Жастар арасында кездесетін кейбір келеңсіздіктің, атап айтқанда, нашақорлық, маскүнемдік, қылмысқа бейімдік, жұмыссыздық, білімге селқостық, жеке бас мәдениеттің төмендігі секілді бірқатар мәселелерді шешудің бір ғана жолы-рухани, имани иммунитетті көтеру. Расында да, бүгінгі алмағайып заманда бала тәрбиесінің нашарлауы, рухани құндылықтардың әлсіреуі, қоғамда жаман әрекет пен жат қылықтардың көрініс табуы, т.б. осы секілді келеңсіз жайттар жас ұрпақтың бүгінгі рухани және мәдени келбетін қалыптастыруға теріс әсер етіп жатыр. Соның ішінде тоқтала кетсек қандастарымыздың көбінің топ-тобымен жат діннің жетегінде жүргені жасырын емес. Бұған көп нәрсе себеп. Соның бірі кешегі кер замандағы үстемдік еткен жетпіс жылдық діни нигилизмнің салқыны деуге болады. Бұл кезде атеистік танымда тәрбиеленген аға ұрпақ қабір тастан қойма салып, бабалар қорымын темір тажалмен тілгілеп, аңызға айналдырды. Халықты хаққа қарсы қойған Құдайсыз қоғам орнады. Артынша азаттықтың самалы есті. Көп болып аңсаған күн де туды. Бірақ, тәуелсіздіктің елең-алаңында ес жиып, еңсе тіктеу оңайға соқпады. «Шөлдеген жан су көрсе, бас қоймай ма қайнарға»,- деп Абай данамыз айтқандай жылдар бойы рухани сусаған халық бірден дінге бас қойды. Дінсіздік деңдеген елдің ересегінің де, әсіресе жастарының діни санасы тым төмен еді. Соның ішінде ислами тәрбиенің тым төмендігі. Өкінішке орай соңғы жылдары қазақ қоғамында ұлттық тәрбие жүйесі қағажу көріп, тәрбиелік ырғағы бұзылып, бала тәрбиесінің тым нашарлап кеткені белгілі. Оған есірткімен анашаға тәуелділер, ішкілік пен темекіге әуестер, жасөспірімдер арасында бұзақылықтар мен қылмыстың өршіп кетуі т.б. дәлел. Себептерде аз емес. Көбіне іскерге қоймадағы жүгі, саудагерге сатқан малы, шенеулікке шен-шекпеннің қымбат болуы, үй ішіндегі күйбең тіршіліктен шешенің қолының бір босамауы, жұмысбастылықтан әкенің уақыт таппауы т.б. қазіргі уақытта кино мен мультфильмдердің көбі атыс-шабыс, төбелес, қирату, ұру, сындыру, күш көрсетуге негізделген. Ал бұлардың санасы әлі қалыптаса қоймаған балаға зиянды екені бесенеден белгілі.
Дәстүрлі дініміз Исламда жас ұрпақтың санасына ізгіліктің дәнін сеуіп, жеткіншектерді «атаның баласы емес, адамның баласы» болуға баулу айрықша маңызға ие. Жалпы, жұртшылықтың соның ішінде жастардың дінге бет бұруының қоғам үшін пайдасы зор деп айтуға болады. Өйткені, иман ұялаған жерге ырыс, береке даритыны шындық. Бірақ та біздер үшін жалпы қоғам үшін бұл да жеткіліксіздеу, әліде болса дами түсу керек. Соның ішінде айырықша мән беруіміз керек болғаны білім тұрғысынан өзге жұртпен терезесі тең деңгейден табылуымыз тиіс. Өйткені, ақиық елші пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) үмметін тал бесіктен-жер бесікке дейін ілім алуға, ілімге сай амал етуге үндейді. Тағы бір мубарак сөзінде: «Ілім - Исламның өмірі, иманның тірегі. Ешкім сауатсыздығымен құрметті, ал ілімімен масқара болмайды. Бос уақытын ілімге жұмсаған адам құтылады. Салих ғалымдардан болыңдар, егер салих ғалымдардан болмасаңдар, сондай ғалымдардың сұхбатына қатысыңдар, сендерді хидаятқа (тура жолға) қауыштыратын, адасушылықтан алыстататын ілімді тыңдаңдар. Қай жерде ілім бар болса, сол жерде мұсылмандық бар», – делінген. Иә, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай, білім алмаудың кесірінен кейбір жастарымыз өзге ағымның арбауында кетіп жатыр. Жат елдерден келген ниеті бұзық діни топтар қомақты қаржыны да, басқасын да аямастан өзінің тәжірибелі де, таңдаулы миссионерлерін жіберіп, аз уақыттың ішінде мыңдаған қандастарымызды қатарына тартып үлгерді. Бұл да болса сауаттылығымыздың төмендігі. Осы ретте еліміздегі мешіттер жанынан ашылған діни сауат ашу курстары ілім үйренем деген адамдарды тегін қабылдайтынын ескерте кеткенді жөн көрдік. Бұл да болса да- үлкен мүмкіндік.
Қазіргі қоғамда белең алған мәселенің бірі жастар арасында - ажырасудың көбеюі. Әлемде отбасы құндылығының беделі төмендеп, ажырасулардың азаймай отырғандығы да ел болашағына балта шабуда. Шындығында, ажырасу — өте қауіпті дерт.Әсіресе, өзіміздің қаракөз қандастарымыз бен бауырларымыздың арасында мұндай жағдайлардың кездесуі жанымызды жабырқатады. Көп жастар негізінен әлеуметтік қиыншылықтардың кесірінен осындай қадамға амалсыздан барады. Таршылықты сылтауратып, барлық жағдайды қаржыға тіреп қоятындары рас. Ал мәселеге байыппен қарар болсақ, шалыс басатындардың дені имандылықтан, діннен хабарсыздар.Исламның көркем құндылықтарын жете сіңірмегендіктен осындай жағдайға тап болдық. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Ажырасу — бұл Алланың алдында рұқсат етілген амалдардың ішіндегі ең нашары»,- делінген. Бұл да болса кім-кімді де ойландыратын мәселе. Сондықтан бұған қалай тосқауыл қоямыз деген сұрақтардың бір шешімі, жастардың имандылық тәлім-тәрбиесін күшейтіп, оларға отбасының бақытты баянды болуының қаншалықты жауапты іс екенін насихаттауда. Қасиетті Құранда:
وَإِنْ خِفْتُمْ شِقَاقَ بَيْنِهِمَا فَابْعَثُوا حَكَمًا مِنْ أَهْلِهِ وَحَكَمًا مِنْ أَهْلِهَا إِنْ يُرِيدَا إِصْلَاحًا يُوَفِّقْ اللَّهُ بَيْنَهُمَا إِنَّ اللَّهَ كَانَ عَلِيمًا خَبِيرًا
«Егерде екеуінің арасының ашылуынан қауіптенсеңдер, еркектің ағайынынан бір төреші, әйелдің ағайынынан бір төреші жіберіңдер. Егер ол екеуі жарастыруды қаласа, Алла да, екеуінің арасын үйлестіреді. Күдіксіз Алла толық білуші, анық хабар алушы.»-деп өмірде асығыс шешімге бармай, ажырасудың алдын алу керектігін ескертуде. Егер де Аллаһтың бұйрығына амал жасасақ, отбасы шаңырағы шайқалмайды деп сенеміз.
Жанға бататын мәселердің бірі, қоғамның дерті десекте болады. Ол жастар арасында өз-өзіне қол жұмсаушылардың да азаймай тұруы. Ислам дінінде өз-өзіне қол жұмсау айрықша ауыр күнә саналатыны белгілі. Алла Тағала берген жанды Өзі ғана алады. Өз-өзіне қол жұмсау Алланың берген өміріне наразы болу, Жаратқанға қарсы шығу болып саналатыны сөзсіз. Бұл турасында қасиетті Құран кәрімде:
قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿وَلا تَقْتُلُوا أَنْفُسَكُمْ إِنَّ اللَّهَ كَانَ بِكُمْ رَحِيمًا *وَمَنْ يَفْعَلْ ذَلِكَ عُدْوَانًا وَظُلْمًا فَسَوْفَ نُصْلِيهِ نَارًا وَكَانَ ذَلِكَ عَلَى اللَّهِ يَسِيرًا﴾
Алла Тағала былай дейді: «…Және де өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге Мейірбан ғой. Ал кімде-кім дұшпандықпен, зұлымдықпен солай істейтін болса, Біз оны тозақта өртейміз. Олай ету Алла үшін оңай» (Ниса, 29, 30).- деген. Бұл дүниедегі қиындықтардан өзімізге қол жұмсау арқылы құтыла алмаймыз. Бәлкім, нағыз қиындықтар бұл дүниеден өткеннен кейін, Алланың алдына барғанда, «Сен неге өз-өзіңе қол жұмсадың?», «Неге маған қарсы шықтың?» дегенде басталады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «…Ол өзін-өзі өлтірді. Сонда Алла тағала: «Пендем өз бетімен менің алдымнан шықты. Мен оған жәннатты харам еттім»,-деді»,-деген. Тағы бір хадисте:
«مَنْ تَرَدَّى مِنْ جَبَلٍ فَقَتَلَ نَفْسَهُ فَهُوَ فِي نَارِ جَهَنَّمّ يَتَرَدَّى فِيهَا خَالِداً مُخَلَّداً فِيهَا أَبَداً، وَمَنْ تَحَسَّى سُمّاً فَقَتَلَ نَفْسَهُ فَسُمُّهُ فِي يَدِهِ يَتَحَسَّاهُ فِي نَارِ جَهَنَّمَ خَالِداً مُخَلَّداً فِيهَا أَبَداً، وَمَنْ قَتَلَ نَفْسَهُ بِحَدِيدَةٍ فَحَدِيدَتُهُ فِي يَدِهِ يَتَوَجَّأُ بِهَا فِي نَارِ جَهَنَّمَ خَالِداً مُخَلَّداً فِيهَا أَبَداً«. رَوَاهُ البُخَارِيُّ، وَمُسْلِمٌ.
«Кімде-кім таудан құлап, өзін-өзі өлтірсе, ол жәһәннам отында мәңгі-бақилыққа құлайды. Кімде-кім у ішіп, өзін-өзі өлтірсе, жәһәннам отында мәңгі-бақи сол уын қолына ұстап ішіп тұрады. Кімде-кім өзін-өзі темірмен өлтірсе, жәһәннам отында сол темірі қолына ұстап өзін-өзі мәңгі-бақи ұрғыштап тұрады». (Бұхари мен Мүслім риуаят еткен).
Яғни, өз-өзімізге қол жұмсау өте қорқынышты тозақ азабына өз еркімізбен түсумен бірдей болады. Демек, өз-өзімізді өлтіріп ешқандай қиындықтан құтылмаймыз. Қайта одан да ауырына тап боламыз. Сондықтан, соңғы шешімді өзімізге қол жұмсаудан іздемеуіміз керек.
Ел болайық десек алдымен өзімізді, жастарды түзейік сондан соң қоғамымыз түзелер. Сөз соңында бас муфтиіміз
Ержан қажы Малғажыұлының сөзінен қысқаша үзінді келтірсек:
«Дәстүрлі дініміз Исламда жас ұрпақтың санасына ізгіліктің дәнін сеуіп, жеткіншектерді атаның баласы емес, адамның баласы болуға баулу айрықша маңызға ие. Алайда, жастар арасындағы кері құбылыстар мұсылман бауырларымыздың арасында да кездесіп отырғаны жанға батуда. Қазақ қоғамы да осы шындықтармен бетпе-бет келуі жасырын емес. Сергектік жастарға тән қасиет болғандықтан, спортты іні-қарындастарымыздың жан серігіне айналдыра білу де маңызды. Хадистерде жастарды суға жүзу, жүгіру, күрес, садақ ату сынды спорт түрлеріне баулу керектігі айтылса да, бүгінде Ислам әлемі спортта өз биігінен көріне алмай отыр. Ендеше, бізде әлемдік додаларда топ жаратын мұсылман жастарды шығаруға атсалысуымыз қажет. Шариғатымызда ненің харам, ненің халал екені ашық та айқын көрсетілген.Әлемде отбасы құндылығының беделі төмендеп, ажырасулардың азаймай отырғандығы да ел болашағына балта шабуда. Бір сәттік алдамшы сезімге бой алдырып, жоспарсыз жүкті болудың салдарынан жасанды түсік тастауға бейім бойжеткендердің мәселесі де баршамызды ойландыруы тиіс. Өскелең ұрпақты мұндай жаман қылықтардан арылту жолдары қандай? Біз бұл тұрғыда не істеуіміз керек? Ағаштың өзегін құрт жемес үшін діңгегін ақтағаны секілді, ертең жастарымыздың елімізге, дінімізге адал қызмет етуі үшін ислами түсінікті өз деңгейінде қалыптастыруға атсалысқанымыз абзал.»
Дайындаған: Айыпхан Думан
Пікірлер