Тілдік нұсқа
Радио

мақала

БАУЫРЛАСТЫҚ
24 ақпан, 2021 жыл 1100 Басып шығару нұсқасы

Исламдағы бірін-бірі жақсы көрудің баспалдағы – адамдардың өзара сыйластығы мен сыпайылығы. Бауырластық тек сөз жүзінде қалып қоймауы қажет. Діндегі жақсы сипаттардың бірі – адамның сөзіне сайкес амал етуі, яғни айтылған сөзді іс жүзінде орындау, қолдану. Ол үшін бізге бір нәрсені жаңадан ойлап шығарудың қажеті жоқ, бар болғаны пайғамбардың көрсетіп кеткен сара жолымен жүру, соған сәйкес амал ету.

Өйткені, дінде «Алла үшін жақсы көру», «Алла үшін дос болу» деген ұғымдар бар. Бұлар адамдардың арасын түрлі жолдармен біріктіреді, жарастырады. Бізде халық арасында «құдай үшін»  немесе «құдайдан қайтады» деген сияқты сөз тіркестерінің де шығу тегі осындай мағынадағы аят-хадистерге байланысты болса керек.

Құран біздің өмір сүру қағидамыз жазылған атазаңымыз. Мұсылман баласы өміріндегі барлық сұрақтарға осы илаһи кітаптан жауап алады. Адамды толғандырған һәм мазалаған сауалдар шешімін осы кітаптан табады. Бұл жақсылық пен жамандықты ажыратушы кітапты оқитын және амал ететін әрбір пенде Алланың ризашылығына бөленері хақ.

Құранда Хұжрат сүресінің 10-аятында  «Шын мәнінде мүміндер туыс қой. Сондықтан екі туыстарыңның арасын жарастырыңдар. Және Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер», деді.

Алла елшісі (с.ғ.с.) діндегі бауырластық жайлы айтқан бір сөзінде «Адамдардың арасында маған жанымен және малымен жәрдем еткен (мен ең көп қарыздар кісі) Әбу Бәкір. Егер мен дос таңдасам Әбу Бәкір менің ең жақын досым болар еді. Алайда, Исламдағы бауырластық бұдан үстем...», деген екен.

Әрине, бір құрсақтан туған бауырлар бір біріне өте мейірімді болады. Алайда, өмірде есейгенде безбүйрек болып кеткендері де аз емес. Бірақ, діні мен ділі бір болғандар араб ақыны айтқандай «бір анадан тумасаң да, саған бауырдай болатын жан бар». Біздің сенімімін бізді бауыр етеді. Бірақ, ол бауырластық біздің қоғамда қаншалықты байқалады. Әрқайсымыз өзіміздің ынсабымыздан: діндес бауырыма қаншалықты көңіл бөлемін? деп сұрақ қойып көрейік.

Абай атамыз өзінің қырық бесінші қара сөзінде осындай махабат адамгершіліктің мазмұны екенін басып айтады: «Адамшылдықтың алды – махаббат, ғаділет, сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, керіспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан тәңірінің ісі».  Ал енді осындай махаббатқа қатысты имам Термезидің жинағында Муғаз ибн Жәбәлдің мынадай хадисі келеді: «Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Ей, Алла! Маған Өз махаббатыңды, Сені сүйген пенделеріңнің махаббатын, Сенің махаббатыңа жақындататын амалды жақсы көруімді нәсіп ет! Махаббатыңды маған салқын судан да жақсы көрсет!», – деп дұға қылатын» – дейді. Демек, махаббаттың діндегі орны айырықша. Қатыгездік, тас жүректік, кешірімсіз болу, мейірімсіздік сияқты т.б. жаман  қасиеттер мұсылман баласына жат.

Мұсылманның мұсылман алдындағы міндетін айқын көрсететін әйгілі хадистердің бірі былай деп келеді: «Мұсылманның бауыры алдында алты міндеті бар. Олар: оның берген сәлеміне жауап беру; шақырылған жерге бару; егер бауыры кеңеске мұқтаж болса, онда оған  шынайы кеңес беру; егер бауыры түшкіріп, «әл-хамду лиллә» (Аллаға шүкір) десе, оған «ярхамука Алла» (Алла сені жарылқасын), – деп жауап беру; егер ол ауырып қалса, оны зиярат ету; егер бауыры қайтыс болса, оның жаназа намазына қатысу».

Әрине, Исламдағы бауырластықтың шарттары осы алты талаппен шектелмейді. Бұлардың тысында да мұсылман бауыры үшін не істеуі қажет екенін көрсететін көптеген хадистер бар мысалы:  «Егер кім сендерден өз бауырын Алла үшін жақсы көрсе, онда оған жақсы көретінін айтсын» (Әбу Дәуіт). Оны Алла үшін сыйлайтынын айтып, жақсы қарым-қатынас жасауға шақырады. Сонымен, адамдар арасында Алланың разылығын қалайтын ізгі кісілер жетерлік. Олардың жақсылары сонша, өзінің қымбат уақытын, маңызды шаруасын екінші орынға қойып, басқа адамның қажеті үшін жеке малын сарп қылады, тамағын береді, үйін ұсынады. Өйткен, бауырына демеу болу, оған жәрдем көрсету – дін исламдағы бауырластық баспалдақтары болып табылады. Егер мұсылман бауыры қиын жағдайға тап болса, басқалары оған қолынан келгенше сөзімен және мүлкімен жәрдем көрсетеді.

Халқымыздың төбе биі Төле би: «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал орнынан тұрып сәлем береді», – деп тегін айтпаса керек. Бұл алыстан жол жүріп келген жолаушыға құрмет, мейманға деген қонақжайлылық әрі мұсылманның кемелдігін көрсетеді. Бұған қоса діндегі сәлем берудің маңызын аңғартқандай. Біздің аталарымыз дін мен дәстүрді жетік үйлестіре білген. Өйткені, келесі хадисте: «Жаным уысында болған Затқа қасам етемін! Сендер иман келтірмейінше жәннатқа кірмейсіңдер. Бір бірлеріңді жақсы көрмейінше иман келтіре алмайсыңдар. Сендерге көмек беретін нәрсе туралы айтайым ба, ол – өз араларыңда сәлемді тарқатыңдар», – деп айтқан.

Алла елшісі кемелдік дәрежедегі бауырластық байланыстың негізін қалай салды? Бұл мәжіліс Анас бин Маликтің үйінде өтті. Онда тоқсан кісі қатысты. Қырық бесі мухажир және тең жартысы ансар еді. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларды бір біріне жәрдем беру негізінде бауырластырды. Тіпті, екі бауырдың бірі қайтыс болған күнде бір бірінің мұрагері болуға құқық берді.

Бұл жөнінде Бухари сахихының, тафсир тарауында Ибн Аббастан (р.а.) мынадай риуаят бар:

«Мұхажирлер Мадинеге қоныс аударып келгенде Алла елшісі (с.ғ.с.) бауырластырған мұхажир ансардың (туысқаны болмаса да) мұрагері болды. Ниса сүресінің «Әке шеше және жақындарыңның қалдырған мұрасына мирасқор еттік» деген аяты түскеннен кейін бұл тоқтатылды. Мұрагерлік тек туысқандар арасында болатын болды. Осымен бауырластықтың мұрагерлігі тоқтатылғанымен, бір біріне жәрдем етуі және насихат етуі жалғаса берді».

Алла елшісінің (с.ғ.с.) бұл ісі тек сөз жүзіндегі ұран болмады. Мұхажирлер мен ансарлар арасындағы бауырластық олардың өмірінің барлық жағын толық қамтыған бауырластық болды. Бауырға айналған сахабалар бір бірінің алдында шынайы жауапкершілікті сезінді. Бұл бауырластықтың бір ақ көрінісін айтсақ жеткілікті. Ансар сахаба Сағд бин Рабиғ өзінің мұхажир бауыры Абдурахман бин Ауфқа өз баспанасымен және мал мүлкімен тең бөлісті. Ал, өз кезегінде Абдурахман бин Ауф рахметін айтып, тек Мадина базарын көрсетуді сұрады. Өзі еңбек еткенді жақсы көретіндігін білдірді. Мұхажир бауырына осылайша малы мен баспанасын ұсынған тек Сағд қана болмады. Барлық ансарлық сахабалар өздерінің мұхажир бауырларына барынша көмек көрсетті.

«Мұсылман мұсылманның бауыры. Ол (бауырына) зұлымдық және сатқындық етпейді. Кім (бауырының) шаруасына жәрдем етсе, Алла оның жәрдемшісі болады. Ал, кім (бауырының) дүниелік бір қайғысын сейілтсе, Алла оның қиямет күнгі қайғысын сейілтеді. Кім мұсылманның айыбын жасырса, қиямет күні Алла оның айыбын жасырады», деген.

Ұлы бауырластықтың белгісі өз бауырыңа пайдалы болуды қалауың. Жеке басыңызға жеткен бір пайдалы нәрсе сізді қалай қуантар болса, діндес бауырыңызға пайдалы болу соншалықты дәрежеде сізді шаттандыруы қажет. Егер діндегі бауырыңызға бір пайда кетіру үшін тер төгетін болсаңыз сіз Аллаға ең сауабы мол ең шынайы құлшылықпен жақындай түскеніңіз.

Дүниенің ауыртпалығы кісі белін қайыстыратындай көп. Ал, қиыншылықтар шұрайлы шөпке де, тілім тілім болған жерге де нөсерлеп жауатын жаңбырша толассыз адамдардың әлін діңкелетіп жібереді. Адам баласы жеке өзі ұзақ уақыт бойы қиыншылыққа төтеп беруге қауқарсыз. Ал, «Жолдасы көптің олжасы көп» дегендей басына түскен ауыртпалықты бауырлары бөлісетін болса, қиындықты оңай жеңеді.

Алла елшісі (с.ғ.с.) досқа көмек беру туралы: «Бауырыңа зұлымдық етіп жатса да, зұлымдық көріп жатса да жәрдем ет», деген екен. Сонда сахабалар: уа, Алла елшісі! Зұлымдық көргенге жәрдем етеміз. Ал, зұлымдық етіп жатқанға қалай жәрдем етеміз?, деп сұрады. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Оның зұлымдық істеуіне жол берме! Міне, бұл сенің жәрдемің», деп жауап берген екен.

 

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары