Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Ұстазға деген құрмет – шәкірт үшін міндет
24 ақпан, 2021 жыл 602 Басып шығару нұсқасы

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

 

Қазіргі кезде, білім алу үшін – қажетті кітаптар мен оқулықтар оқып, белгілі-бір ақпарат жинап, кейін емтихан тапсыру арқылы мамандықтың иесі атану жеткілікті деп ойлайтындар аз емес. Яғни, білім алу мәселесі жақсы есте сақтау қабілеті мен кішігірім еңбекті қажет етеді деген пікір қалыптасқан.

 

Алайда, бұрынғы кездің адамдары, әсіресе ислам ғұламалары, білім жолындағы адамның ең алдымен ұстазына құрмет көрсетуін бірінші орынға қойған. Себебі, ұстазға деген құрмет – алған білімнің берекесінің нәсіп болуының алғашқы сатысы.

 

Ұстаздарсыз, яғни белгілі-бір білімді меңгеріп, оны көз қарашығындай сақтап, шәкірттеріне табыстайтын адамдарсыз шынайы білім алу мүмкін емес. Сол себепті, ұстаздың тұлғасы – қай заманда болсын құрметке лайық.

 

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Ілім үйреніңіздер, ілімге қажетті байыптылық пен байсалдылықты да қоса үйреніңіздер. Сіздерге ілім үйреткен кісіні құрметтеңіздер, сыйлаңыздар», деп айтқан.

 

Бұдан бөлек, Хазреті Әлидің (р.а.): «Кім маған бір әріп үйретсе, соның құлы болуға бармын» деген сөздерімен ұштасатын халқымыздың «Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер» деген нақылы жоғарыдағы сөздеріміздің айқын дәлелі.

 

Шәкірт ұстазына қатысты келесі ережелерді ұстануы міндетті:

 

  • Оқу бөлмесіне кірмей тұрып рұқсат сұрап кіруі керек;
  • Оқу бөлмесіне (аудитория, сынып) кірген кезде ұстазға сәлем беруі керек;
  • Ұстаздың алдына мүмкіндігінше таза киіммен баруы керек;
  • Ұстазға қарама-қарсы отыруы керек;
  • Дәріс барысында сабырлық сақтауы керек;
  • Дұрыс сұрақтар қойып, бірақ ұстаздың сөзін бөліп, кедергі келтірмеуі керек;
  • Ұстаздың сөздерінен қате-кемшіліктер іздемеуі керек;
  • Ұстаздың құпиялары болса, оны ешқашан жарияламауы керек;
  • Ұстаздың отбасына, жақындарына және достарына құрмет көрсетуі керек;
  • Ұстаздың жұмыстарына көмектесуге тырысуы керек;
  • Ұстаздың тірі кезінде де, өмірден өткеннен кейін де оған дұға жасауы керек.

 

Жоғарыда келтірілген ұстанымдар ойдан құрастырылмаған. Ұстазына деген құрметтің арқасында шәкірт қажетті білімге ие болып, даналыққа қол жеткізе алады. Шәкірт ұстазына қатысты өз міндеттерін білуге және оның алдындағы парызын ұмытпауға міндетті. Сондай-ақ, дінге қатысты және білімге қатысты мәселелерде толықтай ұстазына еліктеп, оның бойындағы жақсы қасиеттері мен әдеттеріне назар аударып, өзіне үлгі ретінде қарастыруы керек.

 

Бұдан бөлек, шәкірт ұстазына «сен» деп сөйлемей, әрдайым тек «ұстаз» деп айтуы керек. Тіпті ол болмаған кезде де, оған құрмет көрсетіп, «ұстаз былай айтты» немесе «ұстазымыз былай айтатын еді» деп сөйлеуі тиіс. Ұстаздың әлеуметтік жағдайы қандай болмасын (ол бай немесе кедей), жас немесе ересек болса да, шәкірт одан білім алуы керек. Бұл да қазіргі заманның өзекті мәселелері қатарына жатады.

 

Ғұламалардың айтуынша шәкірт өзінің ұстазы туралы өсек айтпайды, тіпті біреудің айтқанын естісе де, оның сөзіне разы болмайды. Ұстазының алдына шығып жүрмейді және оның орнына отырмайды, дәріс өтетін орынға ескертусіз кірмейді, сондай-ақ ұстазының рұқсатынсыз сөйлемейді. Керісінше ұстазының ашуынан қорқып, оның барлық істеріне көмек қолын созады. Ұстазға құрмет – оның отбасына, жақындарына, достарына деген құрмет.

 

Имам Ағзам Әбу Ханифа (оған Алла разы болсын) ұстазына деген құрметіне қатысты былай деп айтқан: «Арамызда жеті көше болғанына қарамастан әдепсіздік болмасын деп ұстазым Хамидтің үйіне қарай аяғымды созып жатқан емеспін. Қанша жылдан бері әр намаздан кейін ата-анаммен қос ұстазымды да қайырлы дұғама қосып келемін».

 

Ұстазға деген құрметке қатысты ерте заманда орын алған ғибратты оқиғаны мысал ретінде келтірсек. Бір ұстаз мешітте шәкірттеріне сабақ үйретіп жатқан кезде, қайта-қайта өз орнынан тұра береді екен. «Ұстаз, сізге бірдеңе болды ма?», деген шәкірттерінің сұрағына: «Мешіттің ауласында балалар ойнап жүр. Солардың біреуі – менің ұстазымның ұлы. Сол бала мешіттің есігінің жанынан жүгіріп өткен сайын ұстазым есіме түсіп, оған деген құрмет ретінде, орнымнан тұрып жатырмын», деп жауап берген екен.

 

Алла баршамызға ұстаздарымызға өмір бойы құрмет көрсетуімізді, және өзіміздің де лайықты ұстаз атануымызға жазсын! Әмин!

 

Естай Айтуғанұлы,

 

Теміртау орталық мешітінің бас имамы

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары