Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Арсыздық
11 наурыз, 2021 жыл 1134 Басып шығару нұсқасы

             Барлық мақтау әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға және Пайғамбарымыз Мұхаммедке салауаттар мен сәлемі болсын. Адам құдіреттілігіне ой жете бермейтін, саналылығының, даналығының, қабілеттілігінің шегі, теңі мен телісі жоқ, киелі де қасиетті, аса күрделі жаратылыс. Әлемдік кеңістікте жасампаз тіршілік иесі ол -  адамзат. Адамға қойылатын басты талап — асыл да ізгі адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген, ұлағатты азамат болып шығу. Өйткені адам — өзінің адамгершілігімен, қайырымдылығымен, адалдығымен және әділеттігімен ардақты. Жаратылыстың барлығы екі қарама-қарсы нәрседен тұрады. Ақ-қара, күн мен түн, ыстық пен суық, жақсы мен жаман. Адам бойындағы барлық жақсы қасиеттер рухтан туындайды, ал жаман қасиеттер нәпсінің көрінісі болып табылады. Адам денесі бір болғандықтан оның ішінде билік үшін үнемі осы екі қуаттың-«рух пен нәпсі» күресі жүріп жатады.Шәкәрім атамыз айтқандай: Адамның ішінде болмайды аласы, Оларды бұзатын нәпсінің таласы. Арлылық – адам бойындағы ең асыл қасиеттің бірі. Арлы кісі ұят, иба, намыс, қанағат, әдеп, шүкіршілік секілді бірқатар игі қасиеттерді бойына жинақтай білген мол парасат егесі. Қазақ халқы талайлы тағдырында сан түрлі қиындықтарды бастан кешсе де, арына дақ түсірмеген текті халық. Артық күлкі, артық ұйқы, артық тамақтың өзін арсыздыққа балаған ата-бабаларымыз ар тазалығына өткір сынмен қараған. Ел ішінде кең тараған «Мал сақтама, ар сақта», «Ердің құны бір ділдә, абыройы мың ділдә», «Ар иманның жолдасы», «Ақылың болса, арыңды сақта, ар-ұят керек әр уақытта» деген нақыл сөздер соның белгісі. Ар-ұят, намысты сақтау әдептіліктің белгісі. Әдептілік деген – үлкенге қамқоршы, кішіге мейірімді бола білу. Ұяты бар адам әдеп сақтай алады. Адам баласының бәрі бұл өмірде бақытты болсам дейді. Сол бақытқа жету үшін қолынан келген бар мүмкіндігін істеп бағады. Бірақ өкінішке орай көбісі ақырет бақытына апарар жолды ұмытып жатады. Пайғамбарымыз: «Кім маған тілі мен ар-намысын (ұятын) қорғау жайында уәде беретін болса, мен оған жәннатты уәде етемін» деген. (Бухари, Риқақ 23) Сонымен қатар, еркектер мен әйелдер арасында ұят, ар-намыс, нәзіктік сияқты сезімдердің орын алуы да өте маңызды. Өйткені, Ислам діні барлық арсыздықтар мен ұятсыздықтарды, бүкіл жаман қасиеттерді харам деп бекіткен ұлық дін. Ибн Аббастан жеткен риуаятта Алланың Елшісі: «Әрбір діннің өзіне тән мінезі бар, Исламның мінезі – ұяттылық,»-деген. (Ибн Мәжә) Ал, Имран ибн Хусайннан жеткен риуаятта Алланың Елшісі: «Ұят тек жақсылық әкеледі»,-деген. Басқа риуаятта: Ұяттың барлығы да қайырлы,-делінген. (Бухари, Муслим) Ұят дегенді қолға ұстауға болмаса да, сезінуге, көзбен көруге әбден болады. Ар-намысына тырысып, ұялғанын жүзінен байқауға болады. Бұған қоса, ата-бабаларымыз ар сақтауда нүктедей пайдаға бола үтірдей иілмеуге, болар-болмас дүниеге бола арын сатпауға, дүниеқоңызданып абырой төкпеуге, сақалын саудалап сүйкімін кетірмеуге, ешкімнің алдында төмендемеуге, шама келгенше кісіге қарыздар боп қалмауға, оның орнына не тілесе де Аллаһтан тілеуге шақырған. Рас, сахабалар арлылыққа қатты көңіл бөлді. Бір-бірін бауыр тұтып, қолындағы байлығын тең бөліскенде де бұл мінезден таймады. Меккедегі мұсылмандар Мәдинаға қоныс аударғанда (һижрет) орын алған мына бір оқиға өте ғибратты. Сол көштен кейін Пайғамбарымыз  мұһажирлар мен ансарларды өзара бауыр етіп жариялайды. Бұны естігенде Сағыд ибн Рәби (р.а.) өзінің дәулетінің тең жартысын жаңадан келген діндес бауыры Абдуррахман ибн Ауфқа (р.а.) бөліп бермек болады. Сонда бұндай жомарт мінезге Абдуррахман ибн Ауф не деп жауап берді дейсіз ғой? Ол бар болғаны сыпайы ғана: «Аллаһ сіздің дәулетіңізге де, отбасыңызға да берекесін берсін. Сіз маған базардың жолын көрсетіп жіберсеңіз болғаны», – деген еді. Ардақты сахабамыз дайын байлықты иеленгеннен гөрі өзі еңбектенгенді артық санаған. Әйгілі сахаба Әбу Хұрайраның да (р.а.) аштықтан көзі қарауытып құлап қалғанның өзінде ешкімнен ештеңе сұрамағаны айтылады. Міне, нағыз арлылық! Хадисте: «Кімде-кім тіленуден сақтанса, Аллаһ оны арлы қылады. Кімде-кім елге қол жаймаса, Аллаһ оның күнін ешкімге қаратпайды. Кім сабырлы болуға тырысса, Аллаһ оны сабырлы қылады. Адам баласына сабырдан үлкен, әрі қайырлы нәрсе берілмеген» делінгендіктен, сахабалар ешкімнен көмек сұрамай, қиындықтарға сабыр етіп, барынша арлы өмір сүруге тырысқан. Арсыздық - ар-намысы жоқ, ұятсыз, абыройсыз адамның адамгершілікке жат кылықтары мен мінез-кұлқы. Абай атамыз: «Өзін-өзі күндейді, Жақынын жалған мінейді, Ол - арсыздық белгісі», - деп айтса, Шәкәрім атамыз: «Айла, өтірік, арсыздық өнер емес, Мен де анаудай болсам деп таласарлық», - деп түсіндірген. Иә, арлылық ең ізгі қасиет десек, арсыздық адамға ешқашанда жақсылық, опа әкелмейді. Арсыз адамның екі дүниесі де қараңғы. Ел де арсыз адамнан қашады. «Ұяттылық, ар-намыстылық, тілге ие болу және ақыл – иманнан. Мұндай адамдардың ахирет қалауы көбейіп, дүние қалауы азаяды.

           Сараңдық, әдепсіздік, арсыздықтан, ұятсыздық пен екіжүзділіктен туындайды. Бұларда дүние қалауы көбейіп, ахирет қалауы азаяды», - деп Ислам ғұламасы Бәйһақи ой тастаса, Тәбарани: «Ер адамдар ар-намыссыз, (жүргіш) болса, жақындары да жаман жолға түсуі мүмкін. Пайғамбарымыз «Сендер арлы болсаңдар, әйелдерің де арлы болады» деген», - дейді. Алла Тағала Құран кәрімнің бірқатар жерінде ар-намысын сақтай алған адамға үлкен марапаттар беретінін уәде еткен. Ал ар-намысын сақтамайтын, (зинақор) адамға жаһаннам азабын білдірген. Алла Тағала арсыздарды адам өлтірген адамдармен бір тұтқан. Мүминдердің сипаттары туралы айтқанда да былай деген: «Мүминдер намаздарын хушумен (ықыласпен) оқиды. Бос, қажетсіз нәрселерден аулақ болады. Зекеттерін береді. Ұятты жерлерін сақтайды. Аманаттарын қорғайды және уәделерінде тұрады.» (Муминун 1-8)Иә, арлылық ең ізгі қасиет десек, арсыздық адамға ешқашанда жақсылық, опа әкелмейді. Сондықтан барша мұсылман бауыр шайтанның азғыруынан аулақ болып, арымызды сақтай білейік.

 

 

Омаров Нұрперзент Еламанұлы

Жезқазған қаласы, «Ахмет Ишан Оразайұлы»

мешітінің бас имамы

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары