Тілдік нұсқа
Радио

мақала

БАҚПАСА БАЛА КЕТЕДІ...
27 тамыз, 2013 жыл 807 Басып шығару нұсқасы

БАҚПАСА БАЛА КЕТЕДІ...Баяғыда бір патша сол елдің бір данышпанына «баламды өзіңнің тәрбиеңе берсем»-деп келеді екен. Әлгі данышпан: «Балаңа қанша болды?», – деп сұрайды. Патша: «Екі айға енді толды», – деп жауап береді. Сол кезде данагөй қарт: «Балаңның тәрбиесін енді ойлай келсең, онда кеш қалдың», – дейді. Мұнысына түсінбеген патша: «Сіз не айтып тұрсыз? Ана сүтінен аузы кеппеген, буыны қатпаған, бесіктен белі шықпаған балаға тәрбие берудің кештігі қалай?», – деп шамданыпты. Сонда данышпан қария: «Баланы құрсақтан тәрбиелеу керек еді», – деген екен.


Міне, баланың тәрбиесі құрсақтан басталатынын осы бір ғибратты әңгімеден білу қиын емес. Бірақ, қайсымыз бүгінде баланың тәрбиесін ананың құрсағынан бастадық? Ананың құрсағынан бастау деген не өзі? Баланы құрсақтан бастап тәрбиелеу мүмкін бе?
Мүмкін. Әбден мүмкін. Бұған жауапты қазақтың жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейтін сөзінен табамыз. «Бесікті» әркім әрқалай түсінеді. Көбісі бұл бесікті бала жататын ағаш бесік деп ұғады. Оны да дұрыс деп есептеуге болатын шығар. Бірақ, мұндағы бесікті біз баланың ана бойына біткендегі жататын жатырды алсақ, сол дұрысырақ бола ма деп ойлаймыз. Яғни, баланың алғашқы бесігі – ананың аялы құрсағы. Ендеше Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегені, тәрбиенің көзі құрсақ көтеруші анадан басталуы тиіс дегені шығар. Сонда ғана жоғарыда айтқан ғибратты әңгіменің хикметі шешіледі. Осыдан шығып қазақтың «қатынды – бастан, баланы – жастан» деген сөзінің мәні ашыла түседі.
Қазақ қай дәуірде болмасын бала тәрбиесіне айрықша мән берген. Қазақ дүниетанымында «отбасылық институт» ерекше мәнге ие еді. Бүгінде, өкінішке қарай, осы құндылықтарымыздан қол үзіп жатқанымыз жанға батады. Келелі әңгімелерде немересін тізесіне алып отыратын қария жоқ, қызына қырық жерден тыйым салатын әжелеріміздей дария жоқ. Көптеген қарттарымыздың басы әңгімеге емес, шөлмекке шөліркегеннен қосылады. Басы қосыла қалса, сапыратыны ғибратты әңгіме емес, ойын картасы екенін несіне жасырамыз.
Қазақтың дүниетанымы мен болмысы, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі Ислам дінімен астасып жатқандықтан, бала тәрбиесі де діннен тамыр алып, шариғатпен шарттасқан. «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім ізден» дейтін ислам діні білім мен тәрбие бесіктен басталу қажеттігіне меңзейді. Ал білім мен тәрбие қалай берілу керектігін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетінен табамыз. Бұл мақалада біз бала тәрбиесіндегі көбіне елей бермейтін дүниелерді жазуды жөн көрдік.
Ислам діні баланың жүрегіне, ең әуелі, мейірімділік дәнін егуге шақырады. Яғни, әдептің басы – мейірімділік. Мейірімділік ата-ананың баласына деген махаббатынан туады. Былайша айтсақ, бала жүрегіне егілген мейірімділік дәні ата-ананың махаббатымен суғарылғанда ғана өскін беріп, жайқалған мәуелі баққа айналады. Осыдан кейін бала ата-анасына, қоршаған ортасына, адамзатқа мейіріммен қарайтын болады. Ең бастысы, баланың Аллаға деген махаббаты зораяды. Себебі, баланың бойына Алланың «әр-Рахмән» сипаты дариды. Ал мейірімді баладан қастандық шығуы екіталай. Хәкім Абай да өзінің 38-ші қара сөзінде: «Өз пиғылыңды Соған өз хәліңше ұқсатуды шарт қыл. Аллаға ұқсай алам ба деп, надандық бірлән ол сөзден жиіркенбе, ұқсамақ – дәл бірдейлік дағуасы бірлән емес, соның соңында болмақ», – дейді. Сол үшін де Абай Құнанбайұлы:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сенде сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және сүй хақ жолы осы деп – әділетті, – дейді.
Мейірімділік таныту мәселесінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына оқиғасы мысал бола алады, Әбу-Хурайра риуаят еткен хадис: Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қасында отырған Ақрағ ибн Хабистің көзінше немересі Хасан ибн Әлиді (р.а.) емірене сүйген еді. Сонда Ақрағ оған: «Менің он балам бар. Бірақ олардың ешбірін еркелетіп сүйген емеспін», – деді. Бұған Алланың Елшісі: «Мейірімділік танытпаған, мейірімге бөленбейді», – деп жауап береді. Міне, осы хадистен мейірімдіге ғана Мейірімді Алланың нұры жауатынын білеміз.
Айша анамыз жеткізген тағы бір хадисте Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бір бәдәуи келіп: «Сендер балаларыңды сүйеді екенсіңдер, ал біз оларды сүймейміз», – дейді. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с.) «Алла жүректеріңді мейірімнен мақұрым етсе қайтейін», – деген екен. Бұл да мейірімге толған жүрек қана айналасына мейірім шуағын шаша алатынын дәлелдесе керек.
Бұл хадистерден мейірімділік бала бойына сүю арқылы сіңетінін көреміз. Ғаламның Рахым Нұры бір хадисінде былай дейді: «Балаларыңды көп сүйіңдер. Себебі, сүйген сайын жәннатта бір дәреже беріледі. Әрбір дәреженің арақашықтығы бес жүз жыл. Періштелер әр сүйгендеріңді санап, жазып отырады».
Баланың бойына мейірім шуағын дарыту жылы сөз арқылы да жүзеге асатынын ұмытпағанымыз жөн. Жапонияның Эмото Масару деген ғалымы мынандай зерттеу жүргізеді. Ғалым үш ыдысқа бірдей күріш салып, бір ыдыстан су құяды. Сөйтіп, біріншісіне бір ай бойы «рахмет» дейді, екіншісіне «сен ақымақсың» дейді, үшіншісіне мүлдем көңіл бөлмей қояды. Бір айдан кейін қараса, бірінші стақандағы күріш быршып, өткір, хош иіс шығарып тұр. Екінші стақандағы «ақымақ» күріш қарайып кеткен. Ал үшінші мүлдем көңіл бөлінбеген күріш шіри бастаған. Эмото Масару бұл тәжірибеден үлкен сабақ алуға болады деп қорытынды шығарады. Әсіресе, балаларға қарым-қатынас жасаған шақта. «Балаларға көп көңіл бөліп, мейіріммен қарым-қатынас жасау керек, бала сол кезде ғана дұрыс тәрбиеленіп шығады. Ал бақпаған, қарамаған бала бетімен кетеді», – дейді ол. Яғни, қазақша айтсақ, «бақпаса – бала, қарамаса қатын кетеді».
Балаға дұрыс сөйлемеудің, мейірімділік танытпаудың арты жақсы болмайтынын ислам ғұламалары да білген. Бірде бір кісі Абдуллаһ ибн Мубарак хазіретке келіп, баласы бұзық, тілазар болып өсіп келе жатқанын, сөз ұқпайтындығын айтып шағымданыпты. Сонда Ибн Мубарак:
– Сіз балаңызды қарғайтын ба едіңіз? – деп сұрапты.
– Иә, кей-кейде қарғап тұратын едім, – деп жауап беріпті әлгі.
– Онда неге айыпты баладан іздеп жатырсыз?! Негізінде баланың бұзық болуына өзіңіз себепші болыпсыз, – деген екен Хазірет Абдуллаһ ибн Мубарак. Бұл оқиға да жоғарыдағы әңгімеге мысал бола алады.
Мейірімділікке қатысты Пайғамбарымыздың хадистері өте көп. «Мейірімділік танытқандарды Рахман да мейіріміне бөлейді. Жер бетіндегілерге мейірімділік танытыңдар, көктегілер де сендерге мейірімділік танытсын», – дейді Екі Әлемнің Сардары. Сондай-ақ, «Кішілерімізге мейірімділік танытпаған бізден емес» деп мейірімсіздерді мұсылмандардың арасынан аластатады. Ендеше «не ексең, соны орасың» демекші, баланың бойына ата-ана не ексе, соны оратының ақиқат. Сол үшін де дін ислам баланы екі жыл емізуге кеңес береді. Себебі, баланың жүрегі жұмсақ болып, мейірімге толады.
Баланың тәрбиесіне қоршаған ортасының да қатты әсер ететінін ұмытпауымыз керек. Кейде ата-аналар баланың бойынан үйде үйретпеген қылықтарды көріп жатады. Көшеде жүріп тапқан «өнері» басында қызықты болып көрінуі мүмкін, бірақ кейін опық жегізетіндей әрекеттерге тап келтіреді. Сондықтан да, баланы есіктің алдына жібергенде де, балалармен ойнатқанда да қырағылық танытып, ортасына көңіл бөлу керек екенін көп ата-ана ескере бермейді. Қазақ «ұлың өссе, ұлы жақсымен, қызың өссе, қызы жақсымен дос бол» дейді. Сондықтан да, бұл да ата-ананың айрықша мән беретін мәселесі. Өкінікше қарай, бұл нәрсе көбіне назардан тыс қалып жатады. Өмірде мұндай мысалдар жетіп артылады. Бір танысымның балабақшаға баратын баласы бір күні әкесін жақсылап тұрып боқтап, сілтеп жіберіпті. Екі көзі төрт болып, шарасынан шыққан әлгі досым түкке түсінбей сілейіпті де қалыпты. «Үйде боқтайтын ешкім жоқ, бұл қайдан үйренді» десе, бала тәрбиеленсін деп берген балабақшадағы балалардан үйреніп келіпті. Мұнысын «бала тілі бал ғой» деп тыймай, «боқтай берсін» дейтіндер де бар. Осындайда Абайдан асып айтқан бар ма? «Боқта!» деп, біреуді боқтатып, «кəпір қияңқы, осыған тимеңдерші» деп, оны масаттандырып, əбден тентектікке үйретіп қойып, сабаққа бергенде, молданың ең арзанын іздеп, «хат таныса болады» деп, «қу, сұм бол» деп, «пəленшенің баласы сені сыртыңнан сатып кетеді» деп, тірі жанға сендірмей, жат мінез қылып, осы ма берген тəлімің? Осы баладан қайыр күтесің бе?», – дейді Абай Хәкім өзінің қара сөзінде. Сондықтан да, бұның бәрі бей-жай қалдыруға болмайтын мәселе екенін қазақ ұқса керек.
Бала кезімізден бізге «бәрін көріп тұрушы Алла бар» деп кім айтыпты? Баяғыда бір ұстаз болыпты. Әлгі ұстаз өзінің шәкірттерінің арасынан біреуін ерекше жақсы көріпті. Мұны байқап жүретін өзге шәкірттерінің көңілдеріне қаяу түсіп, қызғаныш сезімі жандарын жаралайды екен. Ақыры бір күні шәкірттері жиналып, өздерінің наразылықтарын ұстаздарына айта келіпті. Сонда ұстаздары барлық шәкірттерін жинап алып, бәріне бірдей ешкім көрмейтін, көзден таса жерде тауық сойып әкеліңдер деп тапсырма береді. Ертеңінде сүйікті шәкіртінен басқасының барлығы ұстаздарының тапсырмасын қалтқысыз орындап келеді. Ұстаз жанына жақын тартатын шәкіртінен не себепті тапсырманы орындамай келгенін сұрайды. Шәкірті көзден таса жер таба алмағанын айтады. Бұған басқа шәкірттер ду күледі. Сонда әлгі шәкірт: «Ұстаз, қай жерге барсам да, қандай орын тапсам да, бәрібір Алла көріп тұрады ғой», – депті. Бұл жауапқа дән риза болған ұстаз: «Міне, бұл шәкіртімді осындай жауабы үшін өзгеден ерекше жақсы көрем ғой», – деген екен. Ендеше, баланы басынан Алла көріп тұр деп санасына сіңірсе, бала иманның ихсан дәрежесіне көтеріледі. Жүрсе де, тұрса да, ғибадат қылса да, Алла көріп тұрғанын біледі. Яғни, «Қайда болсаңдар да, Алла Тағала сендермен бірге» деген аятқа мойынсұнған (Хадид сүресі, 4-аят) бала қылмысқа әсте бара қоймас.
Кейде бала жылап болмаған соң «орыс келе жатыр», «бөжей келе жатыр», «итті шақырам», «Иванға алып кет деп айтамын» деп баланы болмашы нәрсемен қорқытып, рухын жасытып тастаймыз. Ал Алладан қорқу деген санасына мүлдем кіріп-шықпайтын болып алады. Мұны да көп ата-ана ескере бермейді. Сондықтан да, бұл да тәрбиенің бір тармағына кірсе жөн болар еді.
Бұның бәрі баланың әдеп пен тәрбиені қалыптастырудың алғышарттары. Осы әдеп пен тәрбие қалыптасқаннан кейін ғана баланы ғылымға үйіп қылу әлдеқайда оңай. Ал Әл-Фараби айтпақшы, «тәрбиесіз берілген білім адамзатқа қауіпті».
Абай Құнанбайұлы әуелі баланың ғылымға деген махаббатын ояту керек дейді. Ол жақсы ата-анадан, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. «Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпенен, яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады», – дейді Абай. Хәкім айтпақшы, ғылым жолы мал аярлық жол емес. «Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма!» (Абай Құнанбайұлы). Ал ғылымның басы – Алланың бар және бір деп танудан басталады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Балаларыңа алғаш үйрететін сөздерің «Лә иләһә иллАллаһ» болсын. Қайтыс болар сәтінде де осы сөзді айтқызуға тырысыңдар», – дейді. Бұл хадис Құрандағы Лұқпан Хакімнің баласына берген өсиет тәрбиесінен негіз алса керек. Хазіреті Лұқпан баласына: «Балам, Аллаһқа еш нәрсені серік етіп қоспа. Себебі, Аллаға серік қосу ең үлкен зұлымдық», – дейді (Лұқпан сүресі, 13-аят).
Ал балаңа дұрыс тәрбие, ақиқат ғылым бермесең, онда баланы жазғыруға қақың жоқ. Кінәні өзінен іздеу керек. Қазақ айтпақшы, «баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болады, құлша тәрбиелесең, құл болады». Ғылымға ауыздандырып, өмірін ғалымдыққа бағыштасаң, сонда ғана бала «жұмақ ананың табанының астында» екенін түсінеді. Сонда ғана ата-ананың разылығын алған бала Алланың разылығын жететінін біледі.
Ендеше, Пайғамбарымыз айтпақшы, «Әкенің баласына жасаған ең жақсы сыйлығы – жақсы тәрбие» екенін ұғынып, хадиске амал етейік.
Бала-шағамыз:
«Мекке менен Мәдине жолдың ұшы,
Алыс сапар дейді ғой барған кісі.
Атаң менен анаңды құрметтесең,
Мекке болып табылар үйдің іші», (Шал Құлекеұлы) – екенін білсін.


Шет ауданы «Жанқұтты би» мешітінің бас имамы
Б.Алпысбайұлы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары