатарынан еді.
Әзімхан ИСАБЕК,
Гуманитарлық ғылымдар магистрі
muftyat.kz/
Пікірлер