Табандылық — адамның ұнамды ерік-жігер сапаларының бірі. Табандылық — көптеген ішкі-сыртқы қиыншылық пен кедергілерге қарамастан алдына қойған мақсатына жетуден көрінетін ерекшелік. Мұндай кісі әрдайым қажымай-талмай әрекет етіп, осы жолда кездесетін небір ауыртпалыққа төзіп, оларды бірінен соң бірін жеңіп, мақсатына жетіп отырады. Осындай жағдайда оның ерік-жігері бұрынғыдан да бетер шыңдала, әкетіле түседі. Бұған Ибн Хажардың (р.а) өмірі жақсы мысал бола алады. Өткен замандарда бір медреседе оқитын жетім бала болыпты. Өте білікті ұстаздардан дәріс алса да, қанша талпынса да, сабақты түсінуде қиналып, өзімен қатар оқып жүрген балалардан кері қалып жүреді. Бұл жағдайға өзі қатты қынжылатын. Озат балалар кейде оны келеке ететін.
Бір күні шыдамы таусылып: «Демек, сабақ оқу менің қолымнан келмейді. Мен одан да ауылға барып, егіншілікпен айналысайын» деп ойлап, таңертеңгісін ерте жолға шығады. Ұзақ жол жүреді. Шаршағандықтан жүруге әлі қалмайды. Күннің ысығынан қорғана тынығатын тым болмаса ағаш та шықпайды. Осылай келе жатып үңгірге кезігеді. Жылан немесе жыртқыш аң бар шығар деп кіруге бата алмай кідіргенімен, әлсіздік алға сүйреп қалай кіріп кеткенін аңғармай қалады. Қорқатындай ештеңе жоқтығына көз жеткізген соң, көңілі жай тауып, созылып жата кетеді. Жатқаны сол еді, төбеден тамшылап тұрған суға көзі түседі. Қанша жылдан бері тамшылап тұрғанын кім білсін, әйтсе де тамған жері ойылып қалғанын қарап таңырқап жатады. Бірден миына найзағай ұрғандай болып, осы құбылылыстан өмірлік серпіліс алады. Қап-қатты тасты, жұмсақ судың тесіп жібергені сияқты, сабыр қылып, тұрақты оқып талпынатын болса, миына бірер нәрсе кірері сөзсіз еді. «Менің басым, мына тастан да қатты емес қой»,- деді өзіне. Маңыздысы осы су сияқты табандылық таныту еді. Дереу орнынан тұрып медресеге қайтады. Табандылық етуі арқылы достарына жетіп алады. Тіпті бәрін басып озғаны соншалық, кітаптары әлі күнге дейін оқылатын ғалым болады. Осы «су мен тастан» алған сабағына байланысты бұл ғалым «тастың ұлы» деген мағынадағы «Ибн Хажар» деп аталып кетеді.
Саналы және бекем түрде тура жолды ұстануға бел буған шынайы мұсылманның басты мақсаты - дінде төзімділікке табандылыққа қол жеткізу болып табылады.
Алланың Хақ дінінде табандылық, төзімділік таныту, тура жолды ұстану, Аллаға бойұсынуда тұрақты болу, күнәдан бойды аулақ салу – мұның бәрі иман тазалығының белгісі әрі сенімді басшылықтың жемісі болып табылады. Осы арқылы адам ұлы игіліктерге қол жеткізеді, Алланың мейіріміне бөленіп, оған Жұмақтың жоғары дәрежесі нәсіп етіледі.
Дінде төзімділік пен тұрақтылық таныту арқылы мүмін адам Алла Тағаладан бұл дүниеде және ақиретте келетін жомарттық пен қамқорлықты көретін болады, иман тәттілігін сезініп, жан тыныштығына кенеледі.
Төзімділік — шынайы ерлік, бұл бойұсыну мен күнә арасындағы айқастың нағыз жеңісінің белгісі. Ислам дінін ұстанудағы табандылық, Алланың қалауымен, адам күнәларының кешіріліп, оның Жұмаққа кіруінің кепілі болып табылады. Төзімді мүміндерге осы дүниеде-ақ періштелердің түсіп, оларды қайғы мен уайымнан арылтып, Жұмақпен сүйіншілеуге және осы дүние мен ақиретте өз сүйіспеншіліктерін білдіруге лайықты.
Аллаһ Тағала өзінің Кітабымен, сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) айтуымен әрі амалдарымен Алла Тағала бізге дінде қалай төзімділік танытудың көптеген тәсілдері мен амалдарын түсіндірген, сөзсіз, бұл Жаратушының бізге қатысты мейірімдерінің бірі болып табылады.
Мына сөздерді жиі айтып Аллаға сиыну: «Уа, жүректерді Өзгертуші! Жүрегімді Өзіңнің дінінде бекем ете гөр!»
Мүміндерге тән міндетті қасиеттердің бірі — жүректерін бекем ете гөр деп Аллаға сиыну. Бұл жөнінде Құранда былай айтылған: «Раббымыз! Бізді тура жолға салғаннан кейін жүрегімізді ауытқытпа. Және бізге өз қасыңнан игілік бер. Күдіксіз Сен өте берегенсің».
Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар өзінің кішіпейілдігімен және рахымдылығымен дін насихаттағандағы табандылығымен сабырлығымен мүміндердің есінде мәңгіге сақталып қалды. Сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бір қолыма Айды, екінші қолыма Күнді берсеңдер де, Алланың дінін түсіндіруден бас тартпаймын», – деп Исламды насихаттауда табандылық пен қажыр-қайраттың тамаша үлгісін паш етті. Өзіне жүктелген міндетке адалдық танытқаны соншалық, түнде ұйқыдан күндіз күлкіден айырылды. Исламның ақ жолында жанын да, тәнін аяған жоқ. Осы жолда олар адамдарды тек Аллаға ғана бойұсынуға шақырды. Расулуллаһтың өмірінің мәні де осы болатын. Соңынан ергендерді жәннатпен қуантса, айтқанына иланбай қасарысып, иман келтірмегендерді тозақпен ескертуге мәжбүр болды.
Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Мен көркем мінезді толықтандыру үшін жіберілдім», - деу арықылы үмбетіне тура жолды көрсетті. Егер біз Құран мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерін басшылыққа алсақ, қателеспейтініміз анық. Алла Тағала барлығымызға Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шынайы үмбеті болып, көркем мінез негіздерін өз бойымызға дарытып, қандай жағдайда да табандылықпен төзімділік танытуды нәсіп етсін!
Маханбетчин Қарубай Берікұлы
Шет ауданы «Жанқұтты би»
мешітінің ұстазы
ihsan.kz
Пікірлер