Тілдік нұсқа
Радио

мақала

ЕҢБЕКҚОРЛЫҚ
09 наурыз, 2021 жыл 198 Басып шығару нұсқасы

Адал жолмен мал табу, қоғамға, отанға адал қызмет ету – Алла Тағаланың адам баласына жүктеген міндеттірінң бірі. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен тер төкпестен, алдап-арбау, түрлі қулық-сұмдық жолдармен тапқан дүниенің хайыры болмасы белгілі.

         Шын мәнінде, кімде-кім бала-шағасын, отбасын асырау мақсатында шынайы еңбек етсе, оның мерейі тасып, мерейі тасатыны сөзсіз. Бұл жөнінде Аллаһ Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

«Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер» - дейді және басқа аятта Алла Тағала:

«Алланың өздеріңе халал әрі таза етіп берген ризықтарынан жеңдер!» - деп бұйырады.

Демек, тіршіліктің қамын жасап маңдай терін төгіп бала-шаға бағу да- құлшылық. «Ер дәулеті – еңбек» демекші, мұсылман үшін өзін және отбасын асырау, адал еңбекпен мал табуы – ғибадаттың біртүрі. Пвйғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с):

«Шындығында, адамның өз бала-шағасына жұмсаған қаражаты – садақа» - деген. Өйткені, бұл да дініміздің бұйрығы.  

Ислам – дүние мен ақырет тізгінін тең ұстаған дін. Яғни иман мен еңбек ету, игі іс істеу – бір-бірінен ажырамас ұғым. Қасиетті  Құран Кәрімде: «Намазды  оқып болғаннан соң жер бетіне тарап, Алланың нығметінен өздеріңе ырыздық-несібе іздеңдер. Алланы көп еске алыңдар, табысқа жетерсіңдер», – деп, құлшылықпен қатар еңбек етуге, адал табыс табуға шақырған («Жұма» сүресі, 10-аят).

Шәкәрім бабамыз: «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа анық бола алады. Олар: адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек», – дейді. Хәкім Абай «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», – деп, еңбек етуге, адал табыс табуға өсиет еткен.

Адал еңбекпен несібесін айыру – пайғамбарлардың жолы. Еңбек етудің артықшылығын Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) да көптеген хадистерінде айрықша атап өткен. Тіпті, табан ақы, маңдай термен табыс табуды Алла жолындағы ерлік іске балаған.

Бірде Пайғамбардың (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) қасынан бір кісі өтеді. Оның бойындағы қайрат-жігерін байқаған Алла Елшісінің (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) сахабалары: «Уа, Расулалла! Мына адам Алланың жолында ма?» − деп сұрайды. Сонда Алла Елшісі (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын): «Егер де ол жас балаларына нәпақа табу үшін жолға шықса, Алла жолында. Егер жасы ұлғайған қарт ата-анасының қамы үшін шықса, Алла жолында. Егер өз басын (тіленшіліктен, кедейшіліктен) сақтау үшін шықса, ол Алла жолында…», − деп жауап береді.

Алланың Елшісі Мұхаммед (с.а.с.) табыс табу үшін адал маңдай термен еңбектенуді жақтап, үмбетін адал табыс табуға ынталандырады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзнің хадистерінің бірінде: «Кейбір күнәларға намаз да, ораза да, қажылық та кәффәрат (өтем) бола алмайды. Ондай күнәлар тек адал маңдай термен табыс табу үшін еңбектенгенде ғана кешірілуі мүмкін», – деп бұйырған.

Ешбір пенде адал маңдай терімен тапқан табыстан артық рызық-несібеге кенелуі мүмкін емес. Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.): «Дәуіт пайғамбар (а.с.) да өзі еңбектеніп, тапқан табыспен күнелтетін» деп, адамның өз еңбегімен табыс тауып, отбасының күнкөрісін қамтамасыз ететіндерге ілтипат жасайды.

Бірде Алланың Елшісі (с.а.с.) Сағыд ибн Муазбен қол алысып амандасып тұрып, қолдарының күстеніп кеткенін байқайды. Себебін сұрағанда, сахаба отбасын адал еңбегімен асырау үшін еңбектеніп жүргенін айтады. Бұл жауапқа Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.): «Міне, Алла тағала осындай қолды жақсы көреді» деп, досының күстенген қолына ілтипат көрсетеді.

Жүрегінде иманы бар адам істеген ісінің қиындығына немесе жеңілдігіне, беделділігіне емес, ең алдымен тапқан табысының адалдығына баса мән береді. Қандай адам болмасын, Алла тағала рұқсат еткен шеңберде адал жолмен күнкөрісін қамтамасыз етуі өте маңызды.

Біздің дана бабаларымыздың пайымдауынша, дүниеде адамзат баласы айрықша қадір тұтатын төрт нәрсе бар. Олар: адамның ерікті, азат болуы, еңбекпен тер төгіп тапқан мал – мүлкінің өз игіліне айналуы, әр адамның туып – өскен, ата – бабаларынан мұра болып қалған өз Отанының, ғасырлар бойы аманат болып келе жатқан дінінің болуы. Қасиетті Ислам діні де адамдардың азаттықта бақытты өмір сүруін, адал еңбекпен тапқан ырысын нәсіп еткенін, Отаны, діні болғанын қалап, оған құрметпен қарайды.

Қазақ халқының ұлы ақыны Абай атамыз айтпай ма: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлы боласың», – деп. Дана халқымызда «Кедейлік кетсін десең, еңбек ет, Молшылық жетсін десең, еңбек ет», – деген.

Дана халқымызда «Еңбек адамды қашан да бақытқа бөлейді», – деген сөз бекер емес. Адал еңбектің арқасында әр адам өз бақытын табады. Өзіне ғана тиесілі, өзіне ғана лайық жолмен жүріп, тірлік жасайды.

Адамдық қасиеттердің бірі – еңбекқорлық екенін насихаттау мақсатында Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Алла Тағалаға «Жалқаулықтан сақта», – деп дұға еткен екен. Әнас ибн Мәлік (р.а) жеткізген бір хадисінде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Уа, Аллам! Мен Сенен уайымнан, қайғыдан, шарасыздықтан, жалқаулықтан, қорқақтықтан, сараңдықтан, қабырғаны қайыстыратын көп қарыздан және дұшпанға таба болудан сақтауыңды тілеймін», – деп дұға жасайтын. Алла Тағала әрбір адамзаттың адал термен тапқан нәпақасының берекесін беріп, сүйікті құлдарының қатарында болуды нәсіп етсін.

 

 

Шет ауданы «Жанқұтты би»

мешітінің бас имамы

 Маханбетчин Берік Алпысбайұлы

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары