Адам ата (а.с.) баласына мынадай бес насихатын айтып, оны кейінгі ұрпағына жеткізуді табыстаған екен:
- Ұрпақтарыма өткінші дүниеде рахаттанбасын, өйткені мен жұмақта рахаттандым. Алайда бұл Алла Тағаланың разылығына апармады, мені ол жерден шығарды.
- Әйелдің нәпсіге беріліп, құмартқан әр ісіне бара бермеуін айт, өйткені мен әйелімнің қалауымен тыйым салынған жемісті жедім, кейін қатты өкіндім.
- Бір істі бастамай тұрып, бас-аяғын толық бағамдап, соңына қара, өйткені мен ол істің бас-аяғын алдын-ала ойлағанымда бәлкім мұндай болмас еді.
- Қандай да бір іске ниет еткенде, егер сәл күмән туса, жүрегің алаңдаса шегініс жаса. Өйткені мен тыйым салынған жемісті жерде іштей күмәндандым, бірақ бас тарта алмағандықтан, өкінішке жолықтым.
- Бір істі бастамай тұрып, білетіндермен ақылдас. Егер мен алдын-ала періштелермен ақылдасқанда, өкініш мені бауламайтын еді.
Барлық адамзат баласы Адам атадан (а.с.) тараған. Сол себепті, айтылған өсиет бүкіл адамзатқа тиесілі. Адам атаның (а.с.) осы өсиетіне сүйене амал жасай білген жөн. Қасиетті Режеп айының тұсында осы аймен сабақтасқан өсиет тақырыбына қатысты тағы бір хадисті келтірелік.
Өз уақытсында үнемі Қағбаның жанынан кетпей құлшылық жасайтын бір әйел бар еді. Режеп айы келгенде қатты қуанып, күн сайын он екі рет «Ықылас» сүресін оқитын. Бұған қоса, Режеп айын құрметтегендіктен, жаңа киімдерін былай қойып, ең жұпыны киімін киетін. Сол діндар әйел Режеп айында науқастанып, төсек тартып жатады. Ұлын шақырып, егер көз жұма қалса, өзін осы жұпыны киімімен жерлеуін өсиет етеді.
Ақыры әлгі әйел қайтыс болады. Ұлы шешесі өсиет еткеніне қарамастан, ел-жұрттан ұялып, анасын жаңа киіммен жерлейді.
Біраз күннен кейін ұлының түсіне кірген анасы: «Балам, неге менің өсиетімді орындамадың? Мен саған наразымын», - дейді.
Таңертең ұйқыдан оянған баласы анасының өсиетін орындау үшін дереу қабірге жүгіреді. Қабірді ашқанда, анасының денесін таба алмайды. Есі шығып, не істерін білмеген жігіт қайғырып, басын тоқпақтап жылай бастайды.
Сол кезде әлдеқайдан оған: «Әй, құлым! Режеп айын құрметтеп, оразамен өткізген пенделерді қабірде біздің жалғыз қалдырмайтынымызды білмеуші ма едің?!», - деген дауыс естіледі.
Міне, қараңыз, екі оқиғада да ата-анаың балаға қалдырған өсиеті жайлы. Екі оқиға да да көкірегін қақ жарған өкініш. Біздің ұрпақ, Адам атаның (а.с.) өсиетін орындамай, аманатқа қиянат етсек, екінші оқиғадағыдай жүрегімізді өкініш кернеп қалады. Бірақ, сол кезде бізді Режеп айының қасиеті секілді қандай да бір күш құтқара алар ма екен? Ойланып әрекет етейік бауырлар!
Айтқазин Рауан
Балқаш қалалық орталық мешітінің
наиб имамы
Пікірлер