Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Жақсылыққа шақыру, жамандықтан қайтару
22 ақпан, 2021 жыл 70 Басып шығару нұсқасы

Алла тағала Құран Кәрімде: "Сендер, адам баласы үшін игілікті әмір етіп, қарсылықтан тыятын, сондай-ақ, Аллаға сенетін қайырлы бір үммет болып шығарылдыңдар. Ал, кітап иелері иман келтірсе еді, әлбетте, олар үшін жақсы болар еді. Олардың ішінде иман келтіргендер де бар. Олардың көбірегі бұзақылар" ("Имран" сүресі, 110-аят),– деп Алла тағала рахымына лайық болған құлдары туралы атап көрсеткен.
Атақты тәпсірші, куфалық Әбул-Нәзир Мұхаммад әл-Кәләби осы аят туралы:
– Бұл аят – ізгілік тұрғысынан  алғанда, Мұхаммед (с.ғ.с.) үмметтері орнының айрықша екенін баяндайды. Өйткені, аятта бұл үмметтің, еш шүбәсіз, басқа үмметтерден қайырлырақ екенін білдіретін айқын дәлел бар. Және бұл қайырлылық, басқа үмметтермен салыстырғанда, алғашқы   мұсылмандар мен Ақырзаман (бүгінгі) мұсылмандары арасындағы ұқсастықты дәл көрсетеді. Сондықтан, ізгілік тұрғысынан сахабалардың басқа мұсылмандардан артықшылығы, әрі өзіне тән өзгешелігі болды,– деген.
«Сендер, адам баласы үшін игілікті  әмір етіп, қарсылықтан тыятын… Қайырлы бір үммет болып шығарылдыңдар» деген баяндау, Мұхаммед (с.ғ.с.) үмметінің жоғары тұрғанын көрсетеді. Яғни, олар тек осы сипатқа ие болғанда ғана қайырлы болмақ. Егер бұл сипатты жоғалтса, онда олардан қайырлылық кетеді. Сондықтан, біз осы аятты оқығанда мынадай пікірге тоқталамыз: Алла Мұхаммед (с.ғ.с.) үмметін адамзат үшін адамдардың ең қайырлысы етті. Енді олар баршаны жақсылыққа үндеп, жамандықтан тиюы керек. Алланың әділдік үкімі орнауы үшін, олар имансыздық салдарынан бола-тын әртүрлі жамандықты тыю жолында күрес жүргізеді.
Сондықтан Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адамдардың ең қайырлысы – адамдарға пайдалы болғандар. Адамдардың ең жаманы – адамдарға зиянды болғандары»,– деп ескерткен.
«…Сондай-ақ, Аллаға сенетін...» дегені – Алланың бірлігін, сондай-ақ хазреті  пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.ғ.с.) Алла Елшісі екеніне сеніп, тілмен айтып мойындау дегенді білдірсе керек. Хазреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Алланың Елшісі, яғни Расулы екендігіне сенбеген адам Аллаға иман келтірген болып саналмайды. Өйткені, Алланың Расулына (с.ғ.с.) сенбеу – Оның пайда еткен мұғжизалары (жаратқандары) Алла тағала тарапынан болмағандығын, жаратылыстың өздігінен  пайда болғанын көрсетер еді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис шәріпінде: «Қайсыбіреуің Алла риза болмайтын бір іс-әрекет көріп қалсаң, оны қолыңмен түзет. Егер бұл оған әсер етпесе, онда тіліңмен бұл әрекеттің дұрыс еместігін түсіндір. Егер кімде-кім қолымен немесе тілімен ештеңе істей алмаса, онда ол іштей бұл әрекетті мақұлдамасын. Имандылардың ең әлсіз ісі – осы»,– деп айтқан.
Бұл хадис туралы кейбір ғұламалар: «Жамандықты қолмен тыйып, тілмен түсіндіру – ғалымдарға тиісті, ал ділмен қарсы болу – жай мұсылмандарға (адамдарға) тән»,– десе, басқа бір ғалымдар: «Кім болғанына қарамай, қандайда бір жамандықты болдырмау үшін қолдан келгенінше әрекет ету – әр адамға уәжіп»,– дейді.
Бұл орайда Алла тағала Кәләм шәріпінде: «...Жақсылыққа, тақуалыққа     жәрдемдесіңдер.  Күнәға  және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты» («Маъида» сүресі, 2-аят),– деп қатаң ескертеді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис шәріпінде: «Кім бидғат (шариғаттан тыс) жолдағы әрекетке қарсылық етсе, Алла оның жүрегін өз ықпалына алып, оны иман нұрына толтырады. Кім бидғат етушіге қарсы шықса, Алла оны қиямет күнінің қорқынышынан сақтайды. Кім бір адамды жақсылық жолына салып, жамандықтан қайтарса, ол Алланың, Алла кітабының және Расулының (с.ғ.с.) жер бетіндегі халифы болады»,– деген.
Хузайфа (р.а.) былай дейтін:  «Сондай бір заман келеді, бір бөлек адамдардың пікірінше, маңымызда жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыюшы адам қалмайды, «есек терісін» адал деп есептейтін болады.
Хазреті Мұса (ғ.с.) Алла тағаладан сұрапты:
– Уа, Раббым, мұсылман бауы-рымызды теріс жолдан қайтарып, оған жақсылық етуді үйретіп, жамандықтан қашуды түсіндірген адамның құзырындағы өтеуі не болады?
– Оған бүтін калималарым мен бір жылдық ғибадат сауабын жазамын және оған азап беруден ұяламын,– деп жауап берді Раббым.
Бір құдси хадисте Алла былай дейді: «Ей, Адам ұрпағы, тәубеге кешіккен, қызық қуып, ақиретке құр қол келгендерден болма. Айтқанда сенімділердің сөзін  айтып,  бірақ амалдарында мұнафықтардың ісін істеме, олар Алланың адалынан бергеніне қанағат етпей, арам нәрселерге жақын болатындар... Жақсыларды сүйемін дейтін, бірақ олардың тәрбиесінен ештеңе үйренбеген, сондай-ақ мұнафықтарды жек көремін деп, бірақ олармен бірге жүретіндерден болма. Біреуді жақсылыққа үндеп, өзі жаксылық жасамайтын, оларды жаман істерден тыйып, өзі жаман істерден тыйылмағандардан да болма».
Хазреті Әли (р.а.) Пайғамабарымыздан (с.ғ.с.) естіген мына хадисті жеткізеді:
«Ақырзаманда қасқа (кетік) тісті, бір топ ақылсыз адамдар пайда болады, олар жақсылық жайында айтылған сөз сатады, бірақ айтқандары жүрекке әсер етпейді. Оқтың нысанаға тимей бос кеткені сияқты, (сөздерінің) еш әсері болмайды, ал адамдар діннен шығып жатады».
Расулуллаһ (с.ғ.с.) және бір хадисінде:
«Миғраж кезінде бір топ адамдарды көрдім. Алаудан болған қайшылар олардың дене мүшесін кескілеуде. «Уа, Жәбірейіл, бұлар кімдер?»– деп сұрадым.
– Бұлар – сенің үмметтерің, басқаларға жақсылық үйреткенмен, өздерін ұмытқан хатибтар»,– деді ол.
Сол себепті Алланың кітабында: «Елді игілікке бұйырып, өздеріңді ұмытасыңдар ма? Кітапты оқисыңдар, ойламайсыңдар ма?» («Бақара» сүресі, 44-аят),– деп айтылған.
Қаншама адамдар Алла тағаланың кітабын оқиды. Не істеу керектігін түсініп, үйренген болады, бірақ сол оқығандарына амал етпейді. Мысалы, мұқтаждар мен жетіспеушіліктен қиналып жүргендерге көмек беру керектігін айтады, бірақ өздері мұндай жәрдем көрсетуге пейілді емес. Жақсылыққа бастай білу және жамандықтан қайтару – жақсы істерден, бірақ мұсылманға қай кезде болмасын өз айтқандарына сай әрекет етуі уәжіп болмақ.
Құран Кәрімде: «Мүмин ерлер мен мүмин әйелдер бір-біріне көмекші. Олар дұрыстыққа қосып, бұрыстықтан  тосады. Сондай-ақ, олар  намаздарын толық орындап, зекет беріп, Аллаға, Елшісіне бойұсынады. Соларды Алла мархабатына бөлейді. Расында, Алла тым үстем, аса дана» («Тәубе» сүресі, 71-аят),– делінген.

Алла: «Олар дұрыстыққа қосып, бұрыстықтан тосады»,– деген аятымен мүминдерді мақтанышқа бөлейді. Демек, «жақсылыққа бұйырып, жамандықтан қайтаруға әрекет етпегендер» осы аяттағы мақтауға лайық болған топқа қосылмайды. Сондықтан, Алла тағала «жақсылық жасауға бұйырып, жамандықтан қайтаруға әрекет етпегендерді» айыптап: «Олар бір-бірлерін істеген жамандықтарынан тыймайтын болған. Расында, олардың істегендері нендей жаман!» («Маъида» сүресі, 79-аят)– деп Алла әмірін орындамау қандай нәтиже беретінін атап көрсетеді.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) атақты сахабаларының бірі Әбу ад-Дарда былай дейтін: «Әй, мүминдер, сендер адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйыңдар. Болмаса, Алла залым бір басшыны бастарына пәле етіп жібереді. Ол залым үлкендеріне құрмет, кішілеріне ілтипат жасайды!... Араларыңдағы қалған жақсы адамдарыңыз дұға жасайды, бірақ дұғалары қабыл болмайды. Алладан көмек сұрайды, бірақ көмек келмейді. Жарылқау тілейді, бірақ кешірімділердің қатарына кіре алмайды».
Исламды қабылдаған алғашқы бес кісінің қатарында болған Әбу Зарр Ғиффари келтірген риуаятта: «Әбу Бәкір:
– Уа, Алланың Елшісі, пұтқа табынушылармен болған ұрыстан басқа жиһад бар ма?– деп сұрады Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.):
– Иә, бар, ей, Әбу Бәкір! Жер жүзінде Алланың сондай мүжихаттары бар, бұлар шаһидтерден де құрметтірек. Олар жер бетін айналып, адамдармен бірге ішіп-жеп жүреді. Алла көктегі періштелерден де олар үшін көбірек разы болады, сондықтан Үммү Сәләмә (Пайғамбарымыздың жұбайларының бірі) Расулуллаһ (с.ғ.с.) үшін қалай сәнденсе, жәннат та олар үшін сән-салтанатпен безендіріледі.
– Уа, Расулуллаһ, олар дегендерің кімдер?– деп сұрады Әбу Бәкір. Расулуллуһ (с.ғ.с.):
– Жақсылыққа бұйырып, жамандық-тан қайтарғандар. Алла үшін сүйіп, Алла үшін жек көргендер! Жаным Құдырет қолында болған Аллаға ант ішіп айтайын, алдында айтқан сипатқа ие болған кісілердің орны жоғарырақ. Жәннатта шаһидтерден де жоғары орналасады»...
Тірі кезінде-ақ жәннатпен сүйін-шіленген атақты сахаба Әбу Үбәйда ибн Жаррах бірде Расулуллаһтан сұрады:
– Уа, Алланың Расулы, шаһидтердің қайсысы Алла алдында көбірек шарапатты?
– Зұлым адамдарға олардың істерін бетіне ашық айтып, ол зұлымдарды жақсылыққа үгіттеп, жамандықтан бас тартуға шақырғаны үшін сол адамның қолынан өлім құшқан адам! Ол өлтірілмесе де, зұлым әкімге қарсы шыққаны үшін, өмір-тіршілігі қандай болса да, қалам оған артық күнә жазбас.
40 жыл сахарада қиындық көріп, қиналған израилдықтарды құтқарған Юшә (ғ.с.) пайғамбарға Алла тағала тарапынан уахи келді: «Әй, Юшә, қауымының ішіндегі жақсыларынан қырық мың, бұзықтарынан алпыс мың адамды жоқ етемін!
– Уа, Раббым, бұзықтарды жоқ етуің түсінікті, ал жақсыларды не үшін жазалайсың?– деп сұрады Юшә.

– Олар бұзықтарман бірге жеп-ішеді»,– деген жауап келді.
Анас ибн Мәліктен жеткен риуаятта, біреулер Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) сұрапты:
«Уа, Расулаллаһ, өзіміз жақсылық жасамай тұрып, өзгені жақсылыққа тартпайық, өзіміз барша жамандықтан құтыла алмай тұрып, басқаларға жамандық істеме демейік. Сонда бұл сөзіміз дұрыс бола ма?
– Жақсылықтың түрі көп, жақсылықтың бәрін жасап шығуға үлгермейсің, олай болса, жақсылық жасап жатқан кезде жақсылыққа үндей бер, өзің жамандықтың барлығынан құтылмаған болсаң да, басқаларды жамандықтан қайтаруға тырыс».
Бұрынғы өткен ізгілер балаларына мынадай өсиет айтатын:
«Араларыңда кімде-кім адамдарға жақсылық жасау және жамандықтан бас тарту керектігін айтпақшы болса, алдымен өз нәпсісін сабырмен қаруландырып алсын. Және бұл әрекеттерінің сауабын Алладан күтсін. Кімге Алла беретін сауап нәсіп болса, онда ол адам басқалардың тарапынан болатын теріс жауаптардың ащылығын сезбейтін болады».

Балқаш қалалық мешітінің имамы
             Төлтаев Ербол Мұқанұлы

Ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары