Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Тәкаппарлықты Алла сүймес!
19 наурыз, 2021 жыл 863 Басып шығару нұсқасы

Ең әуелі бізді шексіз нығметке бөлендірген Алла Тағалаға сансыз мақтау мен мадақтар болсын! Оң мен солымызды танытқан, ақ пен қараны ажыратып үйреткен сүйікті Пайғамбарымызға сансыз салауаттар мен сәлемдер болғай!

Асыл Ислам дінінде тиылуға қатысты біршама насихаттар айтылған болса, соның ең әуелгісі – тәкаппарлық болса керек-ті. Тәкаппарлық деген не өзі?! Тәкаппарлықтың биік шыңы, өзіңді өзгеден биік санау. Өзгеге жоғарыдан, көкіректі керіп сөйлеу. Адамды менсінбеу, адам құрлы көрмеу, кекетіп, мұқатып кемшілігін бетіне басып, сөзбен жанды жерін шымшып отыру, қысқасы, өзіңді зор, өзгені қор көріп істейтін іс-әрекеттің бәрі - тәкаппарлық болып саналады. Тәкаппарлық- қуыс кеудеден пайда болады. Тәкаппарлық - бұл жаман қасиет!

Тарих беттері шайтанның құрдымға кетуіне осы тәкаппарлықтың себеп болғанын айғақтайды. Тәкаппарлық шайтанға: «Мен Адамнан артықпын»,- деп айтқызған. Оның бұл қылығы Ұлы Жаратушының әмірін менсінбеуге апарып  соғып, мәңгілікке лағынетке ұшырады.

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде «Исра» сүресінің 37-38-аяттарында былай деген: «Жер бетінде тәкаппарланып жүрме! Өйткені сен ешқашан жерді тесіп кете алмайсың және таулардан биік бола алмайсың. Бұлардың барлығы Раббыңның құзырында жек көрінішті жаман қылықтар саналады».

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Жүрегінде тозаңның салмағындай тәкаппарлық болған кісі жәннатқа кірмейді» - деген. Тағы бір хадисінде сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көкіректенгендер тозақ түбінен орын алатынын хабарлаған: «Сендерге отта болатындардан хабар берейін бе? Олар – барлық дөрекі, сараң және өркөкірек тәкаппарлар».

Негізінде бұл хадисті естігенде Алладан шынайы қорқатын құл дереу өзінің ішкі жан дүниесіне үңіліп, тәкаппарлықтың тозаңдай болсын қалдығы болса, тазартуға кіріскені жөн. Сонша жыл намаз оқып, ораза ұстап, құлшылықтарды толық орындап жүрген кезінде осы бір тәкаппарлықтың кесірінен сауабы бүкілімен құрдымға кеткенін ешкім қаламайтыны анық.

Алла тағала жүрегімізден тәкаппарлыққа орын бермесін! Сауабымыз еселеніп, дұғамыз қабыл болған мүминдерден болуды жазсын! Әумин!
 


Сәтбаев қаласы

«Балмағанбет Балқыбайұлы» мешітінің

ұстазы Бауыржан Амангелдіұлы

 

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары