Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Адамдарды аңдымау
09 наурыз, 2021 жыл 675 Басып шығару нұсқасы

Әуел баста Алла Тағала адам баласын өзіне құлшылық ету үшін жаратқан. Топырақтан жаралған пендесіне ақыл мен нәпсіні қатар беріп, сынап көру үшін өлшеулі ғұмыр берген. Пенде болған соң нәпсінің талаптарын орындау үшін кейде ақылымызға бағынбай, қателесіп жатамыз. Сондай қателесіп жатқан адамды көргенде, айыбын елге жайып, келеке етпей, керісінше жақсылығын асырып, жамандығын жасыру – біздің мойнымыздағы міндетіміз. Қамшының сабындай қысқа ғұмырымызда  бір-біріміздің қате-кемшіліктерімізге көз жұма қарап, қателескен адамның артын аңдып, айыбын ашудан сақтанып, жақсылыққа шақыру – нағыз мұсылманға тән қасиет. Өйткені Алла Тағала Хужурат сүресінің 10-аятында: «Шын мәнінде мүміндер бауыр» - деп мұсылмандардың ара-қатынасының берік болуының маңыздылығын алға тартады. Сонымен қатар осы сүренің 12-аятында: «Əй, иман еткендер! Бір-біріңді аңдымаңдар (кемшілік іздемеңдер)!» - деп ескертеді. Діндес бауырының кемшілігін іздеп, оны елге әшкерелеуге тырысу – мұсылманға тән қасиет емес.

«Біреудің мінін тергенше,                                   

Жамандығын көргенше

                                         Өз ойыңды мазалап,

                                         Өз бойыңды тазалап

                                         Өзіңмен күрес өлгенше!» – дейді дана бабамыз Шәкәрім Құдайбердіұлы. Расымен де мұсылман адам үшін өзгенің емес, өз бойындағы кемшілігін жоюға күш салып, өзін дамытуға тырысуы -  өзі үшін қайырлы. Себебі, әр адам жеке тұлға. Ол қияметте өзі жасамаған істерге жауап бермейді, тек өзінің тарапынан жасалған іс-әрекеттердің сұрауына жауап береді. Бұл туралы Алланың қасиетті кәламында: «Ешбір күнәһар басқаның күнәсін көтермейді. Адамзат еңбегіне қарай ғана табысқа ие болады. Сөз жоқ, еңбегінің нәтижесін жедел көреді. Содан соң оған еңбегінің бодауы толық беріледі» - делінген. Яғни бізден «Көршің не істеді?», «Досың қалай жасады?», «Туысқаның неге олай етті?» деп сұрамайды. Тікелей өзіміздің амалдарымыздан сұралатынымыз аятта ашық айтылған. Көршіміз, досымыз, туысқандарымыздың әр қимылын аңдып, мазақ ету үшін емес, бәлки сондай жақындарымызға жақсы насихат айтып, тура жолға салуға септігімізді тигізуіміз үшін әрекеттенуіміз – біздің мұсылмандық бейнемізді аша түспек. Дана халқымызда «Нағыз дос досының кемшілігін бетіне баспайды, керісінше оны өзі жасағандай қиналады» деген сөз бар. Біз мұсылмандар үшін діндес бауырының айыбын ашқаннан, күнәсін жасырып, ел көзінен тасада, жеке қалғанда насихатпен ісінің дұрыс емес екенін жеткізу – үлкен сауапты амал. Бұл туралы әз Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадис-шарифінде былай дейді: «Кім бір мұсылманның айыбын жасырса, Алла да сол адамның қиямет күні айыбын жасырады». Мұсылман бауырымыздың айыбын жасыру – бауырымызбен ара-қатынасымызды нығайтып, абыройымызды асқақтатумен қатар қияметтегі пайдасының да ұшан-теңіз екенін осы бір хадис арқылы білуімізге болады. Сондықтан да жақындарымыздың, таныстарымыздың болсын әр қадамын аңдымай, сол уақытымызды өзіміздің құлшылығымызға арнап, бауырымыздың кемшілігін көрсек те, елге паш етуге асықпай, насихат арқылы жеке өзіне жеткізіп, қияметтегі мол сауапқа жетуге асығуымыз керек. Сол амалымыз үшін Алла Тағала баршамыздың біліп-білмей жасаған үлкенді-кішілі күналарымызды жасырып,  қияметте амал дәптеріміз сауапты іске толы болып, жүзіміздің жарық болуын нәсіп еткей!

 

Пайдаланылған әдебиеттер: «Нәжм» сүресі, 38-41 аяттар.

 

Қаражал қалалық мешітінің бас имамы Советов Талғат

 

 

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары