Наурыз – түркі жұртының дәстүрлі Һәм мерейлі мерекесі. Мұсылмандықты бекем ұстанған қазақ халқы бұл күнді ерекше дайындықпен өткізеді. Ақсақалды қариялар, ақ самайлы әже-апалар ақ дастархан жайып, қонақ күтіп, бата береді. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!», – деген тілек-дұғалар айтылатын. Наурыз – бірліктің, ынтымақтың, береке мен татулықтың мерекесі. Бұл күні араздасқандар – адамгершілік, ренжіскендер – рақымдылық жолын ұстанады. Асылында мұсылмандар үшін біреуге ренжуге де, өзгені ренжітуге де болмайды. Алайда осынау ізгілік мерекесінде адамдар кешірімділікке, татулыққа ұйысады.
Бірлік пен бауырмалдықтың, игілік пен ізгіліктің нышаны болған бұл мейрамды халқымыз ерте заманнан ерекше мерекелеп келеді. Наурыз – ұлттық мереке. Сондықтан халқымыз ұлыстың ұлы күнін әрқашан киелі санаған. Жұртымыз бұл мерекені сан ғасырдан бері ата-бабадан жалғасып келе жатқан ұлттық мерекеміз деп тойлайды.Наурыз – достық пен бірліктің, мейірімділіктің мейрамы. Осынау мереке дәстүрімізді жаңғыртып, ұлттық құндылықтарымызды насихаттаудың тамаша мүмкіндігі. Бұл күні жақсы тілек айту, ренжіскендер бір-бірін кешіру, қайырымдылық жасау секілді ізгі амалдар көрініс табады. Әрине, бұдан кейінгі ұрпақ үлкен өнеге алатыны сөзсіз.
Ардақты ағайын!
Алла Тағала ырыздық-несібемізді молайтып, бірлік-берекемізді арттырғай!Наурыз мерекесі құтты болсын! Ақ мол болсын! Жаратушы Иеміз Тәуелсіздігімізді баянды еткей! Халқымыздың тілегі қабыл, мұраты асыл болғай!
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Әмин!
ihsan.kz
Пікірлер