Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Тәбәссүм деген не?
16 ақпан, 2021 жыл 343 Басып шығару нұсқасы

Тәбәссүм – қатты дауыс шығармастан, тістерінің бір бөлігі ғана көрінерліктей езу тарта күлімдеу, сүйкімді ғана жымию. Тәбәссүм – сүйікті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннеті. Тәбәссүм – садақа.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) адамдардың ең көркем мінездісі еді әрі қатты зардап шексе де, үнемі күлімдеп жүрген.

Хазіреті Айша анамыз (р.а.) Пайғамбарымызды (с.а.у.) еске алып:

«Алла Елшісінің (с.а.у.) тамағындағы тілшігі көрінетіндей қарқылдап күлгенін еш көрген емеспін. Ол тек қана тәбәссүм ететін», – дейді (Бұхари, «Әдеп», 68; Мүслим, «Истисқа», 16).

Демек, күлудің де өзіндік әдебі бар. Пайғамбарымыздың күлу әдебінен мұсылманға қарқылдап күлу жараспайтынын білдік. Хазіреті Мәулана Жәләләддин Руми: «Адамдардың қалай күлгенінен әдебін, не нәрсеге күлгенінен ақылын бағамдаймын», – дейді.

Күлімдеу мұсылманның байсалдылығын, салмақтылығын көрсетеді.

Қарқылдап күлу көп жағдайда адамды ғапылдыққа түсіріп, оның бұл әлемге сынақ үшін келгендігін ұмыттырады.

Көп күлкінің не нәрселерге әкеп соғатынын Хазіреті Омар былай деп жеткізеді: «Күлкісі көбейгеннің айбындылығы азаяды. Көп әзілдескеннің өзі күлкіге қалады. Кім немен айналысса, сонымен танылады. Ұяты азайған кісі күмәнді нәрселерден қашуды азайтады. Күмәнді нәрселерден қашуды азайтқанның да жүрегі өледі».

Күлкі рухани ауру болған ғапылдықты тудырады. Адам күліп-ойнап жүріп алдында күтіп тұрған өлімді, өлгеннен соңғы сұрақ-жауапты, есеп күні мен амал таразысын ұмытып, ғапылдықта қалады. Бұл жайлы Құран Кәрімде де: «Ойнап-күліп, сауық-сайран құрып, ғапылдыққа салынасыңдар», – делінген («Нәжім» сүресі, 61-аят).

Сондықтан да, Пайғамбарымыз (с.а.у.) қарқылдап күліп отырған адамдардың жанынан өтіп бара жатып: «Менің білгенімді сендер білгендеріңде аз күліп, көп жылайтын едіңдер», – деп, оларды ғапылдық ұйқысынан оятуға тырысқан.

Имам Ғазали де өзінің «Ихия улумиддин» атты еңбегінде мына бір қиссаны келтіреді:

Бір адам қарқылдап күліп отырған біреуді көріп:

«Жәһәннамнан құтылғаның жөнінде бір хабар келді ме мұнша күлетініңдей?» – дейді. Әлгі де «жоқ» деп жауап береді. «Онда несіне жетісіп күліп отырсың?» – дейді әлгі де.

Сондықтан да, мұсылманға қарқылдаудан гөрі, күлімдеу жақсы жарасады. Хазіреті Әли де: «Мүминнің тәбәссүмі жүзінде, қайғысы болса, жүрегінде», – деген.

Абдулқадыр Гейлани де: «Мүмин өзгелерге күлімдеген жүзімен қуанышты екенін білдірсе де, ішінде қайғылы. Мүминнің тәфәккүрі, жылауы – көп, күлуі – аз. Тәбәссүмі жүрегіндегі қайғысын жасырып тұрады», – дейді.

Сондықтан да, қарқылдап күлме, тек күлімде. Себебі, тәбәссүм ­– садақа. Абдуллаһ бин Харис те: «Алла Елшісінен көп күлімдеген ешкімді көрмедім», – дейді (Тирмизи, «Мәнақыб», 10).

Сұлтан КЕРІМ

https://kazislam.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары